Айсамал САНСЫЗБАЕВА,

ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем чемпионы:

Өткен аптада Өзбекстанның Ташкент қаласынан Сыр еліне сүйінші хабар жетті. Ауыр атлетикадан 20 жасқа дейінгі жастар арасында өткен Әлем чемпионатында жерлесіміз Айсамал Сансызбаева алтын медальды қоржынға салды. 87 келіден жоғары салмақ дәрежесінде жеңіс тұғырына көтерілген Айсамал қоссайыс қорытындысы бойынша 258 (113+145) келіні бағындырған. Былтыр Перудің Лима қаласында жасөспірімдер арасында өткен Әлем кубогындағы жеңісті жолын абыроймен жалғаған Шиелінің қызымен жарыс арасында жедел сұхбаттастық.

‒ Айсамал, Сыр елінің ғана емес, барша қазақтың мерейін үстем еткен жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Көңіл-күйіңіз қалай? Ташкенттегі байрақты бәсеке қалай өтті? Қарсыластарыңыз да осал болмаған шығар…

‒ Жарыстан кейінгі көңіл-күйім өте тамаша! Осы жарысқа шығуға ұзақ дайындалдым. Өзіңіз айтқандай, қарсыластарым да мықты болды. Бірақ намысқа тырысып, дүбірлі додада жеңіске жеттік. 

‒ Кез келген жеңістің артында үлкен еңбек тұрады. Жалпы әлемдік додаға дайындық қалай жүргізілді, қанша уақытқа созылды?

‒ Елдің намысын қорғап, жақсы нәтиже көрсету үшін бес ай бойы үздіксіз дайындалдық. Спортшылармен бірге Алматы облысындағы Текелі ауылының жанында орналасқан «AIBA» спорт кешенінде жаттығу жұмыстарын жүргіздік. Айта кетейін, қазіргі таңда Ж.Баһадүр атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде оқимын. Жеңіске жетуіме жаттықтырушыларым Мұхаммед Тұрысбеков, Арман Абдраевтың  ықпалы зор.

‒ Ауыр атлетикаға қалай келдіңіз? Ең алғаш шаршы алаңға шыққан сәтті айтып беріңізші… Ата-анаңыздың спортқа деген көзқарасы қандай болды? Отбасыңызда сізден өзге спортпен тұрақты айналысатын адам бар ма?

‒ Спортқа 2014 жылы анам алып келді. Анам жас кезінде дзюдомен айналысқан соң, менің де осы салада жаттыққанымды қалады. Бірақ мен дзюдоға үйрене алмадым. Әрі қарай дзюдоны мүлде ұнатпаған соң, тастап кеттім. Бір қызығы, спортзалда штангы залы да бар-тұғын. Күнде зілтеміршілердің дайындығын көріп жүрген мен ауыр атлетикаға үлкен қызығушылықпен бардым. Бастапқыда ата-анам «қызым, бұл ‒ ауыр спорт. Қатыспай-ақ қой» деп қарсылық білдірді. Ал қазір ол кісілер маған сенеді және үнемі қолдайды.

Ең алғаш рет Қазақстанда өткен зілтеміршілер жарысында бірінші орын алдым. Ол кезде кішкентай медальды мойныма таққаныма мәз тұғынмын. Құдайға шүкір, қазір бала күнгі жетістігімді әлемдік бәсекелерде жалғастырып келемін.

‒ Зілтемір көтеру оңай дүние емес. Осы тұрғыда денсаулығыңызға әсері бола ма? Жарақат алған кезде күтімге қанша уақыт қажет?

‒ Әр спорттың өз қиындығы бар. Расында зілтемір көтеру оңай емес. Бірақ өзім жақсы көріп тұрған соң, қиындығына қарамаймын. Кейде жарақат та аламын. Бірақ тез-тез жазылып, жарысқа дайындалуым керек. Сондықтан жарақатқа көп мән бермеуге тырысамын.

‒ Сұхбатыңызға рақмет!

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!