Үздік әдеби туындыларды қазақ тіліне аударып, сапалы кітаппен қуантатын қазақстандық баспа үйінің бірегейі – «Steppe & WORLD Publishing».

Баспа үйінің өз тарихы бар. Қазақстанға 2016 жылы қонаққа келген Раиса Қадыр балаларына сыйлыққа апаруға қазақша кітап іздейді. Бірақ қалада мұндай шығармалар өте аз екенін байқайды. Өзі-туып өскен Маңғолияға оралғанымен «қазақша кітап шығаратын баспа үйін ашу керек» деген ой тыным бермейді. Ал 2019 жылы отбасымен Қазақстанға қоныс аударып, «Steppe & WORLD Publishing» баспа үйінің негізін қалады.

Жеті жылдың ішінде 150-ге жуық қазақша кітап басылды. Бұл туындылардың 80 пайызы балаларға арналды. «Қазақша кітап оқи алмаймыз» деп жүргендердің өзі әдемі дизайнмен көз тартатын бұл туындыларды қалай оқып бітіргенін байқамай қалады. Басты себеп сапасында болса керек. Кітап мәтінінің түсініктілігі сондай аударма екенін де естен шығарасың, бояуы қанық, оқуға жеңіл.

Райса Қадырдың ел игілігі үшін атқарған еңбегі ескеріліп, былтыр «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ал биылдан бастап баспагер Ұлттық құрылтай мүшесі атанды.

Қызылордаға алғаш рет келген Раиса Қадыр «Аяулым» орталығында оқырмандармен кездесті. Сондықтан кездесу барысындағы сұхбатты сторителлинг әдісімен беруді жөн көрдік.

Раиса ҚАДЫР: «Steppe & WORLD Publishing» - балаларға қазақша кітап іздеуден туған идея

ҚАЗАҚСТАН – МЕНІҢ АТАМЕКЕНІМ

«Steppe & WORLD Publishing» баспа үйі Алматыда жеті жыл бұрын ашылды. Баспа үйін ашуға не себеп болды? Сапалы мамандардан құралған команда қалай жасақталды? Кім кеңес беріп, қолдау танытты? Алғашқы аударманы кім жасады? Мұны айтпас бұрын алдымен өзіме аз-кем тоқталайын.

Қазақстан – менің бабаларым өмір сүрген, атамекенім. Елге қоныс аударғанға дейін отбасымызбен көп жыл шетелде өмір сүрдік. Өзім Маңғолияның тумасымын. Ата-әжем Баян-Өлгейде, ал әкем мен анам Ұлан батырда тұрды. Әкем дипломат болғандықтан оншақты жыл Мысыр елінде өмір сүріп, сол жақта университет бітірдім. Әрі қарай Англияда магистратурада оқыдым. Одан кейін жолдасымның Германияда докторлық диссертациясын қорғауына байланысты сол елге қоныстандық. Оқуымды Нидерландыда жалғастырып, бірнеше жыл Голландияда тұру бұйырды. Кейін балалық шағымыз өткен Маңғолияға қайтадан тұрақтадық. Мамандығым бойынша саясаттанушы, қаржыгермін.

Раиса ҚАДЫР: «Steppe & WORLD Publishing» - балаларға қазақша кітап іздеуден туған идея

Ата-анамның жұмыс барысымын бірнеше елге көшуі біздің шет мемлекеттерді көріп, түрлі мәдениеттерді танып, тіл үйренуімізге жол ашты. Қазір қазақ тілінен бөлек маңғол, араб, түрік, орыс, ағылшын, неміс тілдерінде сөйлей аламын.

2016 жылы атажұртымыз Қазақстанға қыдырып келдік. Қайтар кезде кітап дүкендеріне кіріп, балаларға арналған қазақша кітап іздедім. «Атамұра», «Алматыкітап» баспасының еңбектерін көрдім, бірақ қазақ тіліндегі аудармалар жоқтың қасы екенін байқадым.

Кітап таппағаннан кейін «онда неге өзіміз қазақшалап шығармаймыз?» деген сұрақ туындады. Бірақ баспа үйін ашу туралы шешімге бірден келген жоқпын. Кейде бір идеялар аз күнде-ақ ұмытылып кетеді. Ал кітап шығару туралы ой бір-екі ай бойы санамнан шықпай қойды. Тіпті түсімде де көремін. Содан кейін нақты шешім қабылдап, кітапты басып шығару ісіне бар ниетіммен кірістім деуге болады.

Бұған дейін баспа саласынан мүлде тәжірибем болмады. Түк білмейтінмін. Қанша жерден «кітап шығарамын» дегеніммен, тіл маманы емеспін. Мектепті орысша оқығасын қазақшам да шала. Дегенмен отбасымызда бәрі қазақ тілінде сөйлейтін. Сондықтан бойымда қазақы түсінік пен тәрбие қалыптасып қалған. Қатты патриотпын, кейде мені ультрапатриот деп те атайды. Қазақы ортада емес, басқа елде өмір сүргендіктен ұлттық болмыс, ана тілімізді сақтап қалу керек деген қысым болды. Соның да әсері болған шығар деп ойлаймын.

