Мәжілісте байланыс операторы тарифтерінің қымбаттауы мәселесі көтерілді. Депутат Нартай Сәрсенғалиев кейбір ұялы байланыс операторларының тарифтері 300%-ға дейін өскенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазір парламент депутаттары телекоммуникация нарығы мен деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда қарап жатыр. Сәрсенғалиевтің айтуынша, байланыс бағасының өсуі қазақстандықтарды бұрыннан алаңдатып келеді.
“Менің қолымда статистика бар. Мысалы, 2022 жылдан бері тарифтердің өсуі 20%-дан 90%-ға дейін жеткен. Кейбір ұялы байланыс операторларында өсім 3%-дан 300%-ға дейін болса, енді бірінде 14%-дан 75%-ға дейін болған”, – деді депутат.
Оның сөзінше, байланыс операторлары тарифтерді өздері белгілей алады. Бірақ мемлекетте оларды тексеру мүмкіндігі болуы керек.
“Зардап шегетін кім? Әрине, халық, біз. Айтыңызшы, егер осындай норманы енгізсек, сіздер бізді қолдайсыздар ма?”, – деп сұрады Сәрсенғалиев.
Премьер-министрдің орынбасары Жаслан Мәдиев операторларда әртүрлі тарифтер, соның ішінде әлеуметтік тарифтер де бар екенін айтты.
“Соңғы екі жылда дәл осы әлеуметтік тарифтер өзгерген жоқ. Демек әлеуметтік тарифтердің бағасы көтерілген жоқ”, – деді Мәдиев.
Сонымен қатар министр тарифтердің жалпы қымбаттау үрдісі бар екенін мойындады. Оның айтуынша, бағаның өсуіне инфрақұрылымға салынған инвестициялар, 4G-ден 5G-ге көшу және ауылдық елді мекендерге интернет тарту керегі әсер еткен.
“Бізде трафик тұтыну көлемі 70% өсті. Егер үш жыл ішіндегі бір гигабайттың құнын есептесек, онда оператор тарифтерінің бағасы қымбаттамағанын көруге болады. Тіпті 15% арзандағанын көруге болады. Мысалы, биыл бір гигабайттың бағасы 82 теңге болып отыр”, – деді министр.
Мәдиев ұялы байланыс саласындағы монополияға қарсы бақылауды күшейтуді қолдайтынын да айтты.
“Монополияға қарсы бақылауды күшейтуді қолдаймыз. Алдағы уақытта да бұған дайынбыз. Ұялы байланыс тарифтеріне қатысты да солай”, – деді ол.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
