sn.kz

Алматы облысында орналасқан Ұзынағаш ауылында 50 шақты үйдің ауласын су басты. Тасқыны қатты ағын су жаңбыр мен еріген қар есебінен ұлғайып ондаған көшені шайды. Тіпті кей баспаналардың ішіне де кірген, деп «Адырна» ұлттық порталы.  

Толассыз жауған жаңбыр мен еріген қар суының сойқанынан секем алған тұрғындар баспаналарын тастап қашқан. Ауыл азаматтары  амалдың жоқтығынан қолдан жасалған жол сүрлеуімен жүріп-тұруға мәжбүр. Қызыл су, тіпті, үйлерге кірген.

Тасқын судың беталысын барлап, барысын аудан әкімінің орынбасары баяндады:

– Жағдайды қалыпқа келтіруге аудандық ТЖБ мамандары мен әскерилерді қоса алғанда 30 адам және 8 техника жұмылдырылған. Бірақ, бұл 30 мыңнан астам халқы бар Ұзынағашты қызыл судан арылтуға жеткіліксіз. «Сондықтан баспаналары мен аулаларын су шайған тұрғындар тағы бірнеше күн күтуі керек», – деді аудан әкімінің орынбасары.

Оның бірнеше себебі бар. Техника тізгіндеген жауапты мамандар таудан  ауылға қарай жылғаланып аққан судың бағытын бұрумен әуреленіп жатыр.

Qazaqstan.tv-дің хабарлауынша, Ұзынағашта ағынды суға арналған 30-дан астам арық бар. Арықтардың дені күл-қоқыспен бітеліп қалған. Қазір 5 насоспен ауылдағы суды сорғызу жұмыстары жүріп жатыр. Тұрғындарға келген шығын әлі есептелмеген, ал зардап шеккендердің мүлкі өтеле, өтелмей ме ол жағы да әзірге белгісіз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!