Каспий итбалықтарын зерттеп жүрген ғалым Әсел Баймұқанованың теңіз жануарларына қызығушылығы ерекше, ал жанашырлығы өз алдына бөлек тақырып. Көп жылдан бері экология тақырыбын, соның ішінде итбалықтар мәселесін қозғап жүрген Әселмен осы аптада сұхбаттасудың сәті түсті.

"Теңіз үстінде итбалықтар бізді бақылайды"

− Әсел Мирғалиқызы, сіздің көп жылдан бері Каспий итбалықтарын зерттеп жүргеніңізден хабардармыз. Табиғатқа, теңіз жануарына деген қызығушылық, жанашырлық қалай пайда болды?
− Бұл тақырыпқа қызығушылығым бала күннен басталды, себебі әкеммен бірге зерттеу жұмыстарын бақылаған ұнайтын. Ал университетті бітірген сәтте әкем экспедиция барысынан видеомонтаж жасауды ұсынды. Негізгі мамандығым ихтиолог болса да оқу бітірген соң мені не күтіп тұрғанын білген жоқпын. Тек әкеммен бірге табиғат аясында жиі жүрген соң кім болатынымды түсіне бастадым. Алғаш рет2013 жылы Марқакөлде ұйымдастырылған іс-сапарға оператор ретінде шықтым. Бұл жерде түнде суық болып, қатты тоңғаным есімде. Бірақ табиғат пен теңіз жануарларына деген қызығушылығымның нәтижесінде осы мамандықтың иесі болуға бел байладым. Сол жылы Каспий теңізіне бақылаушы ретінде барып, итбалықты алғаш көрдім. Итбалықтардың мінез-құлқы, іс-әрекеті маған қызық көрінді және оларды қатты жақсы көріп кеттім. 2015 жылы қазақстандық зерттеушілер Каспий итбалықтарын зерттеуге барды. Бұл зерттеудің бәрі итбалықтардың тіршілігі мен олардың теңіз әлеміндегі мәселелерін көруге мүмкіндік берді. Осындай қадамдардан соң магистратурада экология мамандығы бойынша білім аламын деп шештім. Қазіргі таңда біз Каспийдің солтүстік-шығыс бөлігін зерттеу жұмыстарын жүргізудеміз.
− Экология тақырыбында сізді алаңдататын мәселе қандай? Қазір Каспий итбалығын сақтап қалу үшін қандай шаралар қарастырылуда?
− Біз итбалықтардың іс-қимылын, жалпы тіршілігін зерттеумен қатар олардың басқа ортаға жерсінуін де бақылаймыз. Итбалық− шабақтармен қоректенетін теңіз жануары. Бүгінде Каспий теңізінде саны азайып, қауіп төнген итбалық­тар тір­шілік етуде. Оларға кеме қатынасынан, балық аулау шаруашылы­ғынан қауіп бар әрі олардың азаюына табиғи факторлар да әсер етеді. Санын анықтау мақсатында күз, көктем айларында аралдарға барып санақ жүргізгеніміздеалпыс мыңға жуық итбалық барын анықтадық. Қазір итбалықтарды сақтап қалудың жан-жақты шешімін іздеудеміз. Бұл ретте итбалық Қазақстандағы сиреп бара жатқан жануарлардың қатарына енді.

"Теңіз үстінде итбалықтар бізді бақылайды"


− Итбалықтардың мінез-құлқын, мекендеу аймағын зерттегенді ұнатады екенсіз. Осы орайда оқырманға итбалықтардың негізгі ерекшелігі жайлы тың дерек айтып берсеңіз…
− Итбалықтар − өте әуесқой тіршілік иесі. Мысалы теңіз үстінде біз оларды бейнежазбаға түсіріп келе жатсақ, итбалықтардың да бізді бақылап келе жатқанын аңғару қиын емес. Олар жайлы қызықты дүниелер айтуға болады. Бірде әкем екеуміз аралға шықтық. Біз бұл сапарға ұзақ дайындалғанбыз. Аралға келгенде бізден 20-30 шақырым жерде екі топ болып итбалықтар жатты. Әр топта жиырма итбалықтан бар. Біз дәл орталарынан жүріп бара жатқанда әкем «тамақтанып алайық» деді. «Неге дәл қазір тамақтанамыз, зерттеу жүргізбейміз бе?» дегенімде шаршағанын айтты. Екеуміз келісіп, тамақтанып болған соң әкем сәл мызғып алғысы келді. Сол сәтте итбалықтар жаймендеп бөлініп, бізге қарай келе жатқанын байқадым. Әкемді оятып, өзім келе жатқан итбалықтарды бейнежазбаға түсіре бастадым. Жорғалап келе жатқан итбалықтарды көргенде менің қатты күлкім келді. Бірақ оларды үркітіп алармын деген оймен күле алмадым. Олар бізді де итбалық екен деп жақындаған болатын, бірақ біздің теңіз жануары емес екенімізді білгенде теңіздің басқа бөлігіне бұрылып кетті. Сол сапардағы итбалықтардың жүрісі шынымен күлкілі болды және маған ерекше қызық көрінді.

"Теңіз үстінде итбалықтар бізді бақылайды"


− Алдағы уақытта қандай дүниелерді зерттегіңіз, білгіңіз келеді?
− Келешекте итбалықтардың табиғаттағы өзгерістерді қалай қабылдайтынын жан-жақты бақылап, бар өмірімді осы теңіз жануарларын зерттеуге арнағым келеді.
Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!