Атлант мұхитының етегінде жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты қыза түсті. Жүйріктер жарысында ел намысын қорғаған Нора Джерутта әлем чемпионы атанып, қоржынға тұңғыш жүлдені салды. Бұл жеңіл атлетика тарихындағы тың жаңалықтың бірі болды. Дүбірлі дода кезінде осы спорт түрінен жасалған және көп уақыт мұрты бұзылмай келген рекордтарды оқырмандардың жадында тағы бір жаңғыртқанды жөн көріп отырмыз.

Әлем чемпионаты тарихында молынан олжаға кенелген жеңіл атлеттер көшін атағы жер жарған Усейн Болт бастап тұр. 100, 200 және эстафеталық сайыстарда сынға түскен Ямайканың мақтанышы 2007 мен 2017 жылдар аралығында 11 алтын, 2 күміс және 1 қола медальды олжалады. Барлығы – 13 жүлде. «Найзағай» деген жанама есімге ие болған Усейн 2009 жылы Берлинде өткен әлем чемпионатында 100 метрлік қашықтықты 9,58 секундта артқа тастап, жер-жаһандағы ең жылдам адам атанды. 200 метрлік сайыста ол 19,19 секундтық нәтиже көрсетті. 2012 жылы Лондон Олимпиадасында құрамында Неста Картер, Майкл Фрэйтер, Йохан Блэйк және Усейн Болт сынды дүлдүлдері бар Ямайка құрамасы 4х100 метрлік эстафетада алдарына жан салмады. Бұл рекордтардың ешқайсысы да күні бүгінге дейін жаңарған жоқ. Болт барлығы сегіз рет таңдай қағарлық көрсеткішке қол жеткізді. Сондай-ақ Кариб теңізінде орналасқан шағын ғана аралда туып-өскен даңқты спортшының сегіз дүркін Олимпия ойындарының жеңімпазы деген атағы тағы бар.
Екінші және үшінші орындар АҚШ-тың қос желаяғы – Карл Льюис (8+1+1) пен Майкл Джонсонға (8+0+0) тиесілі. Бирмингемде дүниеге келген Карл ең қысқа қашықтық пен эстафетада дара шығып қана қоймай, ұзындыққа секіруден де барлық бәсекелесінен басым түсті. 1983-1997 жылдар аралығында Льюистің айшықты өнеріне миллиондаған жанкүйер құлшына қол соқты. Далласта дүниеге келген Майкл 200 және 400 метрлік сайыстарда топ жарды. 4х400 эстафетасында да оның алдына ешкім түсе алған жоқ. Джонсонның жеңісті жолы тоқсаныншы жылдары басталса, ғасырлар тоғысында ол үлкен спорттан қол үзді.
Төртінші және бесінші орындарды америкалық Лашон Мерритт (6+2+0) пен украиналық Сергей Бубка (6+0+0) иеленді. 2005-2021 жылдар аралығында Мерриттің жұлдызы жарқырай жанды. Портсмуттың аруы 400 метрге жүгірудің хас шебері еді. 1983-1996 жылдар аралығында өткен дүниежүзілік додалардың сырықпен секірушілер сайысында Бубка қатарынан алты рет жеңімпаз атанып, теңдессіз шеберлігімен төрткүл дүние жұртшылығын тамсандырды. Спорттың бұл түрінің тарихында ешбір атлет 6 метрлік биіктікке секіре алмаған. 1985 жылы Париждегі жарыста Сергей сол межені бағындырды. Украинаның мақтанышы әлемдік рекордты 35 мәрте жаңартты.
Әйелдер арасында әлем чемпионатында жеңіп алған жүлделер саны жағынан 35 жастағы Эллисон Феликске тең келер ешкім жоқ. Жеңісті жолын 2005 жылы бастаған Лос-Анджелес қаласының тумасы биылғы көктемде үлкен спортпен қош айтысатынын жария етті. Оның қоржынында 9 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль бар. Барлығы – 13 жүлде. 200 және 400 метрлік қашықтықтар Эллисонның оң жамбасына келетін.
Екінші орында – Шелли-Энн Фрейзер-Прайс. Ең қысқа қашықтыққа жүгіретін ямайкалық спортшы әлемдік додада сегіз рет жеңіс тұғырына көтерілді. Ол жүлделердің алтауы алтын және екеуі күміс. 35 жастағы Шелли-Энн әлі де бабында. Ямайканың мықтысы Юджинде де бақ сынап жатыр. Үшінші сатыға Гейл Диверс жайғасты. 100 метрге кедергімен және кедергісіз жүгірген АҚШ-тың атақты спортшысы аталған жарыста 6 алтын мен 2 қоланы еншіледі. Кезінде дәл осы Диверс біздің желмен жарысқан желаяғымыз, Олимпиада чемпионы Ольга Шишигинаның басты қарсыластарының бірі болғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Сондай-ақ үздік бестіктің санатында тағы екі америкалық желаяқ бар. Олар – Саня Ричард-Росс (5+1+0) пен Джерл Майлс-Кларк (4+3+2).