Фото: ашық дереккөзден

Өткен жылы Қазақстандағы ажырасу 1000 адамға шаққанда 0,84 коэффицентті құраған. Жоғары деңгейі ШҚО-да, ал ең төмені Түркістан облысында тіркелген. Шаңырағы шайқалғандардың көбі 1-4 жыл немесе 5-9 жыл аралығында некеде болған. Биыл бұл көрсеткіш 9,6%-ға азайған. Десе де еліміздегі ажырасу мәселесі көңіл көншітерлік емес.

Себеп пен салдар

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жұптардың ажырасуына бірнеше фактор себеп. Олардың көшін бастап тұрған – алкоголизм, наркомания – 61,7%, тұрмыстық зорлық-зомбылық – 51,1%, жұптардың бір-біріне адал болмауы – 47%, лудомания – 38,4%-ды құрап отыр. Ал 20% жұптардың екіге бөлінуіне бала сүйе алмағандығы себеп.

Қалай десек те ажырасудың көбейіп бара жатқаны жасырын емес.

– Ажырасу ең алдымен, алкоголизм, нашақорлық және отбасындағы жұбайына немесе балаларына көрсетілген зорлық-зомбылық салдарынан туындайды. Егер әйел отбасында үнемі қысымға ұшыраса, ажырасуға деген ұмтылыстың болуы қалыпты жағдай. Сондай-ақ кейінгі уақытта ерлі-зайыптылардың біреуі құмар ойындарға тәуелді болуы жиі кездеседі. Бұл да көптеген ажырасудың себебі, – дейді заңгер Данияр Мұхамбетқалиев.

Оның айтуынша, көптеген қазақстандықтардың ажырасуына отбасылық жанжалдың жиілігі әсер еткен. Ене мен келін немесе өзге де туысқандардың жаңа отбасының өміріне араласуы да отбасының ажырасуына әкеледі. Сонымен қатар ол атап өткен себептер қатарында қаржылық тұрақсыздық та бар. Бұл факторлардың бәрі әлем күресетін жалпыға ортақ түйткілді мәселелер екені мәлім. Десек те әлі күнге дейін шимайланған проблеманың шешімі табылмады.

Бұл процесс қалай жүреді?

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі – некені тоқтату тәртібін реттейтін негізгі нормативтік құқықтық акт. Осы заң аясында некені бұзу процесі жүргізіледі. Неке екі жақтың келісімі бойынша, ерлі-зайыптылардың бірі қайтыс болған немесе сот әрекетке қабілетсіз деп таныған жағдайда бұзылады. Сонымен қатар неке Кодексін негізге ала отырып, 16-бабының 2-тармағына сәйкес екі жақтың келісімінсіз, жүкті немесе бала өмірге келгеннен кейінгі 1 жылда ажырасуға өтініш бере алмайды. Сондай-ақ ортақ келісім арқылы ажырасу құны – 7728 теңгені құрайды.

Қазақстандық экперттердің пікірінше елдегі ажырасу процесі өте жеңіл өтеді. Көптеген ажырасқан жұп та бұл пікірді қолдайды. Олардың айтуынша, ажырасуға өтініш берген соң ерлі-зайыптыны психологқа бағыттап, отбасын сақтап қалуға үгіттеу қажет. Мүмкін сол уақыт аралығында кикілжіңді шешіп, отбасыны сақтап қалар ма еді деген пайымдауды алға тартты.

Ерте үйлену

ЮНИСЕФ мәлеметтері бойынша, әлемде 650 млн нан астам әйел ерте жаста тұрмыс құрады екен. Жыл сайын кемінде 12 млн қыз кәмелет жасына жетпей өзге үйдің табалдырығынан аттайды. Аз дамыған елдерде бұл көрсеткіш екі еселеніп, 18 жаста тұрмыс құрушылар – 40%, ал 15 жастан күйеуге шыққандар 12%-ды құрайды. Ал жыл сайын Қазақстанда 1200-ден 3 мың қызға дейін жасөспірім қыз тұрмыс құрады. Кейінгі он жылдықта 30 мыңнан астам ерте неке құру әрекеттері тіркелген. «Неке (ерлі- зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінің негізінде 16 жастағы қыздың жүктілігі немесе ортақ бала болған кезде ғана екі жақты шешім және ата-ананың рұқсатымен үйлене алады.

Мұндай жайтты естіп, шошынатын халықтың қазір бұған да еті үйренді. Жасөспірімдердің ерте жаста отбасын құрып, кейіннен үй болып кетуі екі талай. Себебі олардың өмірлік көзқарастары, түсініктері өзгеріп, некені жалғастыруға құлықсыздық танытуы мүмкін. Санамен емес, сезіммен ғана үйленіп, үй бола алмағандығына тек жас жұбайларды кінәлі деп тану қате. Ерте үйленудің жиі орын алуы ата-ананың балаға берген тәрбиесіне тікелей қатысты. Отбасылық өмір туралы білместік, ерте жүкті ьболу, оның кейінгі салдарын ескермеу – ата-ананың мойынына ілінетін жүк.

Анашым, әкем қайда?..

Қазақстандағы әрбір төртінші отбасы толық емес. Бұл – трагедия. Мәселеге бүгін назар аудармаса ертең кеш болуы мүмкін. Қоғамның жалпы санының 26%-ы немесе шамамен 780 мыңы балаларды жалғыз тәрбиелейтіндер деп танылады. Оның 24,3%-ын баласын жалғыз тәрбиелеп отырған аналар құрайды. Елімізде «жалғыз басты ана/әке» деген дәреже заңды түрде жоқ болғанымен, бұл өмірдің шындығы. 2023 жылғы мәліметтер бойынша, 711 мыңы анасының, 300 мың бала әкесінің қарауында. Ал 294 мыңы жетім болып есептеледі.

Некені бұзған сәт отбасы мүшелері үшін де, бұзғалы жатқан ерлі-зайыпты үшін де өте ауыр. Кезінде айрандай ұйып отырған отбасының ендігі шаңырағы шайқалып, ортасына түскелі тұр. Бұл сәт махаббаттан өмірге келген баланың да психологиясына қатты әсер етеді, тіпті қазір өзекті термин «травмаға» әкеп соғады. Бұл – факт. Бала жасы 2-3-те болса ғана ата-анасының екі жаққа кетуін жеңіл өткере алады. Ал мектеп жасына жеткенде бұл жайт өте күйзеліске толы кезең болып есте қалады. Кәмелетке толмаған бала ата-анасы екі жаққа кеткен кезде таңдау үстінде қалады. Әке қамқорлығы немесе ана махаббаты. Бұл таңдау бала түгілі ересек адам үшін өте күрделі. Ерлі-зайыпты ажырасқанымен олар ата-ана болып қала бермек. Осыны есте сақтаған жөн. Себебі кейбір ата-ана өз міндеттерін ұмытып, баласының жағдайын білуге де құлық танытпайды.

Мәселен, 2024 жылдың қаңтар айының басынан бері балаларға өтелмеген алимент құны 20 млрд теңгені құрады. Демек бұл бала тәрбиесіне моральды және материалды тұрғыда көмек көрсетуші ата-ананың аз деген сөз. Бала дүниеге келген күннен бастап 18 жасына дейін ата-ана оны барынша қамтамасыз етуге міндетті. Бірақ мұны ұғынып отырғандар некен-саяқ…

«Бақытты отбасы құру үшін курсымды сатып алыңыз»

Қазір осындай қызмет түрін ұсынатын көптеген блогер, психолог, тренер, коучтан көз ашпайтын болдық. Әрине, олардың айтқан пайымдаулары, көтерген мәселелері орынды. Десек те кейде «эгоизмге» бағыттайтын мұндай ақылдылардың айтқан сөздерін отбасылық өмірі дағдарысқа ұшыраған жандар қанағат көріп, өз отбасын тастап кете беруге де бар. «Тас болып бататын мұхит емес, су боп сіңетін құм емес» деп, әйелдер қауымын еркіндікке бейімдейді. Келіспеске болмас, саған қуанышты емес жерде 1 минутта артық тұрақтауға болмайды. Бірақ бұл бейжай қарайтын дүние емес, ажырасқан отбасы және оның құндылықтары, баланың өміріне әсер ететін шешім.

Әлеуметтік желінің қоғамдағы орны ерекше. Кейінгі кезде бәрі подкаст түсіріп, білімін паш етумен әлек. Ол жерде әртүрлі тақырып қозғалып, қоғамның өзекті мәселелері айтылады. «Жақсы жар болуға көмектесемін, курсымды сатып алыңыз» деп білімін пұлдайтын, жалпақ тілмен айқанда «инфоцыгандардың» көбейюі мән беретін проблеманың бірі. «Біреудің қайғысынан өз бақытыңды құрай алмайсың» деген нақыл сөз тап осы кезге айтылғандай, расымен отбасының «ішкі кухнясына» бөгде адамның араласқаны қате.

Қазір «маған назар аудармайды, ажырасамын» деп, түймедей нәрсені түйедей етіп, болмашыны сылтауратып ажырасатындар көп. Дегенмен отбасын құру оңай емес, оны бұзудың да салдары ауыр болатынын ескерген жөн.

– Ешкім табысты қарым-қатынас туралы біліммен тумайды. Ал өмірдің қиын кезеңдерінде айналамыздағы адамдардың барлығы кекшіл, өзімшіл, немқұрайлы деп ойлауға бейімбіз. Осылай олар проблемаларға қалай жауап беру керегін де білмейді. Бірақ бірге қалу үшін дағдарысты бірге жеңіп, сүйіктіңізге қайтадан ғашық болу керек, – дейді психолог Мишель Вайнер-Дэвис.

Түйін. «Үйлену оңай, үй болу қиын». Бұл ұранға айналған нақылды білмейтін қазақ жоқ. Астарындағы мән мен мағынасы да тереңде. Есте сақтаңыз, қорлық көріп, тұрмыстың тұрпаты жегідей жеп, зорлық-зомбылыққа душар болсаңыз, өміріңізді қатерге тікпей, ажырасқан жөн. Бірақ болмашыны айтып, сыныққа сылтау іздеп, отбасыңыздан бас тартудан аулақ болыңыз. Өткен-кеткеннің ақылына құлақ түрмеңіз. Отбасы құндылықтарын дәріптей отыра, балаға дұрыс тәрбие беріп, оны жоғарыда атап өткен олқы әдеттерден аулақ ұстау арқылы біз сезімі мен ақыл- пікірі тоғысқан, қателіктерден шешім шығара білетін саналы ұл-қыз тәрбиелей аламыз.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!