Адам баласының озық ойлы, дамыған заманының бір күнінде телефон мен кітап өмір сүріпті. Олардың иелері бір болса да екеуі, бірін бірі үнемі жақтырмай жүреді екен.

Бір күні олардың қожайындары алыс сапарға шықпақ болады. Қожайын жиналып жатып үстел үстіндегі телефонды сөмкесіне салып қояды. Мұны байқаған кітап сөреден қарғып түсіп, қожайынның алдына құлайды. Сонда адам «Мына кітапты да ала кетейін» дегендей жерден көтеріп, сөмкеге сүңгітіп жібереді.

Сөмке іші лық толы. Ыстыққа шыдамаған телефон кітапқа ызалана:

– Әй, жапырақ, сен қайдан ғана келдің? Шаң басқан  орныңда тыныш жата бермеймісің? Сарғайған парақтарың көп орынды алып тұрғанын қарашы! Сен ешқайда бармайсың! – деп зекіді.

Кітап та оған қарсы шығып:

– Сенің пайдаң бар ма өзі? Пайдаңнан зияның көп! Адамдарды өзіңе тәуелді етіп, миларын улап жатырсың. Сенің керегің шамалы. Мен емес, сен қаласың! –деп шаң болған мұқабасын қағып жіберді. Осылай екеуі дауласып тұрғанда қожайыны келіп, сөмкесін ұстап үйден шығып кетті.

Теміржол бекеті. Айналада адамның көптігі сонша қозғалу қиын­дап кетті. Қожа­йын­ның жүруі­не сөмке кедергі бол­ған­дық­тан, ол оны чемо­данына іліп қойды. Кенет қатты жылдамдық­пен қозғала бергенде сөмке тұрған жерінен сырғып түсіп қалады. Бұл не болды дегендей телефон мен кітап үрейлене сөмкеден шығып айналасына қараса, адамдардың арлы-берлі өткен үлкен аяқтары зәресін алады. Сол сәтте кітап телефонды жетектей таса жерге жүгіре жөнеліпті. Болған жағдайға ызаланған телефон қыза түсіп:

– Осының  бәріне тек сен кінәлісің. Сенің ауыр салмағыңнан сөмке құламағанда қожайынның қасында болар едім, – деп кітапқа бас салады. Телефонның ашуынан арасындағы кикілжің үдей түсіп, кітаптың бір парағын жыртып жібереді. Өзін қорғамақ болған кітап  телефонды итеріп жіберген кезде телефонның да бір бұрышы сынып кетеді. Осылайша өзіне сенімді болған телефонның қуаты бітіп, өшіп қалады.

Кітап не істерін білмей өкініп отырғанда жыртылған парағына көзі түседі. Парақ бетінде осы қаланың сызылған картасы мен қаламсаппен жазылған үйдің мекен-жайын көреді. Кітап қуанып, «осы менің үйім болар» деген ойға келеді. Телефонды өзімен бірге ала жүріп, әне- міне дегенше үйге жетеді.

Расында, бұл қожайынның үйі екен. Үй есігі жабық болса да, ақылды кітап амалын тауып бір қуыстан ішке кіреді. Жалма-жан телефонды қуаттағышқа қойып, оның қосылуын күткен. Қосылған телефон кітаптан болған жағдай үшін кешірім сұрап:

– Мен сені ұнатпай жүретін едім. Шынында пайдаң зор екен, сен мені арамыздағы болған араздыққа қарамастан құтқарып қалдың, – деп кітапты құшақтайды. Осы күннен бастап екеуі ажырамас досқа айналып, тату өмір сүріпті.

Дана ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,

 Б.Ермекбаев атындағы №271 орта мектебінің оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!