Миллиондардың алдында тікелей эфир жүргізіп, жылдар бойы телекөрерменнің сеніміне ие болған журналистер көп емес. Өткір тіл, байсалды болмыс, харизмасымен ерекшеленетін тележурналистің бірі – “Анаға тағзым” орталығының басшысы Алтынай Молжанова.

Алтынай Бекмағанбетқызы, айта да, жаза да білетін журналиссіз. Өзіңіз 25 жыл жұмыс істеген телевизиядан алшақтап, мемлекеттік қызметке бет бұруыңызға не себеп болды?
– Журналистикадан мүлде қол үзіп кету мүмкін емес. Қай кезде де журналист ретінде қоғамның әр өзгерісін бағамдап, мәселені алдын ала сезіп, кейде жақсылықтың нышанын байқап қалатынымыз рас. Көзқарасым бұрынғыша. Телеарнада қай сала өкілінен сұхбат алар болсақ, алдын ала сол бағытты әбден зерттеп, танысатынбыз. Сондықтан руханият саласы маған бейтаныс дей алмаймын, медиадағы тәжірибем бұл қызметте де көп көмегін тигізуде. Былтыр мен үшін өзгерістер жылы болды. Мұның алдында іштей жаңашылдықты қалап, басқа бағытта, өзге ортада еңбек етуге ниеттеніп, жолдасым екеуміз Астанаға көшуге қамдандық. Бұл ой бұрыннан болды. Ұлттық арнадан бірнеше рет ұсыныс та түсті. Мұндайда жауапкершілік жағын көп ойлайтынмын. Қанша зиялы қауым өкілімен сұхбаттасып, ұзақ жыл тікелей эфирді тізгіндесем де, жаңа қызметке ауысуды кейінге шегере бердім. Себебі көтере алмайтын шоқпарды беліме байлағым келмейтін. Мен үшін мойынға алған тапсырманы тиянақты орындау, өлтіріл, бірақ уақытылы тапсыру өте маңызды. Тіпті телевидениеде жүргенде бас продюссер ретінде сценарийім сол күні жазылмай қалса, түнімен ұйқым қашып, сүбелі сөз, әдемі тіркес ойыма келсе, бірден қағазға жазып қоятынмын. Жұмыстағы осы қасиетім басқа жаққа ауысу туралы шешім қабылдамауыма үлкен әсер етті. Бір жағынан ол кезде ұлымыз бен қызымыз Назарбаев мектебінде білім алатын. Зияткерлік мектептің емтиханынан өту, сол ортада қалыптасу оңай емес. Сондықтан олардың оқуын орта жолдан үзіп, жаңа қалаға әкетуді қаламадық. Қазір ұлымыз Алматыдағы ҚБТУ-дың магистратурасында оқиды, ал қызымыз Назарбаев университетінің магистратурасын бітіріп, Астанадағы компанияға жұмысқа орналасты. «Елордада қызмет етудің сәті енді түскен секілді. Экраннан көріну мақсат емес, про- дюсер, мүмкін сценарист ретінде жұмыс істермін» деген ойға келдім. Дайындалғанымыз сондай барлық киімдерімізді жинап, үйді әне-міне сатуға шығарғалы жүргенбіз. Былтыр шілде айында осы жұмысқа ұсыныс түскенде, жолдасыммен ойласып, Қызылордада қалу туралы шешімге келдік.

«Анаға тағзым» орталығын ашуға не себеп болды? Өзге өңірде мұндай орталық бар ма?
– Мұның алдында «Анаға тағзым» орталығы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Жамбыл, Ақтөбе облыстарында бой көтерді. Ал үшінші орталық Қызылордада ашылды. Бердібек Машбекұлын жақсы танитын азаматтар ол кісінің анаға деген құрметі ерекше болғанын жиі айтады. Бәріміз де аяулы жанды құрметтейміз, бірақ ол кісі бір емес, барлық ананың әлеуметтік жағдайына алаңдады. Әйел анаға деген құрметтің белгісі ретінде ақ үй тұрғызу, «Анаға тағзым» орталығын ашуды армандап, оны іске асырды. Бүгінде сол ізді Нұрлыбек Нәлібаев жалғастыруда.

Әйел тыныш болса, әлем тыныш

Бір сөзбен айтсақ, аналарды қолдайтын орталық…
– Иә, әйел тыныш болса, әлем тыныш. Әйелдің жүрегіне жайлылық орнаса, отбасында да жылы аура қалыптасады. Біз жұмыспен қамту орталығы немесе «міне үй, мынау кілт» деп пәтер беретін, емделуге жолдама дайындайтын ғимарат емеспіз. Бірақ қыз-келіншектерді рухани тұрғыда демеп, дамуына қолдау көрсете аламыз. «Анаға тағзым» орталығы ашылғанда «Неге әдемі ғимарат тұрғыза береді, одан да аурухана салмай ма?» дегендер де болды. Алайда қазір рухани ортаны аңсайтын, зиялы қауыммен араласып, жақсыны көргісі келетін үйде отырған аналар көп. Өткенде ауылда туып-өскен студент қыз орталықты аралап, «Мен мұндай әдемілік тек Астана мен Алматыда ғана болады деп ойладым» дейді. Неліктен олар әдеміні басқа жақтан іздеуі керек, өз қаласында да сұлулыққа көзін тойдырсын, бірге дамитын орта тапсын. Ал жуырда бір келіншек «миымды тынықтырғым келеді, әдемілікке қарап аз уақыт отырсам бола ма?» деп келіпті. Байқадыңыз ба, әйелдерге көркемдікпен қатар өзін қолдайтын орта керек. Біздің ұжымда бойжеткендермен бірге орта жастағы аналар, жасы жетпіске жақындаған әжелер де жұмыс істейді. Жастармен жұмыс істеу жеңіл екені рас. Бірақ он баланы өсіріп, өмір өткелдерінен өткен аналардың айтар ақылы бөлек. Аспазымыз да жасы үлкен кісі. Бүгінгі буын ұлттық асты әдемі етіп дайындауы мүмкін, бірақ жоралғының түп төркінін білмейді. Дәстүрді түсіне алатын, көпті көрген қызметкерлерді таңдауымыздың бір себебі осында.

