Фото: krisha.kz
Баспаналы болу – кез келген адамның арманы. Ал оны жүзеге асыру жолында түрлі қиындықтар кездеседі. Бірі өзінің ескі үйін сатып, жаңасын алғысы келсе, енді бірі жаңа ғимараттардан өзіне жайлы шаңырақ іздейді. Осы орайда екі жақтың да машақатын жеңілдететін қызмет түрі бар. Ол – риелтор. Бүгінгі мақаламызда оның атқаратын қызметі туралы сөз етеміз.
РИЕЛТОР ДЕГЕН КІМ?
Риелтор – бұл жылжымайтын мүлікті сатып алу, сату және жалға беру секілді мәселелерді делдалдық функциялар арқылы орындайтын заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер. Бұл қызмет өткен ғасырдың 70-80 жылдарынан-ақ бастау алып, заманға сай өзгерістерге бейімделген. Әлеуметтік желідегі жарнаманың, арнайы жылжымайтын мүлік сатуға арналған платформалардың көмегімен риелтордың қызметі жылдан жылға жандана түсті.
Ол сатушы мен тұтынушы арасында байланыс орнатып, мәміле жасауға көмектеседі. Басты міндеті – тұтынушының мүддесін қорғау, оны нарықтағы жағдаймен таныстыру, жылжымайтын мүлікті дұрыс бағалау, құжаттарды дұрыс рәсімдеуге көмек көрсету. Делдалдық қызметті атқару үшін олар ұйымдастырушылық қабілеттерге ие болуы керек, одан бөлек құқықтық тұрғыда білімді болуы, маркетинг пен сауда дағдыларын меңгеруі маңызды.
Үйді риелтордың көмегінсіз сатып алу қауіпті болуы мүмкін. Заңды тұрғыда баспананың құжаттарында кемшілік болуы ықтимал. Осы орайда риелтор жұмысыңызды барынша жеңілдетеді. Риелтордың қызметі халық үшін тиімді. Себебі жақсы келіссөз жүргізу үшін уақыт пен күш керек. Ал кәсіби тұрғыда осы салаға бейімделген риелтор қызметін тұтыну – сатуда немесе сатып алуда өте тиімді болуы мүмкін. Атап өткеніміздей, олар сауда нарығының қалай жұмыс істейтінін біледі, сондай-ақ заңдық тұрғыда кедергі болмауын қамтамасыз етеді. Жалпыға ортақ тілмен айтқанда, олар сіз үшін «жүгіретін» адамдар. Риелтордың атқаратын қызметі оңай көрінгенімен, оның машақаты да аз емес.
– Еліміздің барлық өңірінде жылдан жылға жаңа баспаналар саны артып келеді. Бұл процесті жүргізу үшін де, негізі құрылыс компанияларына риелторлық қызмет тікелей қажет. Бұл қызметтің құрылыс және жылжымайтын мүлік нарығындағы маңызы зор, әсіресе бірінші және екінші нарықтағы үйлердің сатылымын атап өтсек болады.
Риелтордың негізгі қызметі сатып алушыға үйді тауып берумен тоқтамайды. Алдымен үйдің жарнамасын жасап, кейіннен сатып алушыға үйді көрсетеді. Үй иесі мен сатып алушы арасында ортақ мәміле жүргізеді. Жылжымайтын мүлікті сатукезіндегі нотариус қызметін, ипотекамен алынған жағдайда банк арқылы жүретін процесстерді де риелтор атқаруға көмектеседі.
Қызылорда қаласында кеңінен белгілі болмаса да, үлкен мегаполистерде риелторлық қызмет танымалдыққа ие деп айтсам қателеспеймін. Ондағы сауда нарығы қайнап жатқан қазан секілді. Мұндай жерде риелторға деген сұраныс та, табыстың көзі де көп болатыны анық. Бірақ табыс көлемі әртүрлі, сатылымдағы ғимараттың бағасына байланысты. Ең аз пайда 100 мың теңгеден басталады. Қызылорда қаласында үй сату нарығы қарыштай қоймаған. Сол себепті қызмет төлемі аса қымбат бағаға шыға бермейді.
Жұмысты бастамас бұрын бұл қызметке ақы төленуі бойынша келісім-шарт жасалады. Үй иесі төлем жасаудан жалтарған жағдайда, заң бойынша жауапқа тартылады. Риелтордың құқығын заңгер қорғайды. Алайда мұндай оқиға риелторлық қызметте сирек кездеседі, – дейді риелтор Асылхан Жанділдаев.
«ҚАРА РИЕЛТОРДАН» САҚ БОЛЫҢЫЗ!
Риелторларға қатысты заң әлі де жоқ. Бұл мәселе өте түйіткілді, себебі бұл саланы да жеке заңсыз кәсіпке айналдырып, алаяқтыққа барып жүрген азаматтар жеткілікті. Олар қолдарында жоқ пәтерді сатып, шетелдік қонақтарды да тақырға отырғызып жүрген көрінеді. Өздерін «ақпарат агенттіктері» деп атап, қызметті тұтынушыға пәтерді көрсетпей, алдын ала тиісті ақысын алатынға ұқсайды. Содан кейін сатылатын немесе жалға ұсынылатын үйдің нақты мекен-жайын береді. Қарап тұрсаңыз, делдал мен тұтынушының арасында заңдық тұрғыда ешқандай байланыс жоқ. Яғни, делдал ізін суытса, оның кінәлі екенін дәлелдеу қиын.
Тағы да бір ескере кететін тұсы, риелтордың қызметіне арнайы белгіленетін баға жоқ. Қанша алғысы келсе, тұтынушыдан сонша сұрайды. Ал қызмет комиссиясы қандай критерийлер бойынша бекітілгені белгісіз. Алайда бұл салада бәсекелестік өте жоғары, сондай-ақ табыс тұрақсыз болады.
Тұтынушы мен делдал арасында түсініспеушіліктер орын алуы және риелтор клиентті түсінбеуі мүмкін. Жылжымайтын мүлікті сату немесе сатып алуда ол туралы ақпаратты бұрыс берсе, бұл сатылымның сапасына сызат түсірері анық. Ал мұндай келеңсіздіктер көп кездесетін көрінеді.
БАЙЫПТЫ БАҚЫЛАУ ҚАЖЕТ
Қазан айының кейінгі мәліметтеріне сүйенсек, 2024 жылдың ІІІ тоқсанында коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға алу бағасы 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,1%-ға өсті. Тиісінше бұл қызметке де сұраныс жоғары деген сөз. Мәжіліс депутаты Олжас Құспековтің айтуынша жылжымайтын мүлікті сатуға арналған «Krisha.kz» сияқты мамандандырылған сервистерде, мүлік сату туралы басылымдарға жарияланған хабарландырулардың көп бөлігін риелторлар жариялаған.
Үйіңізді өткізіп беремін деп, ізім-қайым ақшаны ала сала жоқ болып, тақырға отырғызып кеткендер туралы бүгінде естіп жүрміз. Осы тұрғыда «бұл бассыздықтың алдын алатын риелторлыққа қатысты заңның жоқтығы ма?» деген сауал туындайды. Осыған орай аптаның басында Алматы қаласының «Атамекен» өңірлік палатасының алаңында жылжымайтын мүлік нарығындағы өзекті мәселелер мен перспективаларды талқылау үшін түрлі мамандар мен сарапшылардың қатысуымен риелторлар семинары өтті.
– Бүгінде риелторлық қызмет ішінара кәсіпкерлік, азаматтық және салық кодекстеріне, «Жеке кәсіпкерлік туралы», «Жылжымайтын мүлікке мемлекеттік тіркеу туралы», «Тұрғын үй қатынастары туралы» және «Жарнама туралы» заңдарға жатады. Алайда риелторлық қызмет көрсету саласын реттейтін қолданыстағы құқықтық база біліктілігі жоқ және заңсыз жұмыс істейтін адамдарды толық көлемде анықтауға мүмкіндік бермейді. Бұл мамандыққа теріс көзқарастың қалыптасуына айтарлықтай әсер етеді. Қолданыстағы құқықтық база көп жағдайда тұтынушыларды заңсыз әрекеттерден қорғамайды. Қазіргі жағдай біздің азаматтарымыздың да, жылжымайтын мүлік нарығында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің де құқықтарының бұзылуына алып келеді, – деп есептейді өзін-өзі реттейтін риелторлар қауым дастығының президенті Лариса Степаненко.
Бұл салаға да әй дейтін әже, қой дейтін қожа қажет. Үкімет аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаев риелторлардың «тайраңына» тоқтау қоятынын, саланы тәртіпке келтіру бағытында жұмыстар басталғанын жеткізді.
– Елдегі риелторлық қызметті заң жүзінде реттеу қажет. Бұған риелторлардың тұтынушыларды алдауы, оларға деген сенімсіздіктің өсуі, көрсетілетін қызмет ақысын шектен тыс көтеруі, алаяқтық сияқты теріс факторлар түрткі болып отыр. Риелторлық қызметті нормативтік реттеу тәсілдемелерін әзірлеу мақсатында Үкімет тиісті дайындық іс-шараларын жүргізіп жатыр. «Атамекен» палатасының, «Қазақстанның өзін-өзі реттеуші біріккен қауымдастығының», «Орталық Азия қауымдастығының» және басқа да ұйымдарының өкілдерімен бірқатар кеңес өткізілді. Оның қорытындысында «Жылжымайтын мүлік нарығындағы риелторлық қызметтер» ұлттық стандарты базасында «кәсіби риелтордың» критерийлерін жасау ұсынылды, – деді Ғалымжан Тельманұлы.
Ұсынылған критерийлерге бір шолу жасасақ, риелторлар қызметін уәкілетті органға тіркеу арқылