Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізінін қолына алғалы бері халықтың  үлкен жауапкершілігі мен сенімін ақтау жолында ауқымды реформаларға серпін беруде. Мұндай өзгерістер Қазақстанның жаңа бағытта дамуына әсер етіп, елдің болашаққа деген үмітін оята түскендей.

Мемлекет үшін саяси реформалардың орны бөлек. Мұндай күрделі кезеңдерді әділ өткізу халықтың билікке деген сенімін нығайта түседі. Әсіресе осы жолы өткізілетін Мәжіліс және мәслихат депутаттарын аралас сайлау жүйесінің бірнеше артықшылығы болатыны рас. Бұл науқанда сайлаушы партияға дауыс беру арқылы белгілі бір саяси бағдарламаға, сондай-ақ өз аймағынан нақты бір кандидатқа дауыс бере алу мүмкіндігіне ие бола алады.  Нақтырақ айтсақ, 69 депутат партиялық тізімдер негізінде пропорционалды жүйе бойынша, 29 депутат бір мандатты сайлау округтері бойынша сайланады. Сондай-ақ алдағы сайлау жаңа әрі сапалы жағдайда өтуімен ерекшеленеді. Енді Мәжіліс депутаттарының 70%-ы партиялық тізім бойынша, 30%-ы бір мандатты округтер арқылы сайланады.

       Тәжірибеде көрсеткендей, аралас сайлау жүйесі пропорционалды және мажоритарлық тұрғыдан  тиімді саналады. Мұндай сайлау жүйесі Жаңа Зеландия, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Литва, Мексика, Ұлыбритания сынды әлем елдерінде қолданылып келеді. Әр мемлекетте сайлауды өткізудің өзіндік ерекшеліктері мен айрықша белгілері бар десек те,  құрылымы ұқсас. Бұл орайда саяси мүдделердің өкілдігі сақталады және сайлаушының белгілі бір аймақтан сайланған депутатпен байланысы нығаяды. Тағы бір айта кетерлік тиімді тұсы, сайлаушылар енді бір мандатты округ бойынша сайланған өз депутаты егер міндеттерін дұрыс атқармаса оның мандатын кері қайтарып алу мүмкіндігіне ие. Бұл депутаттар жұмысының сапасына, олардың азаматтар үшін ашықтығы мен қолжетімділігіне оң ықпал ететіні анық.

Алдағы уақытта саяси партиялар аймақтық деңгейдегі жұмысты белсенді жандандыруы тиіс. Себебі бір мандатты округтер бойынша сайлау азаматтардың депутаттық орынға таласуына мүмкіндік береді. Сөйтіп, сайлау науқаны нәтижесінде саяси партиялар, белсенді азаматтар мен сайлаушылар қарым-қатынасының жаңа жүйесі пайда болады.

Байқағанымыздай, ел ішінде қолға алынған бұл өзгерістер саяси жүйенің түбегейлі қайта жандандырып, мемлекеттік басқарудың жаңа формасына ауысуына ықпал етеді. Нәтижесінде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласыы шынайы түрде жұмыс істейді.

Мемлекет басшысы қолға алған Жаңа Қазақстан  − халық үніне құлақ түретін азаматтық қоғам. Ал жаңа саяси жағдайға ықпал ететін алдағы сайлау ел үшін қолға алынған елеулі өзгерістердің көрінісі болмақ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!