Жыл сайын жемқорлықпен күресу мақсатында жоспарлы түрде сан түрлі шаралар қолға алынуда. Облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті өз қызметін өңірлік «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасы» негізінде іске асырып келеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде департамент басшысы Ернар Мақажанов осы бағыттағы оң өзгерістер мен соңғы жаңалықтар жайында сөз етті.

Картаға рәсімдердің ашық болмауына, әкімшілік кедергілерге және мемлекеттік қызметшілердің өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамауына байланысты халық пен бизнесті толғандыратын көкейтесті мәселелер енгізілген. Олар – ауыл шаруашылығы, жер, жол және инфрақұрылым, олигополиялар, білім беру және кәсіпкерлік саласы.

Өткен жылы департамент жүргізген 4 сыртқы талдау және 12 мониторингтің нәтижесінде 162 ұсыныс енгізіліп, оның 85%-ы іске асырылған. Қазір білім беру мекемелерінде еңбекақы төлеу және кәсіпкерлік мақсатында жер бөліп беру салаларында 2 сыртқы талдау жүргізуде.

Жалпы, өткен жылы департамент өндірісінде 85 қылмыстық іс болды, олардың 71-і сотқа жолданды, 39 тұлғаның сыбайлас жемқорлық қылмыстары әшкереленген. Ауыл шарушылық саласын субсидиялауға байланысты былтырғы жылы 1 көп эпизодты қылмыстық іс тіркеліп, сотқа жолданған.

– Өңірдің орта білім беру ұйымдарында аса ірі мөлшерде, жалпы 550 млн теңгеге жуық мемлекет қаражаттарын жымқыру деректері анықталып, бүгінгі күні 12 қылмыстық іске тергеу жұмыстары жүргізілуде. Кез келген салада қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында департамент өз қызметінде жаңа тәсілдерді қолдануда. Негізгі мақсат – қылмыстың жасалғанын немесе мемлекет қаржысы ұрланғанын күтпей, керісінше оларды болдырмау үшін шұғыл шаралар қабылдау. Бастысы бюджет есебінен салынып жатқан объектілердің сапалы тұрғызылып, белгіленген мерзімде тапсырылуы, – деді департамент басшысы Ернар Әбсейітұлы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!