Фото: Ашық дереккөзден алынды

Сәлемдесу – сыйластық белгісі. Адамдардың бір-біріне деген құрметі сәлемінен байқалып тұрады. Дегенмен заман өзгерді. Бұрындары қарт-қариямен амандасып, батасын алсақ, қазір бата алу былай тұрсын, қарапайым амандасудың өзі жанымызға жат болып кеткендей.

Таныс, керек адамдармен ғана амандасу неліктен бойға сіңіп кетті? Тұрмыстың тұрпаты табанға тас қойғалы, адамдар эгоизмге басымдық бере бастады. Әрине қашанғы жұрттың жайын күйттей бересің? Оған уақыт та табылмайды. Осы сәтте үйдегі тәлім-тәрбие де, бабалар сабақтастығын жалғастыру секілді құндылықтар елеусіз қала береді. Тиісінше, адамдар да бір-біріне суық, күні түскен кезде ғана араласады. Айтқымыз келетіні осы бастан жастар тәрбиені дұрыс бағыттамаса, әдептің ең бірінші сатысы – амандасу мәдениеті қалыптаспаса, сыйластықтың сәні кетері анық.
Мысалды өмірден алсақ та болады. Мектеп табалдырығындағы оқушы мұғалімге, студенттер оқытушыларына қалай сәлем беру керек? Көршілер осы күні бір-бірімен жылы амандаса ма? «Сен тимесең, мен тиме, бадырақ көздің» кейпін киіп, бұл құбылыс та нормаға айналғаны рас. Оқытушылардан студенттердің амандасу әдебін білмейтіні туралы көп естиміз. Сәлемін берсе де құлықсыз, жай құтылсам болды дейтіндей. Бұрын үлкен көрсе орнынан ұшып тұратын жастардың орнына, «зомби» іспеттес «роботстуденттер» көбейді. Мәдениеттің алғашқы баспалдағы сәлем беруден бастау алған. Ал қазақ халқының мәдениеті қалыптасу барысында сыйластықтың маңызын айшықтай білген. Үлкеннің жасын ардақтап, қай жерде болсын ілтипатын білдіріп, төрін берген. Жастар үлкенге бір қолын беріп амандаспаған, бұл тәрбиесіздік деп қатаң сынға түскен. Екі қолын ұсынып, болмаса жүрегіне қолын қойып, төс қағысып та амандасқан деседі. Жалпы, амандасу өте қызықты дүние. Әр елдің салты басқа демекші, әлемде амандасудың бірнеше түрі бар. Мәселен, Корея және Жапон елдері амандасу барысында бірбіріне 90 градусқа иіліп, құрмет көрсетеді. Ал Тибет елінде тіл шығару – амандасу рәсімі. Бізге ерсі көрінгенімен, өздері үшін мағыналы. Жаңа Зеландия мемлекетінің тұрғындары тұмсық түйістірсе, Италияда бір-бірінің бетін кезектеп сүйетін көрінеді.
Амандасу – коммуникацияның алғышарты. Онсыз әңгіме басталып, диалог құрылмайды. Айналаңызға позитив пен мейірім бөлу үшін сәлемдесуден бастаңыз. Амандық-саулық сұрасуды күнделікті әдетке айналдырып, бейтаныстың сәлеміне шошынбаған абзал. Кейде сәлеміне керекті жауабын бермей, ыммен ғана бас изеп қоя беретіндер де бар. Психологиялық тұрғыдан осындай кері байланыс адам бойына үрей туғызып, келесі жолы ыңғайсыздықтан сақтану мақсатында сәлемдесу функциясын өшіріп қояды. Ақырында бұл бойға еніп, ал ол қасиет ұмыт қалады. Қазір қарт кісілер ғана сәлемдескеніңізге жылы қабақ танытып, «бақытты бол, айналайын» деуі мүмкін. Осының өзі керемет емес пе?! Қазақ даналығында «жақсы адам күніне 100 рет сәлем береді» дегенді айтқан, сол себепті амандасқан әрбір адамның ілтипатына ізгілікпен жауап берген жөн. Ал сіздің ойыңызша бейтаныс адаммен амандасқан дұрыс па, әлде бұрыс па?

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!