Айтыскер ақын Сырым Әуезхан журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында Төреғали Төреәлінің айтыстан кетуіне себепкер болғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жүрсін аға хабарласып, айтысқа шақырды. Сол кезде айтысқа көп сын айтылып жатқан, жаттап алып айтысады екен деген секілді. Ұпай берілмейді, кім жеңгені ғана айтылады деді. Мен бір күн қалғанда қосылып тұрмын. Төреғали екеуміз айтысатын болдық. Оған дейін бір рет жеңілген едім. Есемді қайтаруға бел будым. Өте тартысты айтыс болды, төбелес секілді өтті. Содан кейін Төреғали айтысқа шықпады. Менің «тепкімнен» кетіп қалды деп айта алмаймын, бірақ шынымен менімен айтысқаннан кейін айтыс сахнасына шыққан емес. Қазір қарым-қатынасымыз өте жақсы», – деп атап өтті ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін айтыскер ақын Бек Шымат 10-сыныпта оқып жүргенде өзін Жүрсін Ерманмын деп таныстырған актерге алданып қалғанын айтқан болатын.
«Бір күні актер Бақытжан Қасымов Жүрсін Ерман болып маған хабарласты. Дауысын алғаш рет естіп тұрғандықтан, қолым дірілдеп, сасып қалдым. Арнау айтасың ба, ей? деп сұрады. Болды аға, бәрін тастап, барамын дедім. Екінші рет қоңырау шалып, ұйқастарыңды дұрыстап кел деп ескертті. Сосын өзім хабарласып, «Аға, арнау не жайында» деп едім, «Никита деген орыс шал қайтыс болыпты, соның жанасында арнау айту керек», – деді. Сіздерге бір қызық айтайын ба, мен сол арнауға дайындалдым ғой», – деп күлді ақын.
«Көзімнің ағы менен қарасындай, Никита ағам еді дәл осындай, Орыс болса да, қазақтың баласындай, – деп өлең шығардым», – деген Бек Шымат жүргізушілер мен бағдарлама қонақтарын қыран-топан күлкіге қарық қылды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!