Сенат депутаттары құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған заң жобасын және оған байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін өзгерістерді екі оқылымда қолдады.
Заңдағы басты жаңашылдықтардың бірі – жалға берілетін электр самокаттарды пайдалану тәртібін қатаңдату.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында электр самокаттар ресми түрде көлік құралдары санатына енгізіліп, оларды жалға беретін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру талабы енгізіледі.
Сонымен қатар электр самокаттарды жалға ұсынатын компаниялар мен кәсіпкерлерге қосымша міндеттемелер жүктеледі. Олар:
- әр электр самокатты есепке алып, тіркеу нөмірін тағайындап, оны құрылғыға орналастыруы;
- пайдаланушылардың жеке басын анықтап, олардың жарамды жүргізуші куәлігінің бар-жоғын және көлік басқару құқығынан айырылмағанын мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы тексеруі;
- 18 жасқа толмаған, жүргізуші куәлігі жоқ немесе көлік басқару құқығынан айырылған тұлғалардың электр самокатты пайдалануы мен жолдың жүру бөлігінде жүруіне тыйым салуы тиіс.
Айта кетейік, 2025 жылдың басынан бері елде электр самокаттардың қатысуымен 372 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!