Күн райына қарамастан самаурынға шай қойып, қазанға ет асатын қазақы қоғамда «Ас – адамның арқауы» мәтелі басты орында. Бірақ аптап ыстық келгенде жастар арасында «Ет дегенде бет бар ма?» дейтіндер азаяды. Кей тағамдардың орнын жаз мезгілінде тез дайындалған өнімдер басады. Әрине, тамақ секілді  күш бермесе де кешкі серуенге шыққан әр адам бір-бір тәттіден ауыз тиеді. Осы жазда  сұранысқа ие болған, «трендтегі» өнімдерге шолу жасасақ.

Әлеуметтік желіде мұз стақандары танымалдылыққа ие болды. «Tik-Тok» платформасында миллиондаған қаралым жинаған мұз стақандары кейіннен шағын бизнеске айналды.  Арнайы пластикалық ыдыстың ішніне мұз кубиктері салынады, осылайша кез келген уақытта дүкендерден сатып алып, ішіне қалаған сусыныңызды құя аласыз. Бұл шағын бизнес біздің де  қаламызға келді.

– Аталған кәсіп Солтүстік Кореяда өте танымал. Идея сол жақтан келді және  бір күн ішінде жүзеге асырдық.  Өнімді сату жағынан ешқандай қиындық болмады. Күніне 100-120 данаға жуық «Iceberg» мұз стақанын дүкендерге өткіздік. Бастапқыда мұз кубиктерін қолдан жасадық, алайда бұл процесс қиындық туғызғандықтан «Magnum» супермаркетінен сатып алдық,− деді кәсіпкер Әбілхайыр Ерғалиев.

Жыл сайын сұранысқа ие болатын өнімдердің тізімінде кофе бар. Ыстық кофенің орнын бүгінде айс-кофе басты. Мұзды кофе жасаудың бірнеше әдісі бар. Бірінші жағдайда дайын ыстық сусын қажетті температураға дейін салқындатылады, екіншісінде ұнтақталған дәндерді суда ұстау арқылы дайындалады. Ал көптің іздеп жүріп алатын сусындарының қатарына смузи мен лимонад кіреді. Смузи − сүт, шырын, мұз, балмұздақ  қосылған, блендерде араласқан жеміс-жидектер, көкөністер түріндегі тәтті, қою сусын. АҚШ елінде ХХ ғасырдың отызыншы жылдарында пайда болды. Бастапқыда  жоғары сұранысқа ие болмаған. 1984 жылғы Лос-Анджелестегі Олимпиадамен тікелей байланысты деген нұсқа бар, сол үшін  «стақандағы тағам» арнайы жасалған. Кейіннен арнайы бар пайда болып, онда тек мультивитаминді кешендермен байытылған смузилер дайындалған. Қаламыздағы сусындардың сұранысын білу мақсатында «Wellcoffee» кофеханасының аға-баристасы Рухфат Бердалымен тілдестік. Оның айтуынша, келушілердің саны әр кезде әртүрлі, бірақ жобалап айтқанда кемі 80-100 адам аралағында. Жаз кезінде келуші көп. Жазда сұранысқа ие топ 3 сусын –  шоколадты фраппе, апельсин, банан, шабдалы смузиі және киви-лайм  лимонады.

Кешкі серуенге демалыс паркіне немесе орталық алаңға барсақ, балалардың жанарына  таяқшадағы чипстер көзге оттай басылады. Атауы ағылшын тіліндегі «chips» сөзінен шыққан, «тілім» деген мағына білдіреді. Чипстердің пайда болу тарихы 1853 жылдан басталады. Уақыт өте келе картоптың мүлдем жаңа түрі – таяқтағы спиральді чипстер  танымал болды. Чипстерді сатып алушының көз алдында дайындайды. Ол үшін тек балғын картоптар таңдалып, дәмдеуіштер себіледі. Сатып алушыларды чипстердің ерекше дизайны, олардың ерекше хош иісі мен қызыл қабығы қызықтырады.

– Алматы қаласында жүргенімде көшеден таяқшадағы ерекше чипстерді көрдім. Біздің қаламызда бұрын-соңды болмағандықтан, неліктен бізге де осындай жасамасқа деген ой келді. Осы кәсіпте 2018 жылдан бері жұмыс істеймін,− деді Данияр Калдыбаев.

Әлемдегі ең танымал,  жоғары сұраныстағы келесі өнім ─ тәтті мақта. Америкада оны «мақта тәттісі», Англияда – «сиқырлы жібек жіп», Италияда – «қант иірілген жіп», Францияда – «атаның сақалы» деп атайды. «Ежелгі Римде қант жүніне ұқсас тәттілер шығарылған, бірақ өндірістің күрделілігіне байланысты өте қымбат болған» делінетін мәліметтерге ешқандай дәлел табылған жоқ. Бірақ  тәтті өнімнің «туған күні» 1893 жыл екені расталған.  Сол жылы Уильям Моррисон және Джон Уартон мақта кәмпитін жасау машинасын ойлап тапты. Жаңа өнімнің құны қымбат болса да адамдар тәттіні сатып алуға дайын болды. Моррисон мен Уартон алғашқы жәрмеңкеде 68 мыңнан астам тәтті мақта сатқан. Сол кезеңдегі танымалдылығын әлі күнге дейін жоғалтпаған өнім қанттың шарықтаған бағасына да қарамады.

 Қалалық  демалыс паркінде жұмыс атқаратын жеке кәсіпкер Гүлжанат Сансызбаеваның айтуынша,  ол тәтті мақта сатуды 20 жыл бұрын бастаған. Ең алғашқы бағасы  50 теңгеден басталған. Қазір бұл кәсіпке келуші көп. Қант бағасының қымбаттауына байланысты барлық кәсіпкерлер  мақтаның бағасын 300 теңгеге көтеруге келіскен. Қанша жерден қымбат­таса да келушілердің саны басым екенін айтты.

Байқаға­нымыздай,  жоғарыдағы өнімдерге жастар арасында сұраныс көп. Сондықтан да кәсіпкерлер ерекше үлгідегі бизнесті қолға алғысы келеді. Кофесүйер қауымның саны да күн санап көбейіп келеді. Сондықтан болар әр дүкеннің жанынан кофехана ашылған. Кезек күтіп тұрмайсыз. Өзіңіз қалаған кофені сол жерден әзірлеп аласыз. Бұл – қызылордалық кәсіпкерлердің тағы бір  ерекшелігі.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!