Әлемнің әдемілігін еселей түскен әйелдер қауымы көктем келген сәтте айналаны ерекше нұрға бөлейді. Адамзат бар жақсыны, бар игілікті аруларға арнағысы келетін сәт те осы мезгіл. Бәлкім 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнінің маңызын нәзік жандыларға көрсетілген құрмет еселейтін болар. Расымен осы көркем жаратылыс қандай сыйға да, қошеметке де лайық. Себебі олар барлық салада көшбасшы, нәзіктік пен қайсарлықты қатар иеленген жандар. Сөзімізге, Америкада жүк көлігін тізгіндеп, талайды таң қалдырған қазақ қызы Сымбат Кәрімбекованың еңбек жолы
дәлел.

Сымбат, мереке қарсаңында өзіңізбен тілдесудің сәті түскеніне қуаныштымын. Әңгімемізді көпшілік айтатын таптаурын ерекшеліктер емес, сіз сезінген Американың артықшылығынан бастасақ… Америка сізге қандай мүмкіндіктер сыйлады?
– Ең алдымен Америка маған «бостандық» сыйлады және шектеудің жоқ екенін түсіндірді. Адамның құқығы мен еркіндігін жоғары қойған рухани дүниелерді көбірек бере алды. Менің бұл сөзіме қарап, көпшілік «Қазақстанда бостандық жоқ па?» деп ойлайтын болар. Бұл тұрғыда мен екі елді салыстырып отырған жоқпын. Бірақ кез келген жағдайда Америкада өзіңді қорғалған адам ретінде сезінесің. Саған бір жағдай бола қалса, жақтасатын өзіңдей адамдардың бар екенін білесің. Сондықтан көпшілік Америкада өмір сүру форматы басқаша екенін түсінеді деп ойлаймын.
Ал қаржылық жағынан алатын болсақ, Америка бойынша 45 штатты араладым және көптеген керемет жер көрдім. Бір қызығы, Американың өзінен екі-үш Қазақстан шығатын шығар.
Алғашында жаңа ортаны қалай қабылдадыңыз? Еркіндік сыйлайтын, бірақ түрлі мәдениетті тоғыстырған жаңа қоғамға бейімделу барысында қиындық болды ма?
– Америкаға дейін басқа шетелге шықпаған соң, бұл менің бірінші шекара асуым болды. Нью-Йорктың бір ерекшелігі сол, ол жерде әлемнің түпкір-түпкірінен адамдар жиналған. Ол жерде американдықтар деп ақ немесе қара нәсілді адамды бөліп айта алмайсыз. Сондықтан АҚШ-қа келгеннен кейін екі-үш күннен соң өзімді Нью-Йорктың тұрғыны тәрізді сезіндім. Барлық жағынан өзімнің іздегенімді таптым. Бұл қала маған тез құшағын жайғандай болды. Қаланың жатырқамайтын себебі, ондағы адамның бәрі жан-жақтан жиналған. Сондықтан жаңа ортаға үйренісу өте жеңіл болды.
Желідегі оқырман сізді трак жүргізушісі ретінде танып бастады. Бұл бастамаға қалай тәуекел еткеніңізді газет оқырмандарына да айтып берсеңіз… Ең алғаш көлік жүргізгендегі эмоцияңызбен бөліссеңіз… Трак жүргізген сәтте алаңдаған сәттер болды ма?
– Иә, мен – трак жүргізушісімін. Трак дегеніміз ̶ 21 метр ұзындықтағы, сіздер «фура» деп айтатын көлік. Жоғарыда айтылған еркіндік, «кім не дейді?» деген сұрақтарға қарамайтын бостандық осы тұста сөзіме үлкен дәлел болады деп есептеймін. Өйткені, шынымен бұл ортада шектеу жоқ. Мүмкін, Қазақстанда немесе басқа мемлекетте болсам, «фура айдау» деген ой миыма кіріп-шықпайтын шығар. Америка болған соң және жан-жағымдағы адамдар маған мотивация беруінің нәтижесінде «неге басқа адамның жасағанын келесі адам қайталамасқа?» деген ой келе бастады.
Трактағы қиындық деп жауапкершілікті айтуға болады. Өйткені, кейде қырық тонна жүк көлігімен келе жатып, бірде таудан түсуге тура келеді, бірде ауа-райы бұзылуы мүмкін. Бір ғана тежегіштің жұмыс істемей қалуы көп нәрсені шешеді. Сон­дық­тан жауап­кер­шілік қай кезде де жоғары. Трактты жүр­гіз­ген­де ұзын­ды­ғын бақылап отыру керек. Сәл дұрыс есепте­месең, басқа көліктерге соғып кетуің мүм­кін. Деген­мен уақыт өте келе бәріне үйренсең. Тағы бір қиындық – ұйқының бұзылуы. Жүк келген уақытта күн-түн демей, ұйқы режиміне қарамастан жолға шығасың.
Ал қызық жағдайға келсем, тракттың сыртынан қарасаң үлкен екенін білесіздер. Соған қарап оны өзіңнің айдап жүргеніңе сенбейсің. Бірақ бұл ерекшелік ішінде отырғанда байқалмайды. Мен алғаш жауапкершілік алғанымда қатты алаңдағаным сонша ұйықтап жатқанда атып тұрып рульге жабысатынмын. Себебі қыс айларында машинаны қосып қойып ұйықтайтынбыз, ал ол жүріп бара жатқандай әсер қалдырады.
Қазіргі таңда қандай жобаларға, басымдық берудесіз? Қандай сала бойынша жұмыс істеудеміз?
– Қазір шағын бизнесім бар. Әзірге үлкен табыс әкелмесе де, сол жобалармен жұмыс істеудемін. Одан бөлек, басқа салалар бойынша білім алудамын, бірақ нәтиже шығарғанша ол жайлы айтқым келмейді.
Алдағы уақытта елге қайту ойыңызда бар ма?
– Елге қайтатын уақыт деп белгілі бір кезеңді айта алмаймын. Бірақ елге оралатыным анық. Себебі, университет бітірген сәтте келген соң, өмірге бейімделу Америкада басталды. Барынша аяққа тұрып, Америкадағы нәтижелерімді өзіме дәлелдеп, Қазақстанға инвестор болып қайтқым келеді.
Сұхбаты­ңыз­ға рақмет!

Әңгімелескен
Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!