Раиса ҚАДЫР: «Steppe & WORLD Publishing» - балаларға қазақша кітап іздеуден туған идея

АЛҒАШҚЫ КІТАПТЫҢ БАСЫЛУЫНА КІМ КӨМЕКТЕСТІ?

2017 жыл. Ол кезде Алматыда тұрмасам да, әлеуметтік желіде белсендімін. Қазақ ағайындармен араласып тұрамын. Бір күні желі арқылы Рауан Кенжеханұлы деген мықты азаматпен таныстым. Мен ол кезде Рауанды Уикипедияны қазақшалап жүрген маман деп естігенмін. Бірде «Кітап баспасын ашқым келеді. Әлемдегі үздік кітаптарды қазақшаға аударып, Қазақстанға апарғым келеді. Бірақ бұл салада мүлде тәжірибем жоқ, жолын білмей тұрмын» деп кеңес сұрадым.

Алла ниетің түзу болса, керек адамды өзі жібереді екен. Рауан Кенжеханұлына әлгі ойымды айтып едім, бірден қолдады. Маңғолиядан келдім бе, қайдан келдім, онда шаруасы жоқ, «қазақша кітап шығарасың ба, онда көмектесіміз» деді. Еш уақытта ондай адаммен таныс боламын, маған жол көрсететін адам алдымнан шығады деп ойламаған екем. Сөйтсем, Рауан Кенжеханұлы «Ұлттық Аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры болып еңбек етеді екен. Ал бұл қор «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға алып, жоғары сұранысқа ие кітаптардың денін ағылшын тілінен тікелей қазақшаға аударумен айналысады. Осылайша баспа саласында үлкен тәжірибесі бар ол командасымен қолдап, алғашқы балалар кітабының жарық көруіне көмектесті.

Ал алғашқы туынды «Ақын қоян» мен «Груфаллоны» журналист, аудармашы Ғалым Боқаш қазақ тіліне аударды. Ғалым ағаның арқасында қазақ тіліне ғашық болдым. «Груфаллоны» оқып көрдіңіздер ме? Он рет емес, тіпті жүз рет қайталап оқи бергің келеді. Біз шығарған 150 кітаптың ішіндегі ең күштісі осы деп айтар едім.

Раиса ҚАДЫР: «Steppe & WORLD Publishing» - балаларға қазақша кітап іздеуден туған идея

ДАЛА МЕН ӘЛЕМДІ ЖАҚЫНДАТҚЫМЫЗ КЕЛДІ

Осылайша «Steppe & WORLD Publishing» баспа үйі өз жұмысын бастап, алғашқы туындыларымыз жарық көре бастады. «Steppe» – дала, «world» – әлем деген мағынаны білдіреді. Әлеммен даланы жақындату мақсатында осындай ат қойдық. Ал логотипке дархан даланың белгісі – күн, жел, ақбөкенді бейнеледік.

Әлем әдебиетін аудару үшін автормен алдын ала келісіп, авторлық құқық сұраймыз. Рұқсатсыз ешбір кітап шықпайды. Германияның Франкфурт қаласында жылына бір рет өтетін кітап көрмесі болады. Ауқымды шараға авторлар, автордың агенттіктері, әлемнің ең үлкен баспа үйлерінің өкілдері арнайы барады. Сол жерде кітап басуға келісіп, авторлық құқықты сатып аламыз. Мен алғаш барған кезде олар «Қазақстан деген қандай ел?», «қазақ тілі бар ма?» деп аң-таң болатын. Ал кітап таңдау үшін балаларыммен ақылдасамын. Өйткені бұл жұмысты солар үшін жасаймын.

Раиса ҚАДЫР: «Steppe & WORLD Publishing» - балаларға қазақша кітап іздеуден туған идея

ХӘРРИ ПОТТЕРДІ ҚАЗАҚШАЛАУДАН КӨБІ БАС ТАРТТЫ

Маңғолиядан Қазақстанға көшер уақытта Хәрри Поттердің авторлық құқығына қол жеткіздік. Рұқсатын алып алдық. Енді қайтем? Кім аударады?

Хәрри Поттер – толық 7 сериядан тұратын шығармалар жинағы. Мыңдаған беттік дүние.

Содан кейін Facebook-ке «аудармашы, редактор керек» деп хабарлама жасаймын. Қазақ әдебиетінде еңбек етіп жүрген ағаларға жазамын, «редактор боласың ба?» деп. Бәрі бас тартты. Бір жағы мұндай танымал кітапты аударуға қорықты ма екен, бір жағы балалар әдебиеті деп менсінбеді ме екен. Кейбір үлкен жазушылар балалар әдебиетіне біртүрлі қарап, менсінбейтіні бар. Олар трагедияны, салмағы ауырлау әдебиетті жақсы көретін секілді.