– Бірнеше жыл бұрын әйелдер митингісі белең алғанымен, қазір басылды. Мәселенің шешілуіне не ықпал етті?
– Журналист ретінде осындай жағдайлардың басы-қасында жүрдік, ақпараттандырдық. Бұл – бір кезеңдік құбылыс. Түрлі әлеуметтік жағдайдағы отбасы, мүгедек бала өсіріп әбден шаршаған, пәтер ала алмай жүрген аналар бар. Өмір болғасын мұндай жағдайлар болмай тұрмайды. Кейбір әйелдердің арасында айқайласам аламын, байбалам салсам береді, бүлік шығаратындай пост жазсам, дегеніме жетемін деген түсінік бар. Тек әйелдер емес, мұндай позицияны кейбір ер адамдар да ұстанады. Сондықтан мүлде басылды деуге де болмас… Бірақ шаңырақтың шырағы – әйелдер. Рухани тұрғыда кемелденіп, жүрегі тынышталған аналар отбасының берекесін кіргізеді. Ұлттық құндылықты жаңғырту анадан басталады. «Анаға тағзым» орталығы дәл осы мақсатта, яғни ұлттық менталитетті сақтау, жаңғырту жолында қызмет етуде.

Мемлекеттік қызметкер емеспін

– Әлеуметтік желіде белсенді емессіз. Бұған мемлекеттік қызметтің де әсері бар ма? Конвергентті журналистикаға қалай қарайсыз?
– Интернет күшейген сайын журналистиканың осы бір түрі керек болып жатыр. Бейімделуіміз керек. «Бүгін осындай шара өтеді, сұхбат алмақшымын» деп видео түсіріп, желіге жариялауға да болар еді… Бірақ «бұл адамдарға пайдалы ма?» деген ой тоқтау салады. Басқаға көмегі тиетін дүниені ғана жариялағым келеді. Телевизияда жүргенде де пост жазабермейтінмін. Ал мемлекеттік қызмет дегенге келсек, біз мемлекеттік қызметкер болып саналмаймыз.

– Журналист ретінде жүздеген адаммен сұхбат жүргіздіңіз. Есіңізде ерекше қалған сұхбат бар ма?
– Тоқтар Әубәкіровпен өткен эфирді айтар едім. Тау тұлғалы, еңсегей бойлы ғарышкердің қасында мен шынашақтай болып қалдым. Ғарышқа өзім ұшқандай, сұрақ та, жауап та есімде жоқ. Тек бекзада болмыс иесінің студияға өзі келіп сұхбат бергені ерекше қуантып, бір серпіліс алғанымыз есімде.

– Сізді ашық-жарқын журналист образында танимыз. Журналист Алтынай мен кәдімгі Алтынайдың айырмасы қандай?
– Бетперде кие алмаймын. Мақтанғаным емес, қай жерде де шынайымын. Үнемі күлімсіреп жүруге тырысамын. Тіпті, мешітте имам дұға оқығанда да жымиып отырыппын. Оны өзім де байқамадым. «Неге күлдіңіз?» дегенде, «мен күліп отырған жоқпын» деймін. Бірақ ол кісі «Мен мұныңа риза болдым, күліп жүрген адамға Алланың өзі мейірімін төгеді» деп жауап берді. Әріптестеріме де жұмысқа қуанып келіп, қуанып шығайықшы деймін. Көбіне жұмысқа жаяу ойланып барамын. Телеарнада жүргенде де екі айдай солай еткенім бар. Мен тұратын шағын аудан мен облыстық телеарна ғимаратының арасы көліксіз жүрсең 1 сағат 40 минут. Таңертең 7.00-ге жақын үйден шығып, жолдан әріптес құрбым қосылып, жұмысқа 9-ға жақын жететінбіз. Жолдасым эфирге шығатын костюмдерімді көлікпен алып баратын. Кез келген жағдайға сабырмен қарап, апатияға түспеуге тырысамын. Спортқа жақынмын.

– Алдағы уақытта сізді телевидениеден көруіміз мүмкін бе?
– Биыл жасым елуге толады. Тәжірибе болғанымен, эфирде жасқа да қарайды. Басшылар «Өзекжардыны» енді басқа адам жүргізсін» деген жоқ, мұның алдын алып, өзім шешім қабылдадым. Өйткені телевидениенің өз талабы бар. Жуырда облыстық телеарнамен жаңа жоба бастаймыз. Орталықтағы жұмыстардың ауқымдылығына байланысты, эфирді жүргізуді басқа журналиске тапсыратын шығармыз…

– Уақыт бөлгеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Айдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!