Ғаламтордың көкжиегі кең. Әлеуметтік желіні парақтап отырып, бөлмесін тұтастай «Қайсар» футбол клубына қатысты байланыстыратын суреттермен өрнектеген жанкүйерді кезіктіріп қалдық. Алпысты алқымдап қалған ақсақал екен. Команданың директоры Серік Досманбетовпен бірге шаңырағына бас сұқтық. Есімі – Ерлан Барғанаев. Клуб құрылғалы жанкүйер болыпты. Алғашында бала Ерлан марқұм әкесімен еріп, «Волнаның»  матчтарын көреді. Петр Богалюбовтың жетекшілігемен «Волна» КСРО чемпионатының төменгі лигасында өнер көрсетіпті. Ерлан ақсақалды сол кезде стадиондағы керемет атмосфера футболға ғашық қылған көрінеді. Кейбір кездесулерге әкесін күтпей-ақ стадионға асыға жөнеліпті. Содан бері Ерлан ақсақал «Қайсардың» үйдегі бірде-бір кездесуін қалыс қалдырмаған. Тек әскерге аттанған сәтте, 2 жарым жыл «Қайсардың» кездесуінен тыс қалыпты. Сол бір сәт нағыз фанат үшін қиынға соғыпты.

– Футболдың соңында жүріп, жасымыз біразға таяпты. Біздің кезімізде әскерде борышын өтемесе, халық жауымен пара-пар еді. Сондықтан амал жоқ стадиондағы керемет атмосфераны қимай, екі жарым жылға әскерге аттандық. Арменияның Арарат қаласында болдық. Қол қалт етсе қаланы аралап, стадионды іздеймін. Ауылдан жыраққа алғаш шықсақ та сырт елде жасқанбадық. КСРО-ның құрамында болғандықтан болар, бір ауылдан екінші ауылға келгендей болдық. «Арараттың» ойындарын тамашалап жүрдік. Әлі есімде 1989 жылы 17 наурызда  «Арарат» «Динамо» Киевті қабылдады. Теледидардан көріп, жұрттан естіп жүрген футболшыларды сонда бетпе-бет кездестірдім. Біз үшін аңыз болған Олег Протасовпен дидарласу сол кезде үлкен бақыт еді. Әскер аяқталғанша асықтық. Әйтеуір «Арараттың» ойындарын көріп, күнді өткізгендей болдық.

 Әскерден оралған соң Ерлан Бағанаев үйінен бұрын стадионға соққан екен. Футбол фанатаның бұл ісіне көпшілігі таңқалыпты.

– Темір жолдан түсе салып, жора жолдастармен сатдионға бардық. Сондағы мақсатым командаға деген ерекше сағынышым. Алаңды үш рет айналып, стадион қызметкерлерімен әңгіме дүкен құрып, сүйікті командамыздың соңғы жаңалығын білдік. Футболдың айналасында жүріп, ұрысты да жиі еститінбіз. Сеніммен тапсырылған жұмыстар матч  болатын күні атқарылмай қалады. 1995 жылы «Қайсар» төменгі лигаға сырғып түсті. Қазіргі мән жаймен түсіндіретін болсам, бірінші лига. Ашуланып, сол жылы қызметімді Байқоңырға ауыстырып жібердім. Бірақ сондада бүйрегің бұрып тұрады. Қанша дегенмен бала кезден бері келе жатқан клуб. Ақыр соңында Ташкент – Москва бағытындағы  пойызға отырып, матчтарды көре бастадым. Аптасына үш ойын болса, барлығын қалт жібермедік. Кейіннен командаға көңіліміз қайта толып, қалаға бет бұрдық.

«Қайсардың» «Волна» болып құрылға сәтінен бастап ойнаған кездесулерідің әрбір картинасы  50 жыл ғұмырын стадионда өткізген Ерлан ақсақалдың  көз алдында сақталыпты.

– Біздің командада небір жақсы футболшылар ойнады. Олардың ойындарын көріп сүйсінетінбіз. Мысалы, Әбіл Қалымбетов, Сұлтан Әбенов, Нүркен Мазбаев, Тілеухан Тұрмағанбетов, Владимир Логинов секілді аяқдопшылар көптің ықыласына бөленді. Войт Талғаев бапкер болған кездегі команда «Қайсар» тарихындағы мықты құрам болды. Сол құраммен тұңғыш рет Қазақстан кубогын еншіледі. Одан кейін 2019 жылы Стойчо Младеновтың тұсында клубымыздың футболшылары жақсы болды. Ол кездеде ел кубогын жеңіп алдық. Жалпы біздің командаға жаман легионер келмейтін. Ерекше есте қалғаны, Филип Эдейпо, Борут Семлер, Градимир Црногорац, Матиас Курьор, Иван Граф, Джон Камара, Тигран Барсегяндар қасқырлар тарихындағы ерекше трансфер болды.

Ерлан ақсақалдың шаңырағында «Қайсар» ұтқан күні  үлкен той. Оған бір дәлел 2019 жылы қызылордалық команда ел кубогын жеңген тұста қонақ бөлменің қабырғасына қасқырлардың логотипі мен кубоктың суретін салдырыпты.

– Бала кезден сурет салу хоббиіміздің бірі болды. Кәсіби суретші болмасақ та, көз тартатындай портреттерді салып, ермек қылатынмын. Қабырғадағы суреттер соның бір дәлелі. «Қайсар» 2019 жылы кубокты еншіліген сәтте білек сыбанып, кірістім. Бір жағынан, өзіме тарту деп қарадым. Алғашында үйдегілер қарсы болды. Әйел кісінің қайбір іске көнуі қиын ғой (күліп). Қазір тұтастай отбасымызбен «Қайсарға» жанкүйерміз. Біріншіліктегі әрбір жорығына үй ішімізбен алаңдаймыз. Негізінде стадионға баратын көрермендерді екі топқа жіктеп жүрмін. Біріншісі – команда үшін нағыз жанкүйер болатындар, екіншісі – букмекерлік кеңсе арқылы бәс тігетінгдер. Көбінде соңғы типтегілер команда жайлы теріс пиғылда болады. Спорт болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Жеңілген сәтте демеу болмасақ, несіне жанкүйерміз, – деп сөзін қорытындылады футбол фанаты Ерлан Барғанаев.

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!