Содан кейін редактор Назгүл Қожабек «бұл жобаны мен ғана жасай аламын. Басқа ешкім жасай алмайды, жасамайды да» деп Facebook-тен хат жолдады. Шынымен солай екен. Көбі ондай жұмысқа шыдамайды. Редактор – бүкіл жобаны басқарып отыратын адам. Аудармашыларды да өзі таңдайды, қатесін де өзі тексереді. Мен жұмысты ұйымдастырып, жалақысын беріп, жағдайларын жасағаныммен, кітапты кітап қылып шығаратын адам – редактор. Назгүл ол кезде «Ұлттық аударма бюросында» шеф-редактор болып жұмыс істейтін. Жұмысынан шығып, бізге келіп, бірлесіп еңбек кеттік. Аудармашылардан құралған жақсы команда қалыптастырды.

Бұл жұртты шулатқан кітап болды. Хәрри Поттер 7 кітаптан тұрғанымен, қосымша 3 кітабы бар. Оның барлығын аударуға 3 жыл кетті. Көбі «неге Гарри емес, Хәрри?» деп сұрайды. Тұпнұсқандағы Harry деген есім қазақшада Хәрри болып оқылады, ал Гарри деп айту үшін Garry болып жазылуы керек.

Раиса ҚАДЫР: «Steppe & WORLD Publishing» - балаларға қазақша кітап іздеуден туған идея

БАЛАНЫ КІТАПҚА ҚАЛАЙ ҚЫЗЫҚТЫРУҒА БОЛАДЫ?

Қазақша кітап шығаруға келгенде көбінде немқұрайлылық бар. Менің және команданың ұстанымы: «Балаларға кітап шығарып жатқан кезде біз өте үлкен жауапкершілікпен қарауға тиіспіз. Оның ішінде қате болмауы керек, қызық болуы қажет». Біздің кітаптарда бұзақылық сипатталатын оқиғалар, әдейі қатемен жазылған кітаптар бар. Мысалы, біз басып шығарған «Итбастың» мақсаты – балаға кітаппен дос болуды үйрету. Оның 4 сериясы шықты, ал өзі 12 сериядан тұрады.

Комикс кітапта суреттерге қарап отырып бала мәтіндерді тез оқып бітіреді. Ал мәтіндегі «қателерді» көріп, қателесудің қалыпты жағдай екенін түсінеді.

Біз көбіне белгілі бір ережеге сүйенетін консервативті қоғамбыз. Балаларға үлкен кітаптарды беріп қоямыз, олар оны оқығысы келмейді. Көп мәтінді көргенде қызықпайды, қашады. Күлкілі әрі оқиғасы қызық кітапты бергенде 1-2 күнде бітіріп тастайды. Балада «мен кітапты аяқтадым, соңына дейін оқи аламын» деген сенім пайда болады. Қорқынышын жеңеді.

Балалардың бәрі бірдей кітапқа қызыққыш болмайды. Сондықтан мен де кейде 10 жастағы баламды қызықтырып, өзім де бірге оқимын. Күніне 20 минутын кітапқа арнайды. Кейде «сен бір парақ оқы, мен бір парақ оқимын» деп шарт қоямын. Баланың жанында отырып, бірге оқыған өте маңызды. Кейде «осыны оқып бітірсең, мынаны алып беремін» деп те ынталандыруға болады.

«Кітап шығару табысты бизнес пе?» деген сұраққа келсек. Кітап шығады, түскен пайданы келесі кітапқа саласың. Шетелден зат әкеліп, алып сатумен айналыссаң, жылдам пайда түседі. Мұндай саудамен салыстырсақ, кітап басу жақсы сауда емес. Біз тек кітап сататын дүкен емеспіз ғой. Алдымен шығарманың авторлық құқығын сатып аламыз, редактор, аудармашы, корректор, беттеуші, дизайнермен келісеміз, жалақысын төлейміз. Баспаханаға да қаржы жұмсалады. Салық та бар. Соның бәрін ойлап қарасақ, тиімді бизнес деп айта алмаймын.

«Кітап оқудың пайдасын айттық. Ал зияны болуы мүмкін бе? Себебі трагдиялы кітаптар адамға әсер етуі мүмкін. Таңдап оқу керек пе?» деген сұраққа келсек, Тік-Ток-тан шығатын жағымсыз бейнежазбалардың қасында кітаптағы оқиғалар түк емес. Кітап оқу арқылы сөздік қор қалыптасады. Сыни ойлау қабілетің жақсарады. Оқиғаларға басқа адамның ойы, көзқарасы қалай болатынын білеміз. Кітап оқу – медитация. Кітап оқудың зияны болады деген ұғымды мүлде қабылдай алмаймын.

Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!