Өткен жыл қабылданған Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілмек.

Әкімшілік әділетке жария-құқықтық дауларды қараудың мықты механизмі деп баға берген Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым азаматтардың мемлекеттік орган секілді пәрменді құрылымға қарсы тұра алмайтынына назар аудартып, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс жобасын дайындау қажеттігін өзінің алғашқы Жолдауында атап өткен болатын.

Жаңа Кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді. Мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар осы Кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары болып табылады.

Осы Кодекс бойынша әкімшілік рәсім – әкімшілік органның, лауазымды адамның әкімшілік істі қарау, ол бойынша шешімді қабылдау және орындау жөніндегі, жолданым негізінде немесе өз бастамасы бойынша жасалатын қызметі, сондай-ақ оңайлатылған әкімшілік рәсім тәртібімен жүзеге асырылатын қызмет.

Әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібіне тоқталатын болсақ, әкімшілік сотта әкімшілік іс талап қою негізінде қозғалады. Сотқа төрт түрлі талап қоюмен жүгінуге болады, олар дау айту, мәжбүрлеу, әрекет жасау, тану туралы талап қоюлар.

Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті – жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді шешу.

Әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу заңдылық, әділдік, құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау, соттың белсенді рөлі, әкімшілік сот ісін жүргізудің ақылға қонымды мерзімі, сот актілерінің міндеттілігі қағидаттар негізінде жүзеге асырылады. Азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттары, егер бұл осы тарауда баяндалған қағидаттарға қайшы келмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде қолданылады.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстегі тағы бір оң жаңашылдық – судья құзыретіне қатысты. Соған сәйкес, жаңа заңнаманы негіз еткен қазылар мемлекеттік органдар мен жеке азаматтар әкелген дәлел-дәйектерді қанағат тұтып отырмайды. Қажет еткен жағдайда судья істі нақтылауға көмектесетін дәлелдерді, құжаттарды қосымша сұратып, дәйектер толық емес деген жағдайда өз бастамасымен оларды жинатуға құзырлы.

Сонымен бірге, Кодекстегі ерекшелік сот өзі қабылдаған шешімнің орындалуына тікелей бақылау жасайды. Соған орай Кодекске «Сот бақылауы» деген арнайы тарау енгізілген. Соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін оны үш жұмыс күні ішінде сот орындау үшін жауапкерге жібереді.Жауапкер әкімшілік іс бойынша соттың шешімін заңды күшіне енген күнінен бастап бір ай мерзімде орындауға міндетті, ол туралы сотқа хабарлауға тиіс.Егер соттың шешімінде белгіленген мерзімде ол ерікті түрде орындалмаған жағдайда, бірінші сатыдағы сот осы Кодекстің 127-бабында белгіленген мөлшерде ақшалай өндіріп алуды қолданады.Соттың шешімін, ақшалай өндіріп алу туралы соттың ұйғарымын орындамау даусыз тәртіппен осы Кодекстің 127-бабының тоғызыншы бөлігінде белгіленген мөлшерде қайталап ақшалай өндіріп алуға алып келеді.

Ақшалай өндіріп алу жеке тұлғаға, лауазымды адамға, заңды тұлғаға не оның өкіліне он айлық есептік көрсеткіштен бастап бір жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде қолданылады. Сот ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы ұйғарым шығарады, оның көшірмесі ақшалай өндіріп алу қолданылатын адамға табыс етіледі.Ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы мәселені қарау өзіне қатысты мәжбүрлеу шарасы қолданылатын адамға алдын ала хабарлана отырып, сот отырысында жүргізіледі.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының тарапынан мамандандырылған әкімшілік соттарды құру бағытындағы шаралар жүзеге асырылуда.

Қызылорда облысының

мамандандырылған экономикалық

сотының судьясы Зәуре Жарылқасынова

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!