Соңғы уақытта спортпен шұғылданатын жастың қатары артты. Дәстүрлі спорт түрлерімен қатар енді ғана дамыған бағыттарға бет бұрып, саламатты өмір салтын ұстануды жолға қойған. Республикалық, облыстық жарыстардың көбеюі сұраныс пен қызығушылық молайғанының айғағы екені даусыз. Осы орайда ел жастары қандай спорт түріне қызығатынын бір барлаған дұрыс секілді.

Үстел теннисі. Үстел теннисі жас ерекшелігі мен физикалық дайындығына қарамастан жалпыға бірдей қолжетімді спорт түрі. Бүгінде елімізде 8 мыңға жуық үйірме жұмыс істейді. 242 мыңнан астам адам аталған спорт түрімен айналысады.
Жеңіл атлетика. Тарихы ерте заманнан бастау алатын жеңіл атлетика әлі күнге дейін танымалдылыққа ие спорт түрі саналады. Елімізде 7380 үйірме бар және 384 мыңға жуық адам жеңіл атлетикамен шұғылданады.
Баскетбол. Қазақстанда командалық спорт түрлеріне қызығушылық өте жоғары. Мәселен, 562 мыңға жуық адам баскетболмен айналысады. Баскетболдың қыр-сырын үйрететін 11738 үйірме бар.
Волейбол. Мектеп жасынан көпшілігіміздің сүйікті ойынымызға айналған волейболмен біздің елде 766 мың адам айналысады. Қазақстанның барлық өңірінде жасөспірімдер мен ересектерге арналған 16 мыңға жуық үйірме жұмыс істейді. Сондай-ақ баскетбол 3х3 – Халықаралық олимпиада комитетінің жүргізген зерттеуі бойынша қалалардағы ең танымал спорт түрі. 2017 жылы Олимпиада бағдарламасына енгізіліп, алғаш рет Токио Олимпиадасында таныстырылды. Классикалық баскетболмен салыстырғанда спорттың бұл түрінде әр командада 3 адам ойнайды. Ойын 10 минутқа немесе тараптардың бірі 21 ұпай жинамағанға дейін созылады.
Футбол. Қазақстандағы ең көп қатысушысы бар үйірме – футбол. 1 млн 63 мыңға жуық қазақстандық футбол ойнайды. Олардың қатарында аталған спортпен кәсіби түрде айналысатын қыз-жігіттер де бар. Болашақ футбол әлемінің жұлдыздарын жаттықтырып, тәрбиелеп шығару үшін елімізде 17 мыңға жуық үйірме жұмыс істейді. Спорт жанкүйерлерінің қызығушылығы өте жоғары бокс үйірмелеріне 126 мыңға жуық адам қатысады. Ал, дзюдомен 133 мыңға жуық спортшы айналысса, 116 мыңға жуық адам еркін күреспен шұғылданады.
Сонымен қатар стрит ворк-аут та танымал. Бұл 2000 жылдардың басында АҚШ-тың кедей аудандарында таралған бұл бағытты жәй көше гимнастикасы деп қарамай, спорт субмәдениеті деуге болады. Воркауттың дамуына интернет үлкен әсер етті. Көше жаттығуларының видеосы жастар арасында үлкен қызығушылықты тудырып, кейін Қазақстанға да жетті. Бүгінде еліміздің әр қаласында арнайы ворк-аут жаттығуларына арналған алаңдарды кездестіруге болады.
Армрестлинг. Барша әлемде кең танылған спорт түрі екені даусыз. Олимпиада бағдарламасына енбеген. Алайда қарапайымдылығына қарамастан қатысушылар мен көрермендердің арасында үлкен қызығушылықты оятады.
Көше билері – би сту­дия­ларынан бөлек қа­лыптасқан би стилі. Бидің басқа бағыттарының көптеген элементтерін біріктіреді және көп жағдайда импрови­зацияға жүгінеді. Алматы­лықтардың арасында спорттың бұл түрі өте танымал. Апта сайын көше бишілері өз шеберліктерін көрсету үшін әртүрлі алаңдарда жиналады. Соңғы жылдары Tik-Tok қосым­шасының арқасында бұл бағыт қайта гүлдене бастады.
Агрессивті роликтер, кик-скутер, скейт­бординг – ролик, скутер және скейтбордты экстремалды сырғанау деп айтуға болады. Сырғанаудың негізгі элементтері – секіру және тайғанау. Оларға әуеде акробатикалық трюктерді қосуға болады. Оңтүстік астананың жылы климаты мен жер бедерінің (төмен түсетін және жоғары көтерілетін) ыңғайлы болуына сәйкес алматылық жастар арасында кең таралған. Қазақстанның өзге қалаларында да спорттың бұл түріне қызығушылық артып келеді. Сол себепті жаңа скейт-саябақтары мен скейт-жолдары салына бастады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!