Сайлау додасы жақындаған сайын партиялардың арасында жалаулатып, алаулатып жорыққа шыққандармен қатар бір-біріне «үрит, үрит» деп, сырттай ит қосып, қууға жақын тұрғандар да көбейе бастайды. «Партия қайда болса, жеңіс сонда!» деп, жалғыз партияның айтқанымен жүріп, айдауына көнетін заман артта қалды. Қазіргі қоғамның бет пердесі мүлде бөлек. Бірде түлкі, бірді күлкі, бірде маймыл, бірде … Бөрібасар. Осындай «хамелеон» ортада тіршілік етіп, нан жеп жүрген партиялардың сайлау жақындаған сайын елге, жерге, халыққа деген махаббаттарының оянуы бір жағынан заңды да.

Бәрекелді! Сайлауға кімдер түседі, кімдер түсіреді, қалай түседі? Таласып-тармасып жатқандардың арасында саяси ойынның құқайын көп көргендер де, «көкелеріне» арқа сүйеп, алшаң басып жүргендер де табылады. Бір көңілге медет, бәрінің сайлауға келгенде көкіректері ел-жер деп сайрап тұр, тіпті бір аудан жұртына, руына деген махаббаттары маздап тұр. Жаттап алған мақал-мәтелдері: «Сайлаушы риза болмай, дауыс көбеймейді», «Ер шекіспей бекіспейді», «Сайлау қайда болса, кандидат сонда». Ұстанымдары:

«Ел деп соғар жүрегім,

Ел үшін өмір сүремін.

Жақтасым, жаным, құрдасым –

Сайлауда менің тірегім».

Әсіресе, ел ақсақалдарына сүйіспеншілігін айтсайшы. Бірі құшақтасып көріседі, бірі ауылды аңсайды, бірі адалдығын, бірі халықшылдығын алға тартады. Ол үшін өтірікті соққанда кейбір министрлердің елді алдай салатын әңгімелерін жолда қалдырып кететінін айтсайшы.

Саяси махаббаттың күші қыз-жігіттің өртенген сезімдерінен де күшті. Қос жүректің махаббаты әуелі шоққа, артынан күлге айналса, саяси махаббат иелері арасындағы отты сезім өшпейді, бықси береді. Жел қай жағынан соқса, соның ыңғайына ауып, бұрқ етеді де, ара-арасында қызыл тілді жалын жалаңдап, артынша бықсиды. Біреу келіп, төбесінен су құйып «махаббатын» өшірмесе, бықси береді.

О, махаббат!

Бықси бер, жана бергін!

Туысыма мен дегенде сана бергін.

Сағынғаным соншама, ауылыма

Бара бергім келеді, бара бергім!

Сағынғаным соншама, аудандарды

Аралағым келеді, аралағым!

Саяси додаларда қарсыласты

Шаң қаптырып, келеді дара келгім.

О, махаббат! Көктей бер, көгере бер!

Даусыңды бер, аталар, немерелер!

Махаббат дегенді қойсайшы. Осылайша жүрекке жан бітіртеді, көкірекке ән келтіртеді. Шіркін-ай, бәрінен де саяси махаббаттан туған сырлы саздың, әсерлі әуеннің жөні бөлек қой!

Көбегеннің НҰРЛАНЫ