Фото:Midjourney
Әлем елдерінде, соның ішінда Қазақстанда да жасанды интеллект саласы қарқынды дамып келеді. Бұл бағытта бәсекеге қабілетті отандық командалар қалыптасып жатыр. Солардың бірі – CortexAI командасы. Жас мамандардан құралған команда бүйрек трансплантациясынан кейінгі органның қабылданбау қаупін алдын ала болжайтын интеллектуалды жүйе жасап шығады.
Жобаның ауқымы мен салмағы да кең. Мысалы әлемде жасалатын операциялардың 33%-ында орган иммундық жүйе тарапынан қабылданбайды, ал 40%-ында трансплантат бес жыл ішінде жарамсыз болады. Ал CortexAI “BIOSTAT + AI” формуласын пайдаланып, донор мен науқастың 30-дан астам генетикалық және метаболикалық көрсеткішін талдайды. Нәтижесінде дәрігердің шешім қабылдау уақыты екі сағаттан екі минутқа дейін қысқарады, болжамның дәлдігі 82%-ға жетеді. Жобаның негізін қалаушы 18 жастағы Асылжан Абдуллаев 2024 жылдың қаңтарынан бастап CEO ретінде жетекшілік етеді.
Команда құрамында түрлі саланың мамандары бар. Мысалы Ернұр Сырлыбаев техникалық шешімдерге жауапты CTO. Ол – математикадан ұлттық чемпион және ICPC аймақтық жеңімпазы. Ал жобаның ғылыми негізін медициналық кеңес қадағалайды.
Бірінші жылы команда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Қазақстан тарихында алғаш рет Enactus World Cup әлемнің үздік төрт команда қатарына кірді, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жобаны «Үздік биомедициналық стартап» деп таныды және 2025 жылы АҚШ-тың Сан-Хосе қаласында өтетін Startup World Cup финалына қатысты. Жақын арада студенттер Қазақстанның намысын Дублин қаласында өтетін GSEA Europe финалында қорғайды. Қазіргі уақытта команда клиникалық сынақтарды бастауға, сертификация құжаттарын дайындауға және өнімді нарыққа шығуға дайындалуда.
CortexAI – бұл тек технологиялық жаңалық қана емес, жас мамандардың командалық жұмысы арқылы медицина, математика және бағдарламалауды біріктіріп, нақты шешім жасап шығаратындығының айқын мысалы.
Асылжан АБДУЛЛАЕВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!