SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, танымал әнші Меруерт Түсіпбаева өзіне қатысты «қара тізім» мәселесін ашық айтып, телеарналардың эфирінен жүйелі түрде шеттетіліп жатқанын мәлімдеді.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, соңғы екі жылда ірі телеарналардан көрсетілмей жүргенін жеткізді. Әншінің айтуынша, ол бұған дейін әріптесі – Алмас Кішкенбаев жазған «қара тізім» туралы мәлімдемеден кейін өз жағдайын да ашық айтуға мәжбүр болған.
«Алмас Кішкенбаев қара тізім жайлы жазды. Мен бұл тақырыпты көтергім келмеген. Бірақ 2025-2026 жылдары мені Ұлттық арна мен Хабар сияқты екі ірі арнадан алып тастап жатыр. Жас әнші емеспін, жастарға жол берейін дедім. Бірақ шыдамның да шегі бар», – деп жазды ол.
Әншінің сөзінше, оны Алматыдан арнайы Астанаға шақырып, түсірілім ұйымдастырған. Алайда бірнеше сағатқа созылған жұмысқа қарамастан, дайын материал эфирге шықпай қалған.
Меруерт Түсіпбаева Хабар арнасының қызметкерлері оның «қара тізімде» екенін білмей, арнайы шақырғанын айтады.
«Бес ән орындадым. 8-9 оператор түсірді. Қанша адам еңбек етті, қанша уақыт, қанша энергия кетті, бірнеше рет киім ауыстырдым. Соңында – ештеңе жоқ. Эфирден көрсетілмеді. Одан кейін былтыр жыл соңында “Таңшолпан” бағдарламасы түсірді, ол да берілмеді», – деп жазды әнші.
Меруерт Түсіпбаева өзі қатысқан шығарылымның қашан жарық көретінін жауапты тұлғалардан бірнеше рет сұрағанымен, нақты жауап ала алмағанын айтты. Оның сөзінше, соңғы рет жүргізушіге жазған хабарламасына да жауап болмаған.
«Қайсысын айтайын?! Халқым аман болсын. Оқырмандарым аман болсын. Жоқ дегенде Баянауылдың тарихында қаламын. Жанға бататыны – уақытыңды, күшіңді сарп етесің, ал түсірілген дүние көрерменге жетпей қалады», – деп қынжылды ол.
Кейінгі жазбасында әнші өзін жағымпаздыққа жақын адам емес екенін де ашық мәлімдеді.
«Теледидардан көрсетпесе – атамнан әрі. Қайтемін, мен жағымпаздана алмаймын. Жақында сұхбат беріп, ақиқатты ашамын», – деді Меруерт Түсіпбаева.
Айта кетейік, бұған дейін Алмас Кішкенбаев та өзіне қатысты белгісіз адамдар оның атын ақпарат кеңістігінен «өшіруге» тырысып жүргенін айтып, «қара тізімде» жүргенін жариялаған болатын.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
