Фото: gov.kz

Қуанарлығы сол, төрт жылда бір болатын Қазақстан Республикасы Судьялар Одағы съезі дәстүрлі жиынға әлемді жайлаған қандайда бір жағдай кедергі келтіре алмады. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен судьялар онлайн режимінде қатысты. Сонымен қатар Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан соттарының басшылары, Германия, Эстония, Астана ХҚО, Евразиялық экономикалық одақтың судьялары, мемлекет елшілері, халықаралық ұйымдардың өкілдері де осы жиынның құрметті қонағы болды. Соның арқасында бұл съезд халықаралық жиынға айналды. Бұл әрине, соттар қызметіне берік орныққан цифрландыру жүйесінің арқасы.

Еліміздің сот жүйесі азаматтар мен заңды тұлғалардың конституциялық  құқын тиімді қорғау мақсатында басқа мемлекеттік органдардан бұрын ақпараттық технология жетістіктерін игеріп, өз қызметіне батыл енгізгенін білеміз. Бұл ілкімділік қазіргідей адам өмірінің қауіпсіздігі үшін қарым-қатынас шектеліп, барлық шараны онлайн режимге өткізу қажеттілігі туған сәтте өз жемісін беруде. Өткен съезден бергі уақыт ішінде сот жүйесі қызметіне оң өзгеріс әкеліп, оның қолжетімділігін, ашықтығын, тиімділігін арттыруға ықпал етіп отырған да осы цифрлық жүйе. Бүгінгі таңда сот процестерінің 95 пайызы қашықтан өтеді екен. Бұл күніне 4,5 мыңға дейін онлайн-прцесс жүреді деген сөз. Жалпы бұл салада, жаңалық та, солардың арқасында жетіп отырған жетістік те аз емес.

Құқықтық кеңістікті өзгерту  арқылы шешетін мәселелер бойынша да ауқымды жұмыс жүрді. Оның нәтижесінде 30 заң жобасы дайындалды. Бүгінде оның 17-сі қолданысқа еніп үлгерді. Бұл құжаттар сот жүйесіне елеулі өзгеріс әкеліп отыр. Соның бірі сот төрелігін жүзеге асырудағы негізгі тұлға – судьялыққа кімді таңдаймыз және қалай таңдаймыз деген мәселені шешті. Бұл бүкіл сот саласы қызметінің сапасын арттырудағы шешуші фактор. Өйткені, кез келген мемлекеттік органда шешімді тұтас мемлекеттік аппарат дайындап, оның нүктесін жетекші қояды. Ал, сот жүйесінде судья бірінші күннен бастап шешімді өзі жазып, өзі қабылдайды. Оған нұсқау беруге ешкімнің құқы жоқ. Жиырма жылдық өтілі болса да немесе күні кеше судья болып тағайындалса да оның қателігінің бағасы бірдей. Сондықтан Судьялар одағы бүкіл судьялыққа үміткерлер таңдау амалдарын өзгертті.

Сот шешімі мен үкімдерінің сапасын арттыру бойынша да нақты шаралар қабылданды. Мәселен, сот шешеімдерінің жаңа үлгісі енгізілді. Оларды жазуда көмекші құрал ретінде екі тілдегі сот шешімі үлгілерінің жинақтары дайындалды. Судьяларға шешім жарияланған соң оның қандай негізде қабылданғанын түсіндіру міндеттелді. Осының арқасында жоғары сатыдағы соттарға шешімдер мен үкімдерге жасалатын шағым 30 пайызға азайды. Сот қызметіне қолайлы инфрақұрылым жасауда да ілгерілеушілік бар. Ақтау үкімдерінің саны елеулі артты. Мәселен, ауыр қылмыстар бойынша олар 12 пайызға көбейіп отыр. Егер бұрын жылына 15 адамның ғана кінәсіздігі дәлелденетін болса, бүгінде бұл көрсеткіш 180 адамға жуықтады. Соттың бес буыннан үш буынға көшуі экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының талаптарына жақындатты.

Десе де, шешімін күткен мәселе бар. Ол – бүгінде судьяға қылмыстық істің толықтай берілу тәжірибесі. Яғни судьяның жедел қызметкерлер, тергеушілер, прокурорлар жасаған қаралым хаттамаларын, адамдардың куәгерлігін, сараптама актілерін зерделеуге міндеттілігі. Бұл шара кез келген судьяның айыптау сезімін туғызды. Ол түпкі санасында айыпталушы – қылмыскер, сондықтан ол жазалану керек деген қорытындыға келеді. Ал,қорғаушының уәждеріне саусақ арасынан қарайды. Сондықтан сарапшылар сотқа қылмыстық  іс толықтай бірден берілмеу керектігін айтады. Оған тек айыптау мен қорғаушы актілері берілу керек. Прокурор мен адвокат қана дәлелдерін мөлшерлеп берсін. Сонда ғана соттың жарыспалылық қағидаты сақталады.

Сот төрағасының осыдан төрт жыл бұрынғы айтуынша, сотқа түсетін істер санын азайту да ықпалды тетік. Өйткені, онда сыбайластықтың үлкен қаупі бар. Соттарға түсетін талап арыз 4,5 милионға жетті. Күніне 20 мың іс түсіп, әрбір судья 11 шешім қабылдауға мәжбүр болды. Олардың арасында үлкен ақша айналып жүрген істер бар. Бұл үрдісті жою үшін істер саны күніне 6 мыңға дейін азайтылды. Өйткені іс азайған сайын сыбайластық қаупі де кемиді, сапа да артады. Бұл заңнамаға дауласушылар өздері мәмілеге келетін тетіктер енгізудің арқасында мүмкін болды. «Судья-мәмілегер деген ұстаным енгізіліп, бітімге келу мерзімі ұзартылды. Судья бұрынғыдай тек анау ұтты, мынау ұтылды деп қана отырмай, тараптарды мәмілеге келтіруді мақсат етеді. Сыбайластықтың екінші факторы – мемлекеттік органдардың жауапкершілікті мойнына алуды қаламай, бәрін сотқа жіберуге дайын тұруы. Осы ретте 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енетін Әкімшілік рәсімдік – процестік кодексінен күтетін үміт көп.

Қазіргі таңда жоғары саты судьяларының жүктемесі  апелляцияға қарағанда 3 есе көп. Бүгінде аудандық сот судьяларының жауапкершілігі айтарлықтай күшейді. Осындай талапты апелляцияға қоятын кез келді. Оның жұмысы жақсармай, сот жүйесінің өзгеруі қиын. Екінші мәселе өткен ғасырдың 20-80 жылдарында салынған сот ғимараттарының жағдайы. Олардың көбі ескі және тар. Қазіргідей сотқа сұраныс артып отырған жағдайда бұл мәселе үлкен қиындық тудыруда. Оны шешудің жолы кейбір мемлекеттер секілді несиеге ғимараттар салу емес, аудандық соттарды біріктіру. Өкінішке орай, олар судьялық қызметке келгісі келмейді. Себебі, жауапкершілік көп, ал әлеуметтік жағынан қорғалу мардымсыз. Сол себептен судьялардың бос орындарының үлесі 10 пайыздан асып тұр.

Браконьерлікке қатысты санкциялардың күшейтілгені секілді балаларды азаптау, оларды қауіпті жерде қалдыру, кәмелеттік жасқа толмағандармен жыныстық қатынас жасаушылыққа да жазаны қатайту қажеттігіне назар аудартады. Жалпы заң өзгерсе сот тәжірибесі де өзгеріп, бұл өз кезегінде қоғамның әділдікке деген сеніміне оң әсер ететінін ата көрсетті. Сонымен қатар сот төрелігіне БАҚ тарапынан жасалатын қысым жайлы да айтылып жүр. Тікелей жәбірлеуге дейін баратын мұндай әрекеттерге қарсы тұру судьяларға қийын. Жалпы сотта қоғамдық пікірге сәйкес келе бермейтін шешім қабылдау қиын. Қазіргі таңда соттардың баспасөз қызметі белсенді жұмыс істеуде. Коммуникация орталығы тәулік бойы кез келген сауалға жауап беруге дайын. Судьялар даулы істер бойынша брифингтер өткізіп, әлеуметтік желілерде пікірталастар жүргізеді. Тұрғындармен де күнделікті тікелей жұмыс жүруде. Соған қарамастан судьяларға жала жабу, жәбірлеу жазасыз қалуда. Ол, саонымен қатар, құқық қорғау органдарының қылмыскерлердің құрықталуы жайлы ақпаратты жария етуге асығып тұратынына да наразылық білдірді. Олар бірден дәлелденген қылмыс секілді шулы мәлімдеме жасап, брифинг өткізеді. Сотқа әлі іс түспеген, ал, халық болса оны қылмыскер, түрмеге қамау деп шешім шығарып тастаған. Сотқа келіп түскенде мұндай істердің көбі дәлелденбей жатады. Осындай шаралардың салдарынан сот билігіне деген сенім азаяды. Сондықтан олар да сотқа қысым болып табылады. Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жарияланбау керек. Оны тек прокурордың рұқсатымен жүзеге асыру керек. Ал, Конституция бойынша үкім заңдық күшіне енгенге дейін тұлға айыпты бола алмайды. Сондықтан барлық дамыған елдердегідей БАҚ-қа ақпаратты тек прокурор беру керек.

Съезге қатысып, сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот саласында атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді. Әсіресе індет жағдайындақазылардың азаматтар мен заңды тұлғалардың заңды құқығын қорғау ісіндегі ілкімділігіне ризашылығын білдіре келіп, жалпы сот төрелігінің әділ әрі заңға сай жүзеге асуына мемлекетпен қатар бүкіл қоғам мүдделі екендігін атап көрсетті. Сот жүйесіндегі әрбір процесс азаматтардың, кәсіпкерлердің, инвесторлардың мүддесі тұрғысынан қаралуына, онда тек заңдылықтың ғана үстемдік құруының маңыздылығына назар аудартты. Бұл ретте сот жүйесі тәуелсіздігінің шешуші фактор екендігін, өйткені, бұл әділ сот төрелігінің, азаматтардың сотқа деген сенімінің басты шарты екендігін мәлімдеді.

Отандық және халықаралық сарапшылар судьялар әлі де сот пен алқа төрағаларына тәуелді деген ойда. Бұл келеңсіздіктен арылу керек. Сонымен қатар, судьялардың құқық қорғау органдарына кіріптарлығы да айтарлықтай проблема. Ешкімнің сот тәуелсіздігіне қатысты күмәні болмауы керек. Азаматтар, инвесторлар, кәсіпкерлер қазақстандық соттардың адал, заңды шешім қабылдайтынына сенімді болу керек,-деді Президент осы ретте.

Қасым-Жомарт Кемелұлы судьялар бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан жиі қысымға ұшырайтынына қатысты да өз ұстанымын жеткізді. Мемлекет басшысы жекелеген журналистер мен блогерлердің тергеу әлі аяқталмай, іс сотқа әлі берілмесе де судьялардың шешімін болжап мақала жазуын жағдайды шиеленістіру деп атап көрсетті. Президенттің айтуынша, бұған қабылданған шараларды және ұсталған адамдарды алдын ала қылмыскер деп жариялауға асығатын кейбір құқық қорғау органдары да кінәлі. БАҚ-тың жариялылығы мен ашықтығын сотқа қысым жасауға пайдалануға мүлдем болмайды. Сот төрелігі тек сот залында және тек сот процесінің қорытындысында орын алуы тиіс. Қорыта айтқанда, сотқа қысым жасау әрекеті заңмен қудалануы тиіс.

Судьялар съезінде қойылған осындай талаптарды мүлтіксіз орындау бізге міндет.

Мемлекет басшысы Жоғары Сот төрағасы Асламбек  Мерғалиевті қабылдады. Төраға Қ.Тоқаевқа сот жүйесінің қазіргі қызметі жөнінде мәлімет берді. Асламбек Мерғалиев Президенттің дербес кассациялық инстанция құру үшін консультациялар өткізу туралы тапсырмасының өкілдерімен және Парламент палаталарының депутаттарымен бірлесе талқылау жұмыстары жүргізіліп, соның негізінде елордада (қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша) үш кассациялық сот құру моделіне оң баға берілді. Жоғарғы Сот алдын ала қарау институтын жоюды, «толық кассацияны» қолдануды, қаралуы 6 айдан аспайтын «ақылға қонымды мерзім» белгілеуді, сондай-ақ тараптардың міндетті түрде қатысуымен сот процесін жүргізуді ұсынады. Өз кезегінде, жоғары сот органы қадағалау ісіне және сот практикасының бірыңғай болуын қамтамасыз етуге баса мән береді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа әкімшілік әділеттің жұмысы мен халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселесі жөнінде айтылды. Жоғарғы Сот төрағасы цифрландыру және сот қызметінің ашықтығы мен сот төрелігінің қолжетімді болуын жақсарту мақсатында жасанды интеллект элементтерін енгізу жайында айтты. Мемлекет басшысы сот жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалардың сапасына және барлық сатыдағы істерді қарау кезінде заңдылықты қамтамасыз етуге ерекше назар аударды.

Қ.Абдуллаев

Қызылорда қаласының №2 сотының судьясы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!