Қандай фильмді алып қарасаңыз да кинокомпанияның логотипі көрінісінен басталады. Бүгінде киноөндірісінде сан түрлі студия бар. Бірі – жаңа, енді ғана қалыптасып келе жатқан компаниялар болса, енді бірі – көпшілік санасында «аңызға» айналған алып студиялар. Әдетте көрермен логотиптің нені білдіретініне, оның қалай жасалғанына және неліктен дәл солай бейнеленгеніне аса көңіл бөлмейді. Ендеше киноөндірістегі ең ірі бес студия логотипінің тарихына үңіліп көрейік.

DreamWorks студиясының тарихы 1994 жылдан басталады. Осы жылы атақты режиссер Стивен Спилберг, Disney компаниясының бұрынғы директоры Джеффри Катценберг және музыкалық продюсер Дэвид Геффен бірігіп, жаңа типтегі киноимперия құруды қолға алады.

Әлемге әйгілі кинокомпаниялардың логотипі қалай пайда болды?

Алғашқы идея бойынша студия логотипі компьютерлік графика арқылы жасалуы керек еді. Эскизде ай үстінде отырған ересек балықшы бейнеленген. Бірақ суретшілер бұл идеядан бас тартып, логотипті классикалық әдіспен салуды ұсынды. Нәтижесінде логотип дайын болған соң, суретшілердің бірі айдың үстіндегі ересек адамды балаға ауыстырған жаңа нұсқа жасап шығарды. Бұл нұсқа Спилбергке ерекше ұнайды. Ең қызығы, айға отырып, қармақ салған бала – логотип авторы Роберт Ханттың өз ұлының бейнесі деседі.

Paramount Pictures 1912 жылы ағайынды бауырлар Адольф Цукор және Фроман бастамасымен құрылды. Компанияның алғашқы логотипін суретші Уильям Хоткинс жасаған. Ол символ ретінде бала күнінде көп уақытын өткізген Юта штатындағы Бен-Ломонд тауын таңдады.

Әлемге әйгілі кинокомпаниялардың логотипі қалай пайда болды?

Алғашқы нұсқада логотипте 24 жұлдыз болған. Әр жұлдыз – студия құрылған кезде онымен келісімшартқа отырған актерлар санын білдіретін. Қазіргі нұсқада 22 жұлдыз бар, бірақ бұл өзгерістің себебі туралы нақты ақпарат берілмеген.

Columbia Pictures тарихы 1919 жылдан басталады. Голливуд кәсіпкері Гарри Кон ағасы Джек Кон және серіктесі Джо Брэндтпен бірігіп өз киностудиясын құруға бел буады. Алғашында компания CBC Film Sales Corporation деп аталып, кейін Columbia Pictures Corporation деген жаңа атауға ие болды. Columbia Pictures логотипі тарихында бес рет өзгеріске түсті.

Логотиптің ең танымал, классикалық нұсқасы 1992 жылы пайда болды. Кескінді суретші Майкл Деас жасап шықты. Бұл логотип үшін модель болған әйел – «Times-Picayune» газетінің редакторы Дженни Джозеф. Ол алғаш рет өзін кәсіби модель ретінде сынап көргеніне қарамастан оның бейнесі әлемге тараған әйгілі символға айналды. Әйелдің қолындағы алау – жаңашылдықтың, жарықтың, жол көрсетудің белгісі. Ол америкалық кино өнерінің әлемге жол ашқанын меңзейді.

Metro-Goldwyn-Mayer. Әлемге әйгілі «айбатты арыстан» логотипі 1924 жылы ақын әрі әнші Гарвард Дитцтің идеясымен жасалды. Студия тарихында бұл логотипте бес түрлі арыстан бейнеленген.

Әлемге әйгілі кинокомпаниялардың логотипі қалай пайда болды?

Алғашқы арыстан – Слатс – үн шығармай, тек эмблеманы көркемдесе, екінші арыстан Джеки – логотипте алғаш рет ақырып, оның дыбысын жазу үшін фонограф қолданылған. Ал кино әлемі әлі үнсіз кезеңде еді. Үшінші арыстан – Таннер. Төртінші арыстан туралы дерек аз, тек оның айрықша жалы болғаны айтылады.

1957 жылдан бері экранда көріп жүрген бесінші арыстанның аты – Лео. Ол бүгінде кино әлемінің ең танымал символдарының бірі. Айтылған қауесеттерді есептемегенде, логотипті түсіру кезінде жануарларға ешқандай зиян келмеген.

Әлемге әйгілі кинокомпаниялардың логотипі қалай пайда болды?

Walt Disney Company. Уолт және Рой Диснейлер негізін қалаған Disney студиясы 1932 жылдан бастап анимация әлемінің ірі орталығына айналды. Көрермендер жақсы білетін студия логотипінде бейнеленген сарай – Нойшванштайн, яғни «Аққу сарайы». Бұл архитектуралық нысан Диснейдің ертегі әлеміне тән романтикалық эстетикасына сай келген.

Аталған логотип 2006 жылға дейін қолданыста болды. Кейін оның орнына «Золушка» ертегісіндегі сарайдың 3D моделі пайда болды. Бұл сарайдың прототипі Франциядағы Шато Дюссе бейнесінен алынған.

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!