Бүгінде бекзада өнер – құсбегілікпен айналасатындар уақыт өткен сайын азайып барады. Десе де, қанымызға сіңген бұл дәстүр қазақ барда жойылмасы анық. Жыл сайын халықаралық деңгейде сайыстар өтіп, ел-елден көшпенді халықтың ұлы өнерін дәріптеген жиын ұйымдастырылуда.

Бұл жолы да ұлттық спортқа құрмет көрсетілді. Ескіні жаңғырту, есті өнерді дәріптеу мақсатында құсбегілердің республикалық XVI чемпионаты өтті. Атырау қаласында ұйымдастырылған байқау 3 күнге созылып, Қазақстанның барлық өңірінен 13 команда қатысты. Сайыста бүркіттердің бабы сынға түсті.
Додаға қатысатын 100-ге жуық аң аулайтын құстың ішінде 10-нан аса ителгі мен сұңқар, 20-ға жуық қаршыға бар. Ұйымдастырушылар ұлттық спортқа жастардың қызығушылығы басым екенін айтады. Құсбегілердің жарысы Жайықтың жағасында осымен үшінші рет өтіп отыр. Жарысқа қатысушылардың ықыласы мен талабына тәнті болған «Қыран» феде­рациясының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызы сайысқа қатысты мынадай пікір білдіріпті:
– Біздің спорттың өзі – қысқы спорт. Халқымыздың мінезі сияқты, рухының мықтылығы сияқты осы қыста өтеді. Сондықтан да рухы мықты жігіттер ұлттық спорттың айналасына топтасатын болса, біздің құсбегілігіміз, біздің рухы қашанда биікте болады деп сенемін, – деген ол.
Жалпы чемпионатқа Астана, Алматы қалаларымен бірге Ақмола, Қарағанды, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау, Павлодар, Атырау, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарынан 50-ге жуық құсбегі қатысты. Олар 31 бүркіт, 11 қаршыға мен 10 ителгіні сынға түсірді.
Ақтық сында 5 бүркіттің екі шартты орындау шеберлігі тексерілді. Оның бірі – қасқырға шүйлігу. Ал, екіншісі – шырғаға тарту. Осындай сынның қорытындысымен Астана қаласының тұрғыны Серікбек Күнтуған «Алғыр», атыраулық Арман Қошқаров «Нарын» бүркітімен ІІІ орынға ие болды. Сайысқа «Заңғар» бүркітін қосқан Абай облысының өкілі Ерзат Байқадамов ІІ орынды иеленді. Ал, елордалық Арманбек Күнтуғанұлы «Қарашолақ» қыранымен ел чемпионы атанды.
Бұл чемпионатта сайысқа түскен қаршығалар нағыз бабында екені байқалды. Қаршығалар сайысында үшінші орынды астаналықтар – Күнтуған Серікбек «Найзатұяқ», Құдайберген Рауилұлы «Чипок» аталатын құсымен иеленді. Ал, Түркістан облысының тұрғыны Бағдат Кеуенов «Тарлан» қаршығасымен екінші жүлдеге қол жеткізді. Тағы бір түркістандық Дәурен Аршабай баптаған «Тұйғын» бірінші жүлдеге ие болды.
Ителгілер сайысы қызықты өтті. Бұл сайыста түркістандық қос құсбегінің ителгісі үшінші жүлденің иесі атанды. Олар – Ибрагим Базарбаевтың «Қаракөзі» мен Бағдат Кеуеновтің «Тұмары». Екінші орын Жамбыл облысынан қатысқан Бақдәулет Бабажанның «Қаракөз» атты ителгісіне берілді. Бірінші жүлдені Ақмола облысының намысын қорғаған Ерлан Кенжетаевтың «Ақбас» атауы бар ителгісі иеленді.
– Дәс­түрлі қазақ қоғамында хандар мен сұлтандардың, билер мен байлардың «құсхана» аталатын қыран құстарды баптайтын арнайы шаруашылығы болғаны мәлім. Кейбір хандарда 100-ге тарта құс болғаны тарихтан аян. Қазақтың бекзат азаматтарының құсқа құштарлығы жылқыға деген сүйіспеншілігінен кем болмаған. Құстың сыны да аттың сыны сияқты фольклорымызда елеулі орын алады. Ақан серінің «Қараторғай», «Көкжендет» әндері өзінің сырласындай болып кеткен қырандарына арналғанын біреу білсе, біреу білмес. Аты шыққан құсын үйірлі жылқыға бермейтін заман болды. Сондықтан құсбегілер сайысын тұрақты ұйымдастыру ұлттық өнер мен тарихты ұмытпауға септеседі, – Әмет Сейтов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!