Енді жеке тұлғаның есепшотына үш ай үздіксіз 100-ден аса аударым түсіп, жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асса, мониторингке ілігеді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап. 

Ал күмәнді шот иелеріне салық органдарының хабарламалары 15 сәуірден бастап жіберіледі. Оған дейін екінші деңгейлі банктер мәліметті жинақтайды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Дегенмен алыс-жақын ағайын арасындағы алыс-беріс, қарызды қайтару және тұрмыстық есеп айырысулар есепке алынбайды.

«Мәліметті алғаннан кейін мемлекеттік кірістер органдары салық төлеушілерге талдау жүргізеді. Талдау жүргізу барысында кәсіпкерлік мақсаттағы салық төлеушілерге хабарлама жіберіледі. Хабарлама жіберілгеннен кейін салық төлеушілерде 30 жұмыс күні болады. Бұл күндер хабарламаны орындауға немесе түсініктеме беруге арналған. Ол қосымша салық есебін ұсыну арқылы орындалады. Хабарламамен келіспеген жағдайда түсініктеме берумен орындалады», – деді Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Ерлан Дәулетбаев.

Ал жеке тұлғалар кірісін көрсетпей кәсіп істегені анықталса, 15-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін, сондай-ақ, төленбеген салық сомасының 200 пайызына дейін айыппұл салынады. Алайда бұл тек тексеріс пен түсіндіру кезеңінен кейін жүргізіледі. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!