Бүгінде топтық төбелес тиылмай тұр. Келіспес жаудай бір-бірін сабаған жасөспірімдер, «ақыл құйып» айдап салатын үлкендер келмеске кетті ме десек, жұрнағы әлі бар екен. Облыс орталығын айтпағанда аудандарда да мұндай кикілжіңнің көбейгеніне көп болды. Соның бір бөлігін жуырда Қазалы мен Қызылорда қаласынан байқадық. Әлеуметтік желіде аталған аймақтағы жастардың бөліне төбелесіп, жұдырық алмасқан бейне­жазбасы тараған
бо­латын.

Әрине, мұндай әрекетті жастық жалын, бозбалалық қателік деп түсінуге болар-ақ еді, алайда осындай топтық төбелес салдарынан қаншама жас сал боп қалды, қаншама ана баласынан айырылды. Сынған мұрын, көгерген бет есепте емес. Сондықтан топтық төбелес, жабылып ұрып кету ісін ұсақ құқықбұзушылық емес, қылмыс дәрежесінде қабылдайтын уақыт келгендей.
Алдымен төбелестің себебінен бастасақ. Жасыратыны жоқ, әр ауданда аула жастарынан құралған бұзақы топтар бар. Әрқайсысы өзінше атау алып, өзара иерархия нақтыланған. Оған белгілі бір аумақ тұрғындарының балалары кіреді. Кейде үлкендерінің нұсқауымен топ мүшелері түрлі бұзақы әрекеттерге баратыны белгілі. Төбелеске бастап баратын да, айдап салатын да – үлкендер.
– Жасөспірім балам мектепте оқиды. Күнара достарымен жиналып, көшеге шығады. Кейде киімі, бет-аузынан төбелесіп келгенін байқаймын. Кіммен төбелескенін сұрасам, жауап қайтармайды. Жалтарады. Кейін көршілерден топтық төбелес болғанын білемін. Ондай кикілжіңге араласуына қанша қарсы болғаныммен еш нәтиже шығара алмадым. Бәрібір достарына қосылып кетеді, – дейді қала тұрғыны Күләш Мамырова.
Әрине, «Ер шекіспей бекіспейді». Ер мінез қалыптастыру үшін намысты қолдан бермей, керек кезде қарсылық көрсеткен де жөн. Алайда бұл ұстаным «бірге-бір» жеке жаға ұстасуға қолданылса керек. Жаппай төбелесу, жабыла ұруға ешбір ақтау сай келмесі анық. Алайда мұны түсінетін бұзақы топтар аз. Жаппай төбелесті қалыпты жағдай деп санайтындардың көбеюіне де солар себеп болуда. Тіпті, төбелестің алдын алуға міндетті кей құқық қорғау мамандары да жаппай төбелесті «жігіттік көреді». Мұның мысалын жақында Қазалы ауданында болған төбелестен аңғаруға болады. Бейнежазбада полицей ажыратудың орнына «қызық тамашалап» тұрғаны байқалған.
Аталған жағдай қоғамда қызу талқы тудырып, құқық қорғау мамандарына деген сенім мәселесін көтерген еді. Содан болар, кейін әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға қатысты аудан прокурорының орынбасары Дінмұхаммед Ұлпабеков БАҚ өкілдеріне пікір білдірді.
«Бұл оқиғаның бейнежазбасы БАҚ және әлеуметтік желілерде жарияланып, халықтың наразылығын тудырды. Жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының жұмысына тұрғындарда теріс пікір қалыптасты. Оның өзіндік себебі бар. Ең қынжылтатыны – бейнежазбада оқиға орнына келген полиция қызметкерлерінің төбелеске араша түсуге, бұзақыларды ұстап, шара көруге жедел әрекет жасамай, қарап тұрғаны. Оның үстіне бұл оқиға туралы уақытылы прокуратураға хабарланбай, «жабулы қазан жабулы күйінде» қалсын деген ұстаным болған. Салдары бәрімізге оңай болған жоқ.
Бұдан бөлек, қаңтар айында тал түсте Әйтеке би кентінің «Жеңіс» саябағында колледждің студенті бірнеше адамға пышақ жарақатын салды. Осы жағдайлардан кейін білім бөлімі мен білім беру мекемелері балалар тәрбиесіне бейжай қарап отырған жоқ па деген заңды сұрақ туындайды. Оқушылардың оқудан тыс жүріс-тұрысына тиісті бақылау жасалмағанымен қоймай, бос уақыттарында спортпен шұғылданғысы келетін балаларды қарапайым мектептің спортзалына кіргізбейтін фактілер де кездеседі», – деген болатын.
Жалпы топтық төбелестің топтық төбелес жастар мәселесінің көптігін білдіреді. Мәселен, бос уақытты тиімді пайдаланбау, спорттық, өнер үйірмелерінің жүйесіз жұмысы, жасөспірімдерге арналған жобалардың аздығы секілді шикіліктің шеті шыққан. Яғни, қолы бос, айналысатын жұмысы жоқ жас төбелеске, бос жиынға әуес келеді. Сол себепті жасөспірімдердің уақытын тиімді өткізу жұмысын үйлестіру, мектептегі тәрбие сағаттарын жүйелеуге бағытталған шаралар назарға алыну қажеті сөзсіз. Сонда ғана жастардың өмірі мен болашағына бағыт сілтеуге болады.

Ерсін ШАМШАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!