Тарихымыздың хандық дәуірінде өмір сүрген асыл аналарымыздың есімдері санамызда мәңгіге сақталған. Олар көптеген дерек түрінде көрініс береді. Жазба дерек мәліметтерінде, ауыз әдебиетінің үлгілерінде, материалдық ескерткіштерде, ру-тайпа атаулары мен ұрандарында кездеседі. Төменде осы көрсетілген тармақтар бойынша аналарымыздың тарихымыздағы рөлі жөнінде жеке-жеке қарастырып көрелік.

«Алып анадан туады» деген халық мәтеліне сай, хандық дәуірдегі әрбір хан, сұлтан, мемлекет басшысы, мемлекет қайраткері болып қана қоймай, әрі батыр, әрі қолбасшы бола білген. XVXVII ғасырдағы атақты қазақ хандары мен сұлтандары аналарының есімі жазба дерек мәліметтерінде сақталған. Ол жөнінде тарихшы Қадырғали би Қосымұлы Жалайридың еңбегінде айты-лады. XV-XVII ғасырдағы қазақ тың 6 ханы, 8 сұлтаны және 4 ханымының аналарының есімдері тарихта қалды.

Мәселен Жаған бике, ол – қазақ хандығының негізін салушылардың бірі – Жәнібек ханның әйелі, Қасым ханның анасы.

Ханық сұлтан ханым, ол – атақты Қасым ханның әйелі, Хақназар ханның анасы.

Абай-ханбегім – Шығай хан мен Мәлік сұлтанның анасы.

Байым-бике – Сейітқұл сұлтанның, Ондан сұлтанның, Алтын ханымның анасы.

Жақсымбике (Яхшым-бике) – Тәуекел ханның, Есім ханның, Сабыр бике ханымның анасы.

Дадам ханым – Әли сұлтан, Сулум сұлтан, Ибрагим сұлтан мен Шахим сұлтанның анасы.

Алтын ханым – Оразмұхаммед ханның және Тәтті ханымның анасы.

Сүйім ханым – Тәуекел ханның әскер басшысы Көжек сұлтанның анасы.

Деректе айтылған сегіз ханымнан туған мемлекет басшылары: Қасым хан, Хақназар хан, Шығай хан, Тәуекел хан, Есім хандар – 1511 жылдан 1628 жылға дейін Қазақ хандығын билеген тұлғалар. Бұл хандардың билігі тұсында Қазақ хандығы негізінен күшею, өрлеу кезеңдерін басынан өткергені белгілі. Алып тұлға болып тарихта қалуында аналарының рөлі болғандығын ешкім жоққа шығара алмайды.

XVI ғасырдың 20-30–шы жылдары Қазақ хандығы үшін өте ауыр болғаны белгілі. Тахир ханның билігі тұсында Қазақ хандығының Ноғай ордасымен, Шығыс Түркістан аумағындағы Моғолстан мемлекетімен қарым-қатынастары күрделі болып, қатты шиеленіседі. Осындай жағдайда қазақ моғол қарым-қатынасын жақсартуға Жүніс ханның қызы, Әдік сұлтанның, одан кейін Қасым ханның әйелі болған Сұлтан-Нигар ханым белсене араласып, үлкен нәтижелерге қол жеткізеді. Сөйтіп, ақылды ханымның арқасында Қазақ хандығы мен Моғолстан мемлекеттерінің арасындағы шиеленісті қатынастар бейбіт жағдайға ауысады.

Мұхаммед Хайдар Дулати еңбегін-де Сұлтан Нигар ханымның парасаттылығын, Тахир ханның оған туған анасындай құрмет көрсеткенін ерекше айтып өтеді. XVIII ғасырдағы Кіші Жүздегі Әбілқайыр ханның әйелі – Бопай ханымның ақылдылығы мен парасаттылығы орыс деректерінде көп баяндалады. Әбілқайыр ханның тұсында сұлулығымен қатар, ақылдылығымен көзге түскен Бопай ханым Кіші жүзде үлкен құрметке ие болған. Ал 1748 жылы Әбілқайыр ханның қазасынан кейін Кіші Жүздің ішкі саяси өмірінде, қазақ-орыс қатынасында билікте отырған ұлдарына кеңесші, ақылшы бола білген Бопай ханымның есімі жазба деректерде өте жағымды бейне ретінде жақсы баяндалады.

Хандық дәуірден бері ел аузында кең таралған ауыз әдебиетінің үлгілерінде ел анасы болған Домалақ ана жөніндегі аңыз-әңгімелер өте көп. Текті жерде туып-өсіп, адал жар бола білген Домалақ ана ақылдылығы мен, сабырлылығымен, көрегендігімен, кемеңгерлігімен, әулиелігімен есте қалады. Оның жерленген жері бүгінге дейін апа, әже, қарындас, жеңгелеріміздің зиярат ететін жеріне айналған.

Аналарымызға қойылған материалдық ескерткіштер – күмбездер, мавзолейлер, мазарлар күні бүгінге дейін жетіп отыр. Домалақ ана кесенесі, Рабиға сұлтан бегім мавзолейі, Бопай ханым мазары әлі күнге дейін өздерінің негізгі міндетін жоғалтпай, жаңа ұрпақ өкілдеріне рухани қызмет етуде.

Бақдәурен ИШАНҚҰЛ

М.Шоқай атындағы №187 IT мектеп – лицейінің тарих пәнінің мұғалімі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!