Қазіргі қоғам қыз-келіншектердің заман ағымына сай болуын талап етеді. Олар бұрынғыдай тек үй шаруасымен ғана шектелмей, өз қызығушылықтарына, дамуына мән бергенін қалайды. Бір мезетте әдемілік пен даналықты ұштастыра отырып, білім алу, бала тәрбиелеу, кәсіп бастау, тіл үйрену қатаң талап болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл таңдау әрбір аяулы жанның тұлға болып қалыптасуына мүмкіндік береді. Жуырда қала орталығында «Aiaulym» қыз-келіншектерге арналған клубы осы мақсаттарды біріктіре отырып, жұмысын бастады.
Әлемге ортақ заңдылық бойынша қоғам әйел баласынан көп нәрсе күтеді. Ол − мейірім, әдемілік, даналық. Осы қасиеттің бәрі олардың жаратылысында бар, олардың қолынан бәрі келеді десек те, нәзікжандылар қашанда айналасынан қолдау күтеді. Ал кез келген адам үшін қолдау өз-өзіне деген жанашырлықтан басталу керек. Үлкен мақсаттар мен міндеттерді біріктірген «Aiaulym» қыз-келіншектерге арналған клубының мотивация мен дамудың орталығына айналуы да осының дәлелі. Жайлылық пен жағымды атмосфераны қамтыған бұл ортада әр адам өзіне тұлға ретінде сеніммен, махаббатпен қарауға үйренеді. Тек ақыл айтып қана қоймайтын клубта трендтегі түрлі бағыттар қамтылған. Бұл жайында «Aiaulym» клубының директоры Жұлдызай Есахаева кеңірек айтып берді.
− «Aiaulym» әйелдер клубы – махаббат, мотивация, қолдау және даму орны. Бұл ауқымды жобада бірнеше клубтар қарастырылған, солардың бірі – кітап клубы. Мұнда кітап оқуды жаны сүйетін, әрдайым ақылына азық іздеп, оқыған кітабын талқылайтын ортаны қалайтын жандар жиналады. Одан бөлек, орталықта арт-клуб өз жұмысын бастады. Сурет салу арқылы әрбір қыз-келіншек ішкі әлемін бейнелей алады, яғни олардың әлемге деген көзқарасы, қызығушылығы, көңіл-күйі мен эмоциялары қағазға түседі. Бұл – әсемдікті жаны сүйетін арулар үшін керемет сәт. Тағы бір тиімді жоба – қыздардың бір-бірімен тәжірибе алмасып, кері байланыс беретін алаңына айналған бизнес клуб. Бәріміз үшін бизнес бастағанда ең алдымен сауаттылық қажет екені белгілі. Осы мақсатта орталық қаладағы табысты әрі тәжірибелі кәсіпкерлермен бірге шеберлік сағатын өткізуді қолға алды. Әрі клубта белсенді кәсіпкер әйелдермен бірге бизнес таңғы ас ұйымдастыру жолға қойылған. Сондай-ақ әйел адам үшін ең басты құндылық отбасы, бала тәрбиесі екені белгілі. Бұл тақырыпты жан-жақты зерделеп, отбасы гармониясын қалыптастырып, бақытты бала тәрбиелеу үшін «Mom’s club» қызмет көрсетеді. Одан бөлек орталықта фитнес, тимбилдинг, ораторлық шеберлік сағаты, коворкинг те қамтылған, − дейді Ж.Елібайқызы.
Әрбір отбасының берекесі мен шуағына айналған әйелдер үшін «Aiaulym» клубының орны ерекше. Себебі әйел адамның көңіл-күйі көтеріңкі, жан дүниесі таза, қуанышқа толы болса ғана айналасына жақсы қуат тарата алады.
Айта кетейік, клуб келушілерге қолжетімді бағада, апта бойы қызмет көрсетеді. Бүгінде орталыққа келушілердің қарасы қалың. Арулардың әр күнін махаббат пен мейірімге, мереке мен биік мақсаттарға айналдыруды әдетке айналдырған «Aiaulym» клубының нәзікжандыларға қуаныш сыйлайтынына сенім мол.
Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!