KAZINFORM — Алматылық «Қайрат» клубының шабуылшысы Дастан Сәтпаев Қазақстан ұлттық құрамасы тарихында бірегей нәтижеге қол жеткізді.
Дастан Сәтпаев футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирінде Уэльспен өткен матчта 74-минутта алаңға шықты.
Ол 16 жас 7 айға толған мерзімде Қазақстан ұлттық құрамасы сапында алғашқы ойынын өткізіп, рекорд орнатты.
Бұдан бұрын үздік көрсеткіш Жамбыл Көкеевке (17 жас 4 ай) тиесілі еді.
«Қайрат» футбол академиясының түлегі 2024 жылдың қараша айында лондондық «Челси» клубында қаралымнан өтті. Биыл ақпанда «Челси» оны 4,3 млн еуроға сатып алды, бұл Қазақстан футболы тарихында рекорд болып есептеледі. Келісімшарт 5 жылға есептелген. Бірақ 18 жасқа толғанша Дастан «Қайратта» қалады.
Биыл 2 наурызда Дастан Сәтпаев «Астанамен» өткен ойында 37-минутта жарақат алған Элдер Сантананың орнына шығып, Қазақстан чемпионатындағы алғашқы голын соғып, таразы басын теңестірді.
Дастан Сәтпаев — сондай-ақ 17 жасқа дейінгілер арасында Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!