Фото: el.kz

Қазақ халқы қыз баласын құрметтеген. Қызға қатысты елімізде тәрбиелік, тәлімдік мәні бар көптеген салт дәстүр бар. Әрбір дәстүрдің қалыптасуында терең мән жатыр.

Солардың біріне тоқталып кетсек. Қыз жасауы − бойжеткен қыз тұрмысқа шыққанда артынан еріп баратын дүние мүлкі. Қазақ алақанына салып, аялап өсірген қызын жасаусыз ұзатпаған. Қазір тұрмыс-салттың өзгеруіне қарай қалыңдықтың артынан баратын жасау да жаңа дүниелермен толығып, құны аспандап жатыр. Әдетте қыздың жүгі күйеу жігіт берген қалыңмалдың мөлшеріне қарай жасалады. Десе де бүгінде ата дәстүрді орындау мақтану мен бәсекеге айналғандай. Қыз жүгі деп буылып-түйілетін заттардың қатарына тұрмыстық техникалар да қосылды. Осы дұрыс па? Ең бастысы екі жастың бақытты болғаны емес пе? Өзім де қыз баласы болғаннан кейін бұл мәселе жаныма жақын…

Жақында ғана тұрмысқа шыққан құрбымның жасауына 2 миллион ақша жұмсалғанын естіп қатты таңқалдым. Қыз жасауына барлық төсек-орын жабдығын (көрпе-жастық, жамылғы, құрақ көрпе), ыдыс-аяқ, тұрмыстық техника (газ пеші, тоңазытқыш, кір жуғыш машина, қысқа толқынды пеш, теледидар), жиhаз (жатын бөлме мен ас үйге, диван-кресло, үстел-орындық) алған. Әрине жағдайы келсе, жасай берсін. Шама-шарқына қарамастан, бар адаммен бәсеке болам деп, несиеге белшесінен батқандарды да көз көріп жүр. Ата-ананы қатты қинаудың қажетті жоқ деп ойлаймын. Меніңше, қыз шамасы жетсе, өз жасауын өзі жинағаны дұрыс. Себебі, алған заттарды қажетіне жарататын да, ұстайтын да өзі.

Ал ел ішінде «қазан мен пышақты жасауға қоспайды» деген түсінік қалыптасқан. Өйткені қазақ халқы қазанда ырыс пен береке бар деп сенген. Үйімнің ырысы, босағамның берекесі, отбасымның несібесі осында болады деп, өзге-лерге бермеген. Сондықтан ұзатылатын қызға да қазан сый-ламаған. Пышақта да айтарлықтай мән жатыр. Пышақтың жүзі өткір, қауіпті зат болғандықтан, жаңа құдалардың арасына салқындық салмасын, жас келіннің тілі өткір болмасын деп, жаңа құдалар пышақ алғанды ұнатпайды. Оны әкелген күннің өзінде «сатып алу» ырымын жасайды екен.

Отбасының бақыты жасауда емес екі жастың сыйластығында. Қыз жасауын қалай және қанша қаражатқа апарған орынды? Сіз қалай ойлайсыз?

Шаттық НИЯЗОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!