Қазір үйден аттап баспай-ақ, әлеуметтік желіні бір шолып шықсаңыз, саяхатқа қызығатындар да, тиімді қызмет ұсынатын туристік агенттіктер де көп. Стамбулдың тұрғынына айналған Гүлайым Сейітжанова – «Sayahatmood» турагенттігінің ұйымдастырушысы. Қызылордада туып, саяхат үшін қыр асқан кейіпкерімізбен саяхаттау тәжірибесі, турагенттіктің тиімді тұстары мен түріктердің түн ұйқысын бұзған жер сілкінісі жөнінде сұқбаттасқан едік.

– Турагенттік ашу идеясы қалай келді?
– Өзім Қызылордадағы қазақ-түрік лицейінде оқып, білім алдым, бірнеше тіл меңгердім. Мектеп бітірген соң Алматыдағы СДУ-ға IT мамандығы бойынша грантқа түстім. Оны тәмамдаған соң бухгалтерия, IT, тендер сынды бірнеше салада жұмыс істеп көрдім. Оқу орталығының жұмысында да тәжірибем бар. Осылай уақыт өте берді.
2020 жылы Стамбулға көшуге шешім қабылдадым. Неге дерсіз? Содан аз уақыт бұрын еуротур жасаған едім. Италия, Испания, Франция, Мальт аралдарында болып қайттым. Саяхаттау барысында шетелде өмір сүру туралы ой келді. Сондықтан өзімізге менталитеті жақын түркітілдес елдің астанасы ретінде осында келдім. Қыркүйек айында барғандықтан, күн жылы болды. Күн сайын қыдыратынмын, жаңа жерлермен танысудан жалықпадым. Бірақ ауа райы салқын тартып, қыс болғанда жаңбыр, қар жауып, қолайсыздық туындады. Сол жақтағы еуропалық компанияға бухгалтер болып орналасып, сонда да жұмыстан соң жаңа жерлерін аралайтынмын. Әр жаңа жерден фото, видеоконтентті инстаграм желісіне жүктеп отырамын. Осылайша аудитория жинала бастады. «Тур ұйымдастырыңызшы», «Түркияны сізден артық білетін жан жоқ» деген секілді пікір көбейді. 2021 жылы тамыз айында алғаш рет Қазақстаннан Түркияға тур ұйымдастырдым. Turkish Airlans авиакомпаниясымен жұмыс істедім. Турагенттік бойынша тәжірибе жоқ еді. Ешкімнен курс алып оқымадым. Жақындарымнан кеңес сұрап, тәуекел деп бастап кеттім. Алғашқы тур жақсы өтті. Осылайша жыл мезгілдеріне қарай тұрақты түрде тур жасалды. Наурыз айынан бастап қарашаға дейін айына 2 реттен ұйымдастырылуда. 1 топқа 10 адам ғана қабылданады. Авторлық тур жасап, келу-кетуіне, бір апталық демалысқа, қауіпсіздікке өзім жауап беретінмін. Кейін турагенттік ашып, бұл жобаны кеңейткім келді. Ресми түрде агенттік ретінде тіркелген соң қазіргі таңда тек Түркияға емес, Араб әмірліктеріне, Египет, Грузия, Тайландқа жеке турпакетті сатылымға шығарудамыз. Турпакетте қонақ үй, келу-кетуі, баратын жерлер, тамақтануы ұйымдастырылады. Яғни, туристің қасында гид жүрмейді.
– Түркі елінде орын алған жер сілкінісінің салдарынан мыңдаған адам қаза тапты, ғимараттар қирады, қалалар құрдымға ұшырауда. Қазіргі жағдай қандай?
– Иә, Түркияның оңтүстік-шығысындағы 10 қалада жер сілкінісі болды. 7,4 балдан жоғары көрсеткіште тұр. Өкінішке қарай адам шығыны көп. Қазір апат орын алған қалаларға басқа қаладан барып, ерікті ретінде көмектесіп жатқандар аз емес. Ең қажетті деген азық-түліктер жіберілуде. Ел Президенті Қасым Жомарт-Тоқаев та бауырлас түрік ағайынға көмектесу мақсатында медицина мамандарын жіберіп жатыр. Әзірбайжан, Еуропа елдері де көмектесуде. Түркияда қазір осы табиғи апаттан қаза болғандарды аза тұту үшін 7 күн жарияланды. Жұмыс орындары жабық, халықтың көңіл-күйі жоқ. Жағдай өте қиын. Материалдық жағынан мемлекетке қанша шығын келгені әлі жарияланған жоқ.
– 2023 жылы қазақстандықтарға қай елге саяхаттаған дұрыс? Шетелге турмен барудың артықшылығы неде?
– Қазақстан азаматтары ең алдымен визасыз баратын елдерді қарастырады. Сол жағынан қарасақ, Түркия, БАӘ, Грузия, Әзербайжан, Египет елдері қазақстандық туристер үшін сұраныста болып тұр. Тайландқа барудың шығыны көптеу. Бірақ бұл жақты да туристер жиі таңдайды. Себебі табиғаты бөлек, экзотика бар. Түркия мен Дубайды көргендер басқа елдерге барғысы келеді.
Негізі саяхаттауды әдетке айналдырып, жылына бірнеше рет шетелге шығатындардың қайта-қайта барудан жалықпайтын жері – Түркияның Стамбул қаласы. Бізде көктем мен жаз айларында туристер көп болатын. Қыста жол жүретіндер аз еді. Биыл мұндағы мешіттерге кіруге кезекке тұрған туристердің тобы дәл жаздағыдай. Шетелдіктер көп. Сәйкесінше, кезек те артқан. Әрине, жыл сайын Түркияға келетіндер саны артпаса, азайған емес.
– Турмен барудың артықшы­лығы неде?
– Мысалы, сіз шетелге 1 аптаға саяхаттауға шықтыңыз делік. Турмен барсаңыз, сол жақтың тілін, дінін, халқының менталитетін білетін, сұраныстағы әдемі жерлерді ұсынатын гид жаныңызда жүреді. Тіптен сізге тіл білудің де керегі жоқ. Бұл – ең басты артықшылығы. Яғни, ештеңеге бас қатырмайсыз, алаяқтарға алданамын деп қорықпайсыз. Әуежайдан түскеннен бастап қонақүйге жеткенге дейін, бір апта қыдырып, қайтадан ұшаққа мінгенше сіздің қауіпсіздігіңізге жауапты арнайы маман болады. Туристер үшін қауіпсіздік бірінші орында.
– Жұмысыңызға сәттілік!

Сұқбаттасқан
Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!