Ағылшын тілінде «сленг», «жаргон» деген сөздер бар. Олар – фразеологизмге ұқсас, өзіндік лексикалық мағынасы бар, бірақ фонетикалық және грамматикалық жүйеге бағынбайтын сөздер тобы. Былайша айтқанда, сөздердің өзгерген түрі. Әлеуметтік тіл десе де болады. Бүгінде кей жастар осы сленгпен сөйлеуді сәнге айналдырып, оны тіпті мақтаныш көретін болған.

Күнделікті «базар жоқ», «сындырды», «лапша ілді», «құлақтан тепті», «картопты жарды», «тартыл», «қуады екенсің», «бітіп қалдым», «лақтырып кетті», «жыртты», «қоянның суретін салып кетті», «қораға кірді», «балта қадады», «өшті», «мат қылды», «ат екенсің», «күлкіден қырылып қалды», «шашып тастады», т.б. сөздер мен сөз тіркестерін жиі естиміз. Әсіресе, мұны жастар жиі қолданады. Енді бұл сөздердің мағынасын ашып, түсініп көрейік. «Базар жоқ» – айтуға сөзім жоқ, тамаша, өте жақсы, керемет! «Сындырдының» – екі мағынасы бар: жігіт қызды сындырып алды десе, онда ол жігіт қыздың көңілін өзіне аударды, келісімін алды, қаратты дегенді білдіреді. Ал егер ақша сындырды десек, онда күшпен ақша жинап алды деген ұғымды береді. «Лапша ілді, құлақтан тепті, қоянның суретін салып кетті» – алдап кетті, сазға отырғызды, «картопты жарды» – әзілдеді, «тартыл» – қатарға қосыл, кел, «бітіп қалдым» – ғашық боп қалдым, «жыртты» – өз дегеніне жетті, мақсатына қол жеткізді, таңқалдырды, «қораға кірді» – сәтсіздікке ұшырады, «ат екен» десе – сұлуды айтқаны, «прикол ұстады» – мазақ етті, келеке қылды, ал «өшірді» жеңді деген секілді мағына береді.

Бұл сөздерді бәріміз де жиі естіп жүрміз. Бір туысымыздан осының мәнісін сұрап едім, «Трендтен қалмау керек қой енді. Осылай сөйлесең белсенді болып көрінесің» деп жауап берді. Тағы біз біле бермейтін тренд деген бар екен. Ал тілдің тазалығы ше? Таза сөйлейтін адам «трендке» кірмей қала ма?..

Адина ҰЗАҚБАЕВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!