Бүгін Мәжіліс депутаттары елімізде көзге түрпідей тиетін өрескел бірқатар өзекті мәселені көтерді. Бірі еліміздегі көрігі қызып тұрған қан саудасы жайын қаузаса, тағы бірі Қостанай облысындағы Жангелдин ауданы атауын сөз етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеме жасап.
Депутаттың айтуынша, Алашқа, яғни қазаққа күн көрсетпеген бұл тұлға есімі аудан атауында әлі күнге дейін тұруы басқа сымайды. Мәжілісмен Жангелдин ауданы ұлтын сатқан сатқынның атында тұр, бұл елге қиянат деп өз наразылығын білдірді. Сондай-ақ ауданның атын Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлының атына беруді ұсынды.
“Алаш көсемдері Ахмет пен Міржақыптың туған ауданының аты әлі күнге дейін қызыл большевик, кезінде ұлты мен дінін сатып кеткен Николай Степнов болған Әліби Жангелдиннің атында болуы елге де, ерге де, және де ең алдымен әруаққа қиянат”, – дейді Қазыбек Иса.
Қостанай облысына қарасты Жангелдин ауданы 1950 жылға дейін Торғай ауданы атанған. Орталығы – Торғай ауылы. 2019 жылғы санақ бойынша ауданда 12251 тұрғын бар. Қазыбек Исаның айтуынша, Жангелдин ауданының атын өзгерту туралы тұрғындардың өзі де президентке ашық хат жолдаған.
Сондай-ақ қан сатып қаржыға кенелу туралы мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова нақты деректерді келтірді. Оның айтуынша, Үкіметтің 2020 жылғы 16 қазандағы қаулысына сәйкес жедел медициналық көмек кезінде барлық қызметтер тегін болуы керек. Бірақ іс жүзінде клиникада ақылы түрде ем-дом қабылдайтын пациенттер шұғыл ота кезінде қан сатып алуға мәжбүр болады.
“Тәулігіне бір пациентке жағдайының ауырлығына байланысты бес немесе одан да көп доза салынады. Бұл дегеніміз орта есеппен 300-500 мың теңге көлемінде. Тіпті кейде бұдан да көп мөлшерде қан қажет кездер болады. Ал кейбір ем қабылдаушылардың қалтасы мұндай соманы көтере алмауы мүмкін”, – дейді депутат Нұрымова.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!