Қазіргі қоғамда адамның ең үлкен байлығы – уақыт пен денсаулық. Бірақ сол екеуін дұрыс пайдалана алмаған жағдайда күйзеліс, шаршау, көңілсіздік белең алады. Әсіресе жастар арасында стресс деңгейі жоғары. Оқу, жұмыс, әлеуметтік желідегі қысым, қаржы мәселесі – бәрі де психологиялық ауырлық әкелетіні рас. Дегенмен көңіл-күйді көтеріп, жан тыныштығын табудың қиын емес, қарапайым жолдары бар. Зер салайық.

Таңды дұрыс бастаңыз. Таңертеңгі алғашқы бір сағат – бүкіл күніңнің айнасы. Ояна сала телефонға үңілудің орнына терең тыныс алып, жеңіл жаттығу жасаған жөн. Музыка қосып, бөлмені желдетсеңіз, бойыңыз сергіп, күніңіз сәтті басталады.

Көбірек қимылдаңыз. Дене қозғалысы – стресс пен нашар көңіл күйдің ең жақсы емі. Әр күн кемі 20-30 минут жаяу жүру немесе қарапайым жаттығу жасасаңыз серотонин, яғни бақыт гормоны көбейеді. Жадыңыздан шығармаңыз!

Шағын қуаныштарды бағалай біліңіз. Көңіл-күйді көтеру үшін үлкен жетістікті күтудің қажеті жоқ. Күннің батуы, кофе ішу, досыңмен әңгімелесу секілді қарапайым сәттерді бағалай білу – ішкі тыныштыққа бастайды.

«Жоқ!» Стресстің көбі өзгенің көңілін табамын деп, артық жауапкершілік алудан туады. Уақытына, энергиясына зиян келтіретін жұмыстарға дер кезінде «жоқ» деп айта білген адам жеңіл өмір сүреді.

Дұрыс тыныстап, дұрыс дем алыңыз. Терең тыныс алу жаттығулары, медитация немесе жай ғана табиғат аясында серуендеу жүйкені тыныштандырады. Ал түнгі ұйқы – мидың ең үлкен досы. Сондықтан ұйқы алдында медитация жасап, 7-8 сағаттық сапалы ұйқыға бейімделіңіз. Бұл да денеңіз үшін ең жақсы антистресс.

Әлеуметтік желіні шектеу керек. Көңіл-күйді түсіретін басты фактордың бірі – интернеттегі артық ақпарат пен салыстыру сезімі. Әлеуметтік желіге шектеу қою – психологиялық денсаулықты сақтаудың бір амалы.

Жақсы орта құру. Адамның көңіл-күйі айналасындағы ортаға байланысты. Жақсы сөз айтатын, дем беретін адамдармен бірге болған жан өзін жеңіл әрі сенімді сезінеді. Көңіл-күйді көтеру мен стрессті жеңілдету үшін қымбат дәрі-дәрмек те, күрделі әдістер де қажет емес. Ең маңыздысы, қарапайым әдеттерді күнделікті өмірге енгізу. Денсаулығы мықты, көңілі көтеріңкі, ойы сергек адам ғана алға ұмтылып, арманын жүзеге асыра алады.

Інжу МАРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!