Учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері спорттық додада бақ сынады. Иә, жуырда Қызылорда қалалық сайлау комиссиясы қалалық білім бөлімімен бірге волейболдан жарыс ұйымдастырды. Сайлау саласындағы мамандар қатысқан сайыс дүниежүзілік сайлау күні аясында өтті.

Басекеге учаскелік сайлау комиссияларынан құрылған 10 команда қатысты. Әрбір топ құрамы алты ойыншыдан жасақталған. Олардың қатарында төрт ер азамат пен екі нәзік жан бар. Іс-шараның басты мақсаты – сайлау жүйесінде еңбек етіп жүрген мамандардың бірлігін нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау әрі ынтымақтастықты арттыру.

Қызыққа толы кездесу барысында командалардың шеберлігі мен ұйымшылдығы байқалды. Тартысты дода нәтижесінде №198 учаскелік сайлау командасы жеңіске жетсе, №211 учаске өкілдері күміс жүлде иеленді. Ал үздік үштікті №202 құрамасы түйіндеді. Бұдан бөлек, жекелеген қатысушылар ойын барысындағы ерекше қабілеті үшін «Үздік ойыншы», «Үздік шабуыл иесі», «Мықты қорғаушы», «Сәтті үйлестіруші» аталымдарымен марапатталды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубок, алғыс хаттар мен қаржылай сыйақылар табысталды. Атап айтқанда, I орын иеленген командаға 70 мың,  II орынға – 50 мың, ал III орын алғандарға 30 мың теңге көлемінде қаржы берілді.

Біз тамашалаған бұл спорттық сайыс сайлау саласында қызмет атқаратын азаматтардың тек жауапты міндет иелері ғана емес, белсенді әрі ұйымшыл орта екенін айқын көрсетті.

Мерейім ӘЛІБАТЫР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!