Фото: ашық дереккөзден

Әлемде көп тылсымның әлі күнге дейін сыры белгісіз. Соның бірі – адам миы. Қанша зерттеуге түссе де, бүгінге дейін шарықтау шегіне жетпеген. Ал мидың қалай жұмыс істеп, не нәрселерге пәрменді екені адамзаттың жұмбағы іспеттес. Мидың тағы бір толық зерттелмеген тұсы – санадан тыс әрекеттерге бейімділігі. Мұны қалыпты гипноз деп атаймыз. Адамды еркінен шектеп, біреуге бағынышты етуге қауқары бар бұл әдістің мән-мағынасына тереңінен көз жүгіртіп көрейік.

Бұл термин психология саласының ең үздік жетістіктерінің бірі. Гипноз туралы зерттеу көп, тұжырымдама мен тәжірибелер де аз емес. Ғасырлар бойы зерттеудің бірнеше сатысынан өткен гипноз қолданыстан тысқары қалмаған. Сананы арбаудың бұл түрін XVIII ғасырда веналық атақты дәрігері А.Месмер ойлап тапқан. Ол мұны «Жануарлар магнетизмі» деп атады. Магнит өрістері арқылы пациенттеріне сеанстар жүргізіп, кейіннен бұл психология ғылымында гипнотерапия деген атауға ие болды. Адамзат көзбояушылық деп таныған ұғымға қызықпаған ғалым кем де кем.

Гипнозды кез келген адамға жасауға болмайды, бұл процесті де жоғары білімі бар білікті маман орындауы тиіс. Сондай-ақ қылмыстық тергеу кезінде, егер адамның психологиялық денсаулығы нашар болған жағдайда бұл әдісті қолдануға тыйым салынған. Көпшіліктің пікірі бойынша гипноздалған адам ойлана алмайды, алайда бұл жалған ақпар. Себебі адамның түйсігі болып жатқан оқиғаны саналы түрде қорыта алады. Бұл адам миының екі жарты шары бірдей жұмыс істеу арқылы сана мен түп сананың тоғысатын сәті деуге болады. Расында, біз күнделікті гипноздың құрбаны боламыз: БАҚ құралдары біздің назарымызды билеп алған. Теледидардан көрген жарнама, жұлдыздардың бейне баяндары және басқа да медиа өнімдер біздің санамызды саялағаны рас. Адам кітап оқып та, медитация жасап отырып та осы қалыпқа түскенін байқамай қалады.

Гипноз туралы қызықты деректер

Гипноз шығармашылық белсенділікті арттыруға қауқарлы. Себебі мұндай күйдегі адамның миы жоғары белсенділікке ие болады, сол арқылы адамның ойлау формалары жетіліп, мәселені шешуге машықтанады. Сонымен қатар есту, көру және сезіну іспеттес қабілеттерді дамыта алады. Ал егер жадыңыз өткен жайттарды ұмытқан болса, гипноз арқылы бұл олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік бар.

Бұл әдісті қолдана отырып ауырсынуды жеңуге болады. Яғни емнің бір түрі. Көптеген зерттеу нәтижесі гипноздың сырқат симптомдарын төмендетуге, созылмалы ауырсынуды жеңуге көмектесе алатынын көрсеткен. Сондай-ақ психологиялық тұрғыда өзін-өзі бақылауда ұстап, стресстен алшақ бола алады. Есте сақтау қабілеті нашар адамдар үшін де гипноздың берері мол.

Гипноз шылым тарту, артық тамақтану сияқты келеңсіз әдептерді жеңуге қауқарлы. Бір қызығы, 25% адам гипноздық қалыпқа түспейді, яғни оларға бұл техника әсер етпейді.

Ислам дінінде сиқыршылық, гипноз ауыр күнә деп есептеледі. Залалы зор ұғымдардың түбінде «адамды санасы мен еркінен тыс әрекеттерді жасауға мәжбүрлейді» деген түсінік бар. Бүгінде ғаламтор кеңістігінің тереңдігі теңдесіз. Бұрын құпия деп саналған гипноз техникасын қазір білмейтін адам жоқтың қасы. Сиқырдың тұзағына түсу деген пікірдің түбінде жат ағымның жетегінде кету деген үрейлі қорқыныш бар. Сондай-ақ сыған гипнозынан жапа шеккен жандарды да жиі кездестіреміз. Әңгімеге арбап, қалтаңыздағы қаражатты сыптай жоқ қылатын олардың айлаларынан абай болғаныңыз жөн.

Гипноз – медицина, психология, спорт және криминалистика іспеттес әртүрлі салаларда қолданылатын құбылыс. Қоғамдағы мифтерге қарамастан гипнотерапия әдістерін дамыта отыра зерттеу – болашақта үлкен жетістіктерге жеткізуі мүмкін.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!