Адамзат баласы бұл дүниені арманның арқасында құрды деген пайым бар. Кезінде аспандағы құсқа қарап «менде ұшсам екен» деп қиялға ерік бергендердің арқасында бүгін сол көкті бағындыруға шамамыз жетті. Қазақ қилы заманды бастан өткеріп, еліміз талай кезеңдерді артта қалдырды. Соның бірі – соғыс жылдары. Осы орайда көкті бағындырған қазақ ұшқыштары туралы шолу жасағанды жөн көрдік.

Сын сағаттта кез келген Кеңес одағының азаматы майданға аттанып, елін қорғау міндеттелді. Қаншама жан оққа ұшып, аяусыз мерт болды. Бұл – жерде жүргендердің кешкен азабы болса, көкте ұшып, жаудың бетін ойсырата қайтарғандардың жағдайы едәуір мүшкіл болатын. Алайда аспанда айласын асыра білген бірнеше қазақ ұшқыштары ерен еңбегі үшін жоғары бағаланып, заман батыры деген атаққа ие болды.

Талғат Бигелдинов – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жауға көк аспанда қалықтап жүріп, ержүректікпен тойтарыс берген тарихи тұлға. Т.Бигелдинов соғысқа аттана салысымен фашистік «мессерді» құлатып, жеңіліс таппаған. Соғыс жылдарынан соң небәрі 35 жасында авиациямен қош айтысқан батыр Талғат ұшақ басқармаса да, осы сала аясында көптеген жыл қызмет атқарды.

Соғыстың 2,5 жылында ұшқыш 305 рет әуе көлігін ұрысқа көтеріп, бес ұшақты өзі және екі ұшақты топ құрамында болып атып түсірді. Әуеден 20-дан астам танкті, екі локомотивті, техникасы мен тірі күші бар вагондарды, сондай-ақ бірнеше артиллериялық қондырғылардың көзін жойған. Шығыс Еуропадағы қалаларды азат еткені және Берлинді алғаны үшін Бигелдинов екінші рет «Алтын Жұлдыз» медалімен марапатталды.

Қатардағы жауынгер Талғат Бигелдинов соғыс соңын Халық Қаһарманы атағымен тәмамдап, ең ержүрек майдангер атанды. Батырдың құрметіне Ақтөбедегі әскери оқу орнына аты беріліп, ол туралы кино да түсірілді. 2014 жылдың күрең күзінде батыр ата мәңгілік сапарға аттанды. Ердің есімі елдің есінде болатыны хақ.

Хиуаз Доспанова – Екінші дүниежізілік соғыс кезінде қазақтан шыққан жалғыз әйел-ұшқыш. Жауынгерлік рухы жоғары, қайсар Хиуаз балалық шағынан ұшқыш болғысы келген. Өкініштісі, батыр қыз туралы көбісі біле бермейді. Немістердің жүрегіне үрей ұялатқан қызыл әскер ұшқышы Доспанова «түнгі мыстан» атанған деседі. Олай деудің себебі, түнде 102 рет ұшу операциясын жүргізіп, 15902 келі әртүрлі калибрлі бомбаларды тастаған. Сол айласы арқылы фашистік әскерлерге қырғидай тиіп, тас- талқан еткен. Жалпы 300-ден астам ұшу операциясын жүргізген.

Соғыс сұрапылы Хиуаздың денсаулығын нашарлатса да, майданнан кейін Халық Қаһарманы билік басында болып, ел жанашыры атанған. Біз батыр Хиуаз Доспанова және өзге де соғыс ардагерлерінің жауынгерлік ерлігін әрқашан жадымызда сақтап, бейбіт күннің қадірін жоғары бағалай бермекпіз.

Дүниежүзілік соғыс күнтізбемізде ойып орын алды. Дегенмен өмір жалғаса берді. 1961 жыл – әлем тарихындағы айтулы күн. Адамзаттың ең үздік жетістіктерінің бірі – көкке ғарыш кемесін көтеріп, аспан әлеміне сапарлауы. 1961 жылы 12 сәуірде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан тұңғыш рет Юрий Гагарин ғарышқа ұшты. Ал тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров 1991 жылы ғарышта 7 күн болып қайтты. Ол Кеңес одағының батыры, Қазақстан Халық Қаһарманы, авиация генерал-мойоры. Саяси-қоғамдық істерге белсене қатысып, халық жанашыры атанды.

Талғат Мұсабаев – Қызыл кітапқа енген қазақ ғарышкері. Ғарышқа 3 рет аттанып, бірінші рет ұшқанында 125 күн, екінші рет 207 күн, ал үшіншісінде 7 күн болған. Космосқа өзімен бірге Қазақстанның туын, Байқоңыр ғарыш айлағының бір уыс топырағын және Құран Кәрімді алып ұшқан.

Қазақтың 3-інші ғарышкері – Айдын Айымбетов. Қазақстанның халықаралық аренадағы дәрежесін көтере білген ғарышкер Айдын Ақанұлы – тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш ғарышкері. Ол космоста болуды 22 жыл бойы күтіп, 2015 жылы ғарышқа аттанды. Ғарыш кеңістігінде 10 күн болып, айтулы зерттеу жұмыстарын жүргізді.

– Ғарышқа ұшу мүмкіндігі миллиондаған адамның ішінде маған бұйырғаны үшін тағдырға ризамын. Ғарышта алған білімім мен тәжірибемді ел игілігіне тиімді пайдалану – азаматтық және адамдық борышым, – дейді Халық Қаһарманы, ғарышкер Айдын Айымбетов.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!