Тапшылық табандап тұрған сайын қымбатшылық қарқыны да қалтаға салмақ салады. Дүкеннің сөресінен әлдебір азық-түлік көзге көрінбесе, «өнім тұрақтандыру қорында таусылып қалды ма екен?» деген қорқыныш бойды билейді. Ал көпшіліктің азық-түліктің азайған сайын ақшаға кеп тірелетінін ойлап қамығатыны айтпаса да түсінікті. Қымбатшылыққа қабағы түйілген жұрт әуелден базар бағасын барлап, бәрін талдап, айтып-айтып болған. Әйтеуір әлеуметтік дүкеннің барына шүкір етіп, қанағатпен қарын тойдырады жұрт.

Алайда, онда да өлшеммен берілетін өнім таусылса қалғаны қайтпек? Қамы үшін қайта барып қымбатшылықтың құрығына ілінеді. Базары бар, кәдімгі дүкені бар қалтаға қарайлап, күнкөруге тырыштанады. Алғашында сары дүкендерді асыра мақтаушы едік. Күнкөрістің өзі күшке түскен уақытта таптырмас мүмкіндік болды деп масаттанғанымыз да рас. Дегенмен сырты бүтін, іші түтін әлеуметтік дүкендердің де әуселесін көрдік. Бәрі болмаса да, кейбірінің атына заты сай келмей жатыр. Сонымен «тұрақтандыру қорында тапшылық бар ма?», «әлеуметтік дүкеннің жайы қалай?» қозғап көрелік.

Әлеyметтік дүкен ашылса, бөркін аспанға атып қyанып, жабылса жабырқап, жұртшылықтың көңілі жүдейтіні рас. Дегенмен, мұның да әyселесі мен әyресін сезген соң кәдімгі дүкенге де табан тірейтіндер көбейген. Әлеyметтік дүкендердің жағдайы әрқалай. Бәрінде баға бағамы бірдей болғанымен, бірінің сөресінде өнім толық әрі таза болса, енді бірінде тып-типыл жоқ. Осыған орай, кей тұрғындар риза болып алғысын жеткізсе, келесісі шағымын айтып, мини маркеттердің өнімін тұтынатынын тілге тиек етті. Қымбатшылыққа ұрынбасын деп халық қамын ойлап ашылған дүкендердің тиынды да сыпырып алатынын сөз еткен болатынбыз. «Шықпа жаным, шықпамен» шиқылдап жүргенде, айлықтың азық-түліктен арылмайтыны, артылған ақшаның керек-жарақ алyға да жетпейтіні көптің көңілін құлазытады. Дей тұрғанмен, әлгіндей іздегені табылмайтын әлеyметтік дүкеннен үмітін үзіп, базардан яки басқа дүкендерге бас сұғатындар баршылық. Талай адам есігін тоздырған аталған дүкеннен жұмыртқаның өзі табылмай жұқанап отырса, өнімді өзгеден іздемегенде не істемек?! Одан бөлек, былтыр шекердің шарықтаған бағасы жұрттың шамына тиіп, шy да шығып еді-аy. Содан көпшілік шүйлікпей-ақ, дүкен-дүкенді дымын қоймай аралап, әлеyметтік дүкеннің өзінен әзер тапты. Таңның атысынан ине шаншар орын болмайтын кезекте кептеліп тұрып, көптен іліккенін қолына алып қайтатын. Баға мен сапа, өнім мен оның қоры сөз болғанда тyындайтын даy да жоқ емес. «Қант тапшылығы қайта болуы мүмкін» дегенді естігендер есеңгіреп те қалды. Тіпті, тұрғындардың сөзінше әлеуметтік дүкенге қант өте аз келеді екен.

Әйтеуір өнімді қоймаға үйіп, кейін тағы тапшылық деп тыпырлап қалмаса игі. Әлеyметтік дүкендердегі бағаның нарықтық бағадан төмен болғанымен, кей өнімнің сапасына сын айтылады. Тіпті, кей бағалар супермаркеттердің бағасына жақындап қалған. Жұртшылық «арзанның сапасы татымайды» деп айтyдан аyлақ. Десе де көңілдің көншітпейтінін жеткізіп, бағасы сәл қымбат болса да, құрт түспеген қажетті өнімін, керек азығын алyға бекінген. Хош. Картоп, сәбіз секілді өнімге қарық болып жарымаса да, нан алып көңіл мен қарынды тоқ етyге болады. Түскі yақытта келетін жұп-жұмсақ нан тәбетті ашып-ақ жібереді. Тым құрығанда нанның қатып тұрмағанына іштей қyандық. Көптің бір дүкеннің табалдырығын аттай беріп, есігінен енгеннен-ақ толы өнімді көріп көзі жайнап, енді біріне бас сұғып бірлі-жарым таyар мен көкөністен соң жарым көңіл күйде қалатыны содан екен.

-Азық-түлікті үй жанындағы әлеуметтік дүкеннен аламыз. Бағасы қалтаға қонымды демесең, көкіністер сапасы көңіл көншітпейді. Нанды да түстен кейінгі уақытта таппай қаласың. Кей дүкендер таразыдан жеп, болмаса бағана үстемелеп жібереді. Қазір бұрынғыдай емес, базар бағасы тұрақталғандай. Сондықтан күннің қайнаған ыстығында да базарға жөнеліп, қажетімізді аламыз, – деді қала тұрғыны А.Смайл.

-Бүгінгі күні тұрақтандыру қорында 854,9 тонна өнім және 220 мың дана тауық жұмыртқасы бар болса, 814,5 тонна ұн контрактіленіп, қажеттілікке қарай жеткізілуде. Маусымаралық кезеңде көкөніс бағасын тұрақтандыру мақсатында ерте өнімнен 30 қырыққабат, 30 тонна пияз, 30 тонна сәбіз сатып алынып, әлеуметтік дүкендер мен ірі сауда орындарында ашылған әлеуметтік бұрыштарда ресми нарықтық бағадан төмен бағада өткізілуде.

Сондай-ақ «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-ы тауар өндірушілермен 4822 тонна көкөніс өнімдеріне келісім шарттар жасалды. Оның ішінде 2791 тоннаға, атап айтқанда форвардтық негізде 1545 тонна картоп, 800 тонна пияз, 446 тонна сәбізге қаржысы аударылса, қалған көлеміне өнімді жеткізілуіне қарай төленетін болады. Форвардтық келісім шарт негізінде жеткізілетін көкөніс өнімдері белгіленген мерзімде жеткізіліп, әлеуметтік дүкендер мен ірі сауда орындарында ашылған әлеуметтік бұрыштарында өткізілетін болады.

Облыста күріш бағасын тұрақтандыру мақсатында 4 күріш өндіруші кәсіпорнымен сауда үйлеріне 350 теңгеден күрішпен қамтамасыз етіп, 380 теңгеден сату келісілді. Жыл басынан апта сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізу бойынша 116 жәрмеңке ұйымдастырылды, -деді облыстық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ерхан Ағыбаев.

Былай қарасаң, барлық келісім жасалып, тон пішіліп қойған. Сөзге сенсек, тұрақтандыру қорында тапшылық болмайтын тәрізді. Енді нәтиже нанымды болса жақсы. Онсыз да шарықтаған бағаның шамасын қозғап көпшіліктің ойы күпті болды.Біреу-біреуге аузынан жырып азығын бермейді, ал арзаншылық орнаса, көптің айы оңынан туары хақ. Әйтпесе, жұмысынан қалжырап келгендер түйткілге тереңнен бойласа, қараптан-қарап тауы шағылады. Қалтасын қағып жүрген әлеумет те әлеуметтік дүкеннің есігін қағып, терзесінен сығалап қарамаса болды. Аталған мәселе қоғамда қозғалған сайын, айтылатын пікір де азаяр емес. Билік басшылары бұқараға себеп-салдарын түсіндіріп терлесе, халық шырайлы шешім күтіп әлек болады. Ендігі талап орынды сақталып, жоспарға сай жұмыс жүргізілсе бәрі оңынан шешілер. Бәлкім қымбатшылықтың құқайына қарсы тұрар қауқар да пайда болар.

Нәзік АХМЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!