Жыл сайын жалпы құны 500 млн доллар болатын шетелден әкелінген көліктер бастапқы тіркеуден өтпейді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты.

«Ұлттық банк жеке тұлғалардың сыртқы экономикалық операцияларының жекелеген түрлері бойынша төлем балансы статистикасының ауқымын кеңейту бойынша жұмыс жүргізді. Атап айтқанда, жеке тұлғалар шетелдік интернет-алаңдар арқылы сатып алатын тауарлар импортына бағалау жүргізілді. 2015 жылдан бергі кезеңде электрондық сауда бойынша тауар импорты 2,6 млрд долларға қосымша есептелді», – деді ол.

Оның атап өтуінше, Қазақстан Республикасының Бірыңғай сақтандыру дерекқорынан алынған мәліметтер негізінде жеке тұлғалардың шетелдік тіркеу нөмірі бар жеңіл автокөліктерді әкелуіне бағалау жүргізілген.

«Қазақстан Республикасында автомашиналардың бір бөлігі бастапқы тіркеуден өтпей, тиісінше, ресми статистикада көрсетілмей қалғаны бар. 2015 жылдан бастап автомобильдерді әкелу бойынша есепке алынбаған импорттың жалпы көлемі консервативтік бағалау бойынша 4,2 млрд доллар немесе орта есеппен жыл сайын 500 млн долларға жуық болды. 2015 жылдан бастап 2022 жылдың екінші тоқсаны аралығындағы кезеңде қосымша есептеудің жиынтық көлемі 6,8 млрд доллар болды. Бұл ретте 2021 жылы ең көп қосымша есептеу болды, онда импорт 1,7 млрд долларға түзетілген. Осылайша, жеке тұлғалардың көрсетілген трансшекаралық операцияларының сыртқы сектордың статистикасына қосылуы биылғы жылдың 1-жартыжылдығында сауда балансының профицитін 6,6 млрд доллардан 5,7 млрд долларға дейін төмендетті. Бірақ төлем балансы статистикасының сапасын жақсартты», – деді ҰБ төрағасы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!