NIS жүйесінде ең қызықты әрі туған жерді танып білуде өте маңызды патриоттық жобалардың бірі — «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы. Жыл сайын NIS-тің үздік оқушылары еліміздің түрлі аймақтарына саяхаттап, сол жердің табиғатын, мәдениетін, тарихи ескерткіштері мен архитектуралық нысандарын зерттейді.

Биыл қызылордалық өрендер өз өңірінің тарихи, мәдени және инновациялық дамуын зерттеуге мүмкіндік алды. Экпедициялық маршрут бойынша жас зерттеушілер алғашқы күні ежелгі Сығанақ, Сауран қалашықтарына саяхаттады. Көне тарихтың теңдессіз ескерткіштерімен танысып, Ақорданың, Қазақ хандығының астанасы болған маңызды орталықтар жайында ақпарат алды.

«Сауранда билік құрған хандар жайында білімімізді толықтырдық. Сонымен қатар бұл қала ірі сауда мен қолөнерінің орталығы болғанын байқадық. Үлкен қақпалар арқылы қала орталығына кіріп, бірнеше ғасырға қайта оралғандай болдық. Мұндай жобалардың тарихымызды танып білуде ықпалы зор», – дейді экспедиция қатысушысы Айгерім Серікбайқызы.

Бұл күні оқушылар Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінде де таным көкжиегін кеңейте түсті. Көне қалалардан табылған қыш ыдыстар мен құнды жәдігерлерді көзбен көрді. Бұл мұражайда сыры мен құпиясы сақталған 8600 – ден астам экспонат бар екен.

Экспедицияның екінші күнінде оқушылар қола дәуірінің тарихынан сыр шертетін Шиелі ауданында орналасқан «Сауысқандық» шатқалына бет алды. Онда петроглифтерге зерттеу жұмыстарын жүргізді. Қаратау жоталарының жартастарындағы қола дәуірінен қалған суреттерде антропоморфтық бейнелер, арбалар, аңшылық сюжеттері мен солярлық таңбалар кездеседі. Тарихи ескерткішпен танысу барысында жас зияткерлер антропогендік, техногендік және табиғи факторлардың әсерінен оның жойылу үстінде екенін байқап, мәселені шешуде өз идеяларын ұсынды.

«Сауысқандық петроглифтері» электронды базасын құру және виртуалды музей әзірлеу ойға келді. Бүгінгі экспедиция барысында біз қажетті деректер жинап, алдағы уақытта осы бағытта жұмыс жасайтын боламыз», – дейді 9-сынып оқушысы Еркін Ағзам.

Үшінші күні зияткерлер Қызылорда облысында орналасқан дүниежүзіне әйгілі Байқоңыр қаласында болды. Дәл осы жерден адамның ғарышқа алғашқы ұшуы басталды. Адамзаттың ғарыш кеңістігін игеру жолы мен зымыран техникасының дамуы жайында экспедициялық топ мүшелері Байқоңыр ғарыш алаңы тарихының мұражайында жан-жақты танысты. 15000-нан астам экспонатқа толы музейді аралау барысында зияткерлер ғарыш алаңының құрылуы, қазіргі өмірі мен даму болашағы туралы ақпарат алды. Құнды жәдігерлердің ішінде ұшқыштар кителінің түпнұсқалары, тұрмыстық заттары мен құрал-жабдықтары бар. Сондай-ақ, ғарышқа жол салған адамдар, көрнекті ғалымдар, құрылысшылар, зымыран-ғарыштық техника сынаушылар жайлы арнайы көрме залы ұйымдастырылған.

«Бұл саяхат ерекше әсер қалдырды. Шындығында ғарыш саласының даму тарихы туралы көптеген қызықты деректерді естіп, Байқоңырдың әлем үшін маңызды екеніне тағы да көз жеткіздім. Ғарыш ғылымының қазақ даласында бастау алғаны туған жерге деген мақтаныш пен сүйіспеншілік сезімімді арттырды», – дейді 10-сынып оқушысы Жібек Кучербаева.

Байқоңырдан қайтар жолда оқушылар түркілердің бәріне ортақ тарихи тұлға, кемеңгер ойшыл, ғажайып музыкант Қорқыт бабаның құрметіне қойылған мемориалдық кешеніне бас сұқты. Аңыз әңгімелерде Қорқыт Ата – өзінің желмаясына мініп, халыққа мәңгілік бақыт әкелетін жерұйықты іздеген данагөй ойшыл. Ол мәңгілік өмірді Сырдың жағасында өзі ойлап тапқан қобыз аспабының сарынынан табады. Қалың жұрт қастерлеп, тәу ететін осындай киелі орында оқушылар абыздың ғұмыр кешкен кезеңімен, мәдениетімен танысып, рухани азық алды.

Экспедиция бағыты бойынша жас зияткерлер өңірдегі өндіріс орындарында болып, отандық өнім өндіру технологиясымен танысты. Алдымен оқушылар Қазақстандағы ең ірі күріш өндіруші «Абзал және К» компаниясының зауытында болды. Жылына 50 мың тоннаға дейін күріш ақтап шығаратын зауыт 50% өнімін ішкі нарыққа жіберсе, қалғанын Рессей, Иран, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдеріне экспорттайды.
«Зауыттың басты ерекшелігі қалдықсыз өнім өндіруге бағытталған. Күріш күрмегін қатты отын ретінде және мал азығына пайдаланады екен. Сонымен қатар танымал «Нестле» компаниясы да балалар тағамдары мен құрғақ таңғы астарды дайындау үшін Сырдың ақ маржанын қолданатынын білдік», – дейді 10-сынып оқушысы Аянат Шамшидин.

Жас зияткерлер қазақстандық нарыққа отандық өнімді шығарып отырған бірден-бір компания «Далатекс» тігін фабрикасының жұмысымен танысты. Осы фирмадан шыққан ерлер жейделері еліміздің барлық аймақтарынан бөлек, Ресейдің қалаларында жоғары сұранысқа ие. Бұдан бөлек «Далатекс» фабрикасы мектеп оқушыларының формасы мен басқа да мекемелердің арнайы киімдерін тігеді екен.

«Туған елге тағзым» экспедициясының соңғы күнінде оқушылар облыс орталығында орналасқан тарихи-мәдени нысандарды аралады. Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану мұражайында зияткерлер өлкенің тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрі және еліміздің айшықты оқиғаларына арналған экспозияцияларымен танысты. Тәуелсіздік залында егемендігіміздің 30 жылдығына арналған викториналық сұрақтарда білімдерін байқатты. Сонымен қатар оқушылар темір жол вокзалында, облыстық сурет галлереясында, «Рухани жаңғыру» орталығында болып, болашақ зерттеу жұмысына негіз болатын ақпарат жинады.

Бұл саяхат оқушылардың дүниетанымын кеңейтуімен қатар оларды патриоттық бағытта тәрбиелеп, ұлттық рухани құндылықтарымызды дәріптеуге ықпал етті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!