Алаш қайраткерінің есімі кейбір мате­риал­дарда «Қошмұхамбет», «Қошмұхамет», орысша құжаттарда – «Хошмухамед» деп көрсетілген. Бірақ қазақ зиялысы «Қошке» есімімен көпке мәлім. Биыл Қошке Кемеңгерұлы­ның туғанына − 125 жыл. Осы тұста қазақ әдебиетіне, дра­матургиясына, журналистикасына, ғы­лы­мына  өлшеусіз үлес қосқан тұлға жайлы тереңірек білу үшін тарихқа үңілдік.

Қошке Кемеңгерұлы 1896 жылы 15 шілдеде сол кездегі территориялық бөлініс бойынша Ақмола облысы, Омбы уезінің жерінде дүниеге келген. Ата-бабасы мұнда Баянауылдың Сарытауынан қоныс аударған екен. Бұл туралы «Қошке Кемеңгерұлы» атты үш томдық шығармалар жинағында толық мәлімет берілген. Кемеңгерден Дүйсенбай, Дүйсебай атты екі ұл тарайды. Сол Дүйсебайдың Қошмұханбеті ер жетіп, қалам ұстағанда жазғандарына «Қошке Кемеңгерұлы» деп қол қояды. Ата атын қадірлеген ұл орыстың «ов» жалғауына жоламай, «ұлы» деген қосымшасын құп көрген.

Қошкенің әкесі Дүйсебай ерте жастан дін жолын ұстаған, бойдақ күнінде-ақ Меккеге барып, қажы атанған кісі екен. Қасиетті Меккеге барарда ол Ағытайдың беделді мырзасы Қартабаймен сапарлас болады. Жас Дүйсебайдың болмысы Қартабайдың көңілінен шығып, елге келгенде оған Жәмила есімді қызын өз қолымен ұзатады. Алаш қайраткері Қошке осындай көзі ашық, дәулетті отбасында тәрбие алып, ер жетеді. Бала оқытуды мұсылмандық парыз деп түсінген Дүйсебай ұл-қызын түгел молда, мұғалімге беріп, хат танытады. Балаларының арабшамен қатар, орыс тілін үйренуіне де күш салады.

Қошкетанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлының мақаласында жазылғандай, Қошке Қисықтағы Қаржаста Белгібай молданың алдынан оқып, арабша тіл сындырғаннан кейін әкесі оны Омбы приход школына берген.  Мұнан кейін әкесі Қошкені Омбыдағы ветеринарлық-фельдшерлік школға түсіреді. Арнаулы оқу орны болғандықтан мұнда Қошке зоотехника, медицина негіздері бойынша білім алады. Школдың екінші класын бітірген соң, Омбы ауыл шаруашылық училищесіне қабылданады. Сол тұста Омбы шаһарында оқыған қазақ жастары бірігіп,  1915 жылы «Бірлік» атты ұйым құрады. Оның «Балапан» атты қолжазба журналына Қ.Кемеңгерұлы редакторлық етеді.

1917-1918 жылдардағы саяси оқиғалар кезінде Алаш зиялылары  мәмілегерліктің жолын іздейді. Құбылмалы саясат Қошкені де айналып өтпейді. 1917 жылдың сәуір айында Қошмұхамбет Кемеңгерұлы Дінше Әділұлын ертіп, Ақмола облыстық қазақ комитеті атынан Ақмола қаласына келіп, уездік қазақ комитетін ашады. Оның төрағасына Сәкен Сейфоллаұлы сайланып, қазақ комитетін құрушылар заманның қатал тұсында халықты аман сақтап қалудың жолын іздейді.

Қошке Ақмолада жүргенде Сәкен ұйытқы болған «Жас қазақ» ұйымының да жұмысына қатысады. Алайда облыстық қазақ комитеті мен уездік комитет арасындағы кейбір келіспеушіліктерден кейін әрі «Жас қазақ» басшылары Алаш Ордадан бойын аулақ салған соң Қошке Омбыға қайтады.

1917 жылдың күз, қыс айларында Қ.Кемеңгерұлы Омбыда Ақмола облыстық Алаш партиясының комитетін ашуға атсалысып, өзі сол комитеттің мүшесі болады. Арада ұзақ уақыт өтпей облыстың бес уезінде Алаш комитеті ашылады.

Қошке ауыл шаруашылығы училищесін бітірген соң, Омбыда жас алашшылар құрған «Жас азамат» алқасына кіреді. Осы ұйымның Қызылжар қаласында шығып тұрған басылымы − «Жас азамат» газетіне редактор болады. Жастарды бірлікке үндеп, қазақтың жоғын жоқтаған газет большевиктердің әділетсіз әрекеттерін жұртқа жария етеді.

Енді тарихи тұлғаның драматургтік ізденісіне тоқталсақ. Бұл жайында Д.Қамзабекұлы былай деп жазады: «Қызылжар қаласында Қошкенің драматургтік қабілеті де ұштала түсті. Осыған дейін «Әулие тәуіп» секілді пьесасын сахналатып үлгерген Қ.Кемеңгерұлы енді бұл саладағы шығармаларының тақырыбын кеңейтті. Оның қаламынан 1919-1920 жылы «Қасқырлар мен қойлар», «Бостандық жемісі» атты екі пьеса дүниеге келді. Бұл екеуі де Қызылжардағы қалалық бақтың сахнасында қойылды. Ж.Жанғонақов 1916 жыл оқиғасы туралы «Қасқырлар мен қойлар» пьесасында өзі – урядник рөлін, ал кейін жазушы болған Сәбит Мұқанов – болыстың шабарманы рөлін ойнағанын жазады».

1924 жылы ұлтқа қызмет ету мақсатымен Түркістан республикасының орталығы Ташкентке қоныс аударған Қошке Әлихан, Ахмет, Міржақыптармен тығыз қарым-қатынас орнатады. Омбыдан келісімен «Ақ жол» газетінде қызмет жасап, ғылыми-танымдық «Сана» журналының бірер санына редакторлық етеді. Осы қалада Қошке мен Гүлсімнің Зәйра, Нарманбет, Сәуле есімді үш перзенті дүниеге келеді.

Бірақ 1930  жылғы жалған айып Қошкенің отбасын есеңгіретіп тастаған еді. Сол жылы қазан айында Қошке Кемеңгерұлы «Кеңес өкіметіне қарсы әрекет жасаушы» деген жаламен Алматы абақтысына айдалады.  Бұл жерде екі жылдай уақыт отырған оны «Отанын сатты» деген айыппен ұсталған мезгілін қоса есептегенде бес жылға бас бостандығынан айырып, Украинаның Валуйки қаласына жер аударады. Бұл жерде қаламгер темір жол жүйесінде дәрігер болып қызмет етеді. Тарихта жер аударылған жолдасын іздеп барған ержүрек жұбайлар тәрізді Қошкенің әйелі Гүлсім де НКВД-ға өтініш білдіріп, жанына балаларын ертіп, Украинаға аттанады. Зәйра Қошкеқызының естеліктерінде әкесі 1937  жылдың ортасында Ташкентте бастап жазған қазақ зиялылары туралы романды аяқтап, еңбегін Алматы баспаларына жеткізудің жолын қарастырған. Әттеген-айы, кітап қолжазба күйінде НВКД қолына түскен.

1937 жыл. Бұл жыл жайлы қошкетанушы Дихан Қамзабекұлының еңбегінде мынадай жағдай баяндалған: «Марқұм Гүлсім ана айтады екен: Қошке ұсталардан біраз бұрын түс көріпті. Түсінде бір ақсақал оған қараңғы үйді көрсетіп, «енді тұрағың осы» депті. Қараңғы үйге кіргенде үш терезе көрініпті. Сөйте тұра тылсым қараңғылық мұны жұта беріпті, жұта беріпті. Артынша өзінше түс жорып айтыпты: «Гүлсімжан, жаманшылық келе жатыр ма деймін. Жүрек шіркін соны сезгендей. Балаларға абай болшы» депті. Көңілді нілдей бұзған осы түстен соң жазушы қайта ұсталып, 1937 жылы 17 қарашада бақиға аттанады.

Зия… Қазақ қоюлана түскен айдың жарығын осылай айтады. Алашқа аянбай қызмет еткен Қошке Кемеңгерұлының да ұлт зиялысы атануы бекер емес. Ол қараңғы түнде қазаққа сәуле түсіріп, жол көрсеткен қайталанбас  тұлға еді.

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!