Фото: appleinsider.ru

Қазір TikTok әлеуметтік желісінің төңірегінде әңгіме көбейіп кетті. Көрші мемлекеттер бұл әлеуметтік желінің идеологиялық тұрғыда аса қауіптіге санап, бұғаттап жатса, АҚШ өз тұрғындарының жеке деректеріне алаңдап, соттасып әлек. Оның үстіне еліміздің медиасына жауапты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да көрші елдердің позициясын құп көріп, “бұғаттау мәселелерін қарау қажет” деп, айтқанын жақсы біледі. Ел онсызда су тасқыны мен Бишімбаевтың сотына дүрлігіп жатқанда, көпшілік үшін, әсіресе жасөспірімдерге бұл жаңалық түрпідей тигені анық. «Елдегі жағдайлар шешімін таппай жатқанда, TikTok-қа тыйым салына ма?» деушілердің қатары қалың болып тұр.

Сонымен, аталған желінің кең ауқым алып, көптеген ел билігінің назар аударуына не себеп болды? TikTok-тың идеологиялық, тәрбие мәселесінен тыс қандай фактор бойынша АҚШ оны жаппақ ниетте және жастардың сүйікті платформасы атанған бұл әлемжелінің пайдалы тұстары мен зияны жөнінде сіз бен біз болып талқыға салып көрейік.

Ең алдымен АҚШ-та болып жатқан екі тарап арасындағы конфликт жайында айтайық. Біраздан бері, дәлірек айтқанда, 20-сәуір күні АҚШ-тың конгресс өкілдері TikTok желісіне қарсы жасалған заң жобасына келісетіндіктерін жеткізді. Яғни,TikTok тоғыз ай ішінде ByteDance платформасының акциясын сатпайтын болса, АҚШ-та аталған әлеуметтік желі түбегейлі бұғатталып, онымен қоймай App Store мен Play Market- тен де өшіріледі. «АҚШ халқының жеке деректерін өз мүддесіне пайдалану мүмкіндігі мен киберқауіпсіздік шараларының қарастырылмауымен» түсіндіреді. Наурыз айында The Wall Street Journal газеті Қытай билігінің бұл келісімге келмейтінін мәлімдеді. Сондай-ақ олардың жазуынша, қытайлықтар акция сатуға қарағанда бұғаттауға келісім білдіріп отыр. TikTok басшылығы бұл мәселе төңірегінде АҚШ-пен соттаспақ ниетте. TikTok желісінің атқарушы директоры әр пайдаланушының киберқауіпсіздігі үшін миллиардтаған қаржы бөлініп жатқанын айтып әлек. Сондай-ақ ол өзі жетекшілік ететін платформада еш кінәраттың жоқтығына, сот болған жағдайда еш қиындықсыз ақталатынына сенімді.

Бұл жағдайға критикалық тұрғыда қарайтын болсақ, АҚШ-тың бар мақсаты – өз тұтынушыларының қауіпсіздігі емес, тек қана бәсекелестің көзін құрту екені айдан анық. Себебі Meta компаниясы, Facebook, Instagram сынды әлеуметтік желілер TikTok қарқын алғалы бұған дейінгі танымалдылықтарын жоғалтты. Тіпті кейбірінің акциялары түсіп, құлдырау үстінде. Instagram мен Facebook TikTok-тан қалмайық деп Reels жүйесін орнатқанымен, онысы қытайлық желінің шаңына да ілесе алар емес. Осы және өзге де факторлар ақыр соңында АҚШ-тың жоқ жерден себеп тауып, соттасынуына мұрындық болып отыр. Тағы бір айта кететін жайт, АҚШ егер TikTok- ты бұғаттаған жағдайда америкалықтар жаппай митингке шығу қаупі төніп тұр. Өйткені АҚШ та бұл желіні 170 миллионға жуық адам тұтынады. Оның ішінде контент арқылы қыруар қаражат табатындардың саны мыңнан асады.

Ал Қырғызстанның бұғаттау әрекеті түсініксіз. Бұған дейін бір қырғыз депутаттары қырғыз балаларының қазақстандық телеарнаны тым көп көретіндігіне, тіпті кей балалардың қазақша сайрап тұрғандығын айтып наразы болған еді. Бұл мәселенің төңірегінде талқыға салынып жүргеніне біраз уақыт болды. Тек жақында ғана құзырлы орган нақты TikTok желісіне тыйым салу жөнінде заң қабылдады. Десе де көзі ашық жастар үшін бұл тыйымнан аттап өту мәселе емес екендігін білеміз. Қазір бұл қиындықтың алдын алатын түрлі VPN бар.

Жалпы TikTok желісі жайындағы пікірлер таразыны тең ұстап тұр. Бірі позитивті, енді бірі негативті пікірде. Кез келген нәрсеге екі жақты қараған дұрыс болар. Сол себепті TikTok-ты не зиян деп, не пайдалы деп дөп басып айта алмаймыз. Зиян дейін десек, ғылыми-танымдық контент түсіретін, креативті индустрияға бағытталған парақшалар бұл желіде жетіп артылады. Пайдасы мол дейін десек, агрессивті, жасөспірімдерге зиянды дүниені дәріптейтін, анайы бейнежазбалар да кезігеді. Дегенмен мына дүниені ескеруіміз қажет. TikTok – ақылды платформа. Ол жерде саған ұсынылатын видеолар сенің өзіңе тікелей байланысты. Яғни TikTok тек өзің лайк басқан немесе ұзақ көрген, тіркелген парақшаларыңа ұқсас контент жүргізетін бейнежазбаларды ұсынады. Сол себепті осы тұста беталды жөнсіз видео ұсына береді деп ренжудің де реті жоқ. Бұл платформада цензура сақталғаны соншалық модераторлар кішкене қанның ізі көрінген бейнені дереу өшіреді.

Алайда пайдалы емес контентті көп көргенінің әсерінен маргинал жастар көбейіп, дофаминнің ізінде кеткенін ескергеніміз абзал. Әсіресе кейінгі уақыттары ел мен жерге бөлініп, бірін-бірі түтіп жеп жүргендердің қарасы қалыңдады. Уақыт өте келе елімізде неше түрлі субмәдениет бөлініп, бір-бірін кекеткендерді де көзіміз шалып жүр. Осы шамадағы «әттеген ай» болмаса, TikTok жаман желінің қатарында емес. Қазір ғаламтор атаулының бәрін екі жақты қарап, минустарын тізбектеуге болады. Бұл фактор ескерілмей, көпшіліктің не үшін міндетті түрде TikTok-қа жармасқаны бәрімізге жұмбақ.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!