Тығыз жұмыс кестесі мен қарбаласқа толы күннің адамды қажытатыны жасырын емес. Сондықтан, ой бөліп, санаға серпін берудің тигізер септігі көп. Осы мақсатта ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінде қызметкерлер арасында психологиялық тренинг өткізілді.

Алдымен, салаға қатысты символдық суреттер ұсынылды. Әр сурет – олардың қызметімен үндес бір белгі, бір мән еді. Есте сақтау қабілетін арттыратын ерекше ойында қызметкерлер белсенділік танытты. Содан соң, екі топқа бөлініп, «лабиринт» ойынында бақ сынады. Шатастыратын жолдар мен тұйық бұрылыстар арасынан дұрыс бағыт табу – тек бір адамның емес, тұтас топтың бірлескен әрекетін талап етті. Дәл осы тұста қызметкерлер арасындағы өзара түсіністік пен берік бірлік байқалды. Өйткені, тапсырманы әп-сәтте тыңғылықты орындағаны сөзімізге дәлел. Тренинг барысында қызметкерлер шапшаңдықпен ғана емес, тапқырлықпен де топ жарды десек артық емес. Кезекті ойында салаға қатысты жасырылған терминдерді тауып, кәсіби білігін де байқатқаны содан.

– Біздің қызметтің төзімділік пен мықты психологиялық дайындықты қажет ететіні айтпасақ та белгілі. Бүгінгі іс-шараны ұйымдастыруымыздың мәні осында. Яғни, қызмет барысында жиналған шаршауды азайтып, көңіл-күйді көтеріп, ұжымдағы сенім мен бірлікті бекіте түссек дедік. Айта кетерлігі, ойын-күлкінің ғана қалтарысында қалмай, қызметкерлердің бір-біріне деген құрметін көріп, марқайып қалдық, – дейді мекеменің жеке құраммен жұмыс жөніндегі аға инспекторы әділет капитаны Динара Шахи.

Иә, ұжымда ұйымшылдық барда ала тайдай бүліну де болмайтыны рас. Тренингтің соңы жылы атмосферамен тамамдалды. Қызметкерлер бір-бірінің жақсы қасиетін айтып, жүрекжарды лебізін білдіріп, тарқасты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!