KAZINFORM – Үндістанның Уттар-Прадеш штатында фермерлікпен айналысатын тұрғын үйлену тойында музыка қойған жергілікті диджейді құстарының жаппай қырылуына кінәлады. Оның айтуынша, шамадан тыс қатты дыбыс салдарынан 140 тауық өлген, осыған байланысты фермер полицияға арыз түсірген. Бұл туралы жергілікті NDTV жазды.
Телеарна мәліметіне сүйенсек, оқиға Султанпур округінде болған. Үйлену тойының шеруі диджеймен бірге штаттағы ауылдардың бірінде жүріп өткен. Фермер Сабир Али шамамен сағат 21:30 шамасында, шеру оның шаруашылығының жанынан өткен кезде, қатты дыбыс салдарынан 140 тауықтың жүрегі тоқтағанын мәлімдеді.
– Дыбыс соншалықты қатты болды, тауықтар қорқып, қырылып қалды, – деп келтіреді NDTV Алидің жергілікті полицияға берген арызынан үзіндіні.
Телеарна хабарлағандай, бейсенбі күні құқық қорғау органдары осы айыптаулар бойынша диджейге қатысты іс қозғаған. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Тәуліктің бұл уақытында рұқсат етілген дыбыс деңгейі асқан-аспағаны және оның үй құстарының өліміне тікелей әсері болған-болмағаны анықталып жатыр.
Ал мамандардың айтуынша, жоғары жиілікті дыбыс толқындары құстар мен жануарларда қатты күйзеліс тудырып, көп жағдайда жүректің тоқтауына әкелуі мүмкін.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
