Фото: Қызылорда облыстық ТЖД

KAZINFORM – Қызылордалық құтқарушы Әділет Ораз еліміздің су басқан аймақтарында қызметін атқарып жүр. Әрбір күні өз жұмысын қалтқысыз атқарып, табиғи апат салдарын жоюға белсене атсалысып келеді. 

Соңғы бір айдың ішінде қызылордалық жас құтқарушы әріптестерімен бірге уақытпен санаспай еңбек етті. Осының арқасында қаншама шығынның алдын алып, талай адамның өмірін сақтауға қол ұшын созды.

«Табиғи апат елге көптеген шығын алып келді. Оқиғаның бел ортасында жүреміз. Көзбен көргенді сөзбен айтып жетізу оңайға соқпас. Елестетіп көріңізші, төтеннен төнген қарғын су бірнеше жүз бас жылқы мен сиырды жаңқадай ағызып әкетіп барады. Екпіні тракторды да қалқытады. Енді бірінің баспанасын бел ортасына дейін су басып тұр. Тасқыннан қорғанып кеш батқанша шатыр төбесінде отырып жан баққан тұрғындар әуедегі тікұшаққа жанұшыра қол созады. Олардың барлығына бір мезетте көмек көрсету мүмкін емес. Кезең кезеңімен әр қайсысымызды әр тарапқа ауылға бөліп мүмкіндігінше жедел әрекет етіп ділгір жанға қол созуға асықтық. Алғашында 24 сағат үзіліссіз көмек көрсеттік. Халқымызда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар. Қазір ахуал бұрынғыдан реттеліп келеді. Дегенмен қауіп әлі сейілген жоқ. Бұл мақсатта Атырау өңірінде қызмет атқарып жүрміз. Уақытпен санаспай ел қауіпсіздігі үшін еңбек етіп жатқан әріптестерімнің еселі еңбегін жоғары бағалаймын. Бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», – деді Әділет Ораз.

Жас құтқарушы 1 айға жуық уақыттан бері тасқын суды сейілту мақсатында жұмыс жасап келеді. Оны Әділетті елде анасы, бауырлары, жан-жары асыға күтуде.

құтқарушы
Фото: Қызылорда облыстық ТЖД

Әділет Ораз төрт жылдан бері Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті «Жедел құтқару жасағында» құтқарушы болып еңбек етіп келеді. Ол өзін басқа салада елестете алмайтынын айтады. Өйткені Әділет үшін оның жұмысы – өмірінің мәні.

«Бала күнімнен қоғамға қажетті маман иесі болуды және адал қызмет етуді, армандадым. Осылайша арманым мені құтқарушы қызметіне әкелді. Қызметке алғаш келген уақытта көңілімде үлкен қорқыныш болды. Сенімді ақтай аламын ба , нағыз құтқарушы болу үшін нені қаперге алу қажет сынды сан сауал санамда тұрды. Дегенмен бала арманым бүгінде менің өмірлік қызметіме айналды. Оны үлкен жетістік деп бағалаймын. Аға буыннан көп нәрсе үйреніп, мол тәжірибе жинақтап келемін. Құтқарушылық жұмысты бастаған алғашқы уақытта ата-анам алаңдап, жанын шүберекке түйіп отыратын. Бірақ біздің жұмысымызда күн сайын тәжірибе жинақтау өте маңызды. Кейде суға кеткен адамдарды тереңнен іздеп жатамыз. Мұндайда өзен-көлдің астына жиналған түрлі қалдық та кедергі болады. Оның барлығына ептілік керек. Күнделікті жұмыс оның бәріне үйретеді», – дейді ол.

Кейіпкеріміздің айтуынша, құтқарушы болу үшін тез шешім қабылдап қана қоймай, өз ісіне жауап бере алатын адам болуыңыз маңызды. Себебі сүңгуір болу ептілікті, үлкен жауапкершілікті қажет етеді.

«Сүңгуірдің жұмысы уақытты, мезгілді таңдамайды. Таңертең немесе кеш, қыс немесе жаз деген анықтамалар біз үшін жоқ. Қай уақытта суға түсу керек болса, сол уақытта суға түсеміз. Біздің жұмыс уақытымыз сағатпен өлшенбейді. Және су қателікті кешірмейді. Сондықтан сүңгуірге ең керегі – стратегия. Төрт жылдың ішінде түрлі іздестіру-құтқару жұмыстарына белсене қатыстым. Мен қазіргі өмірімді өзге салада мүлде елестете де алмаймын», – дейді Әділет.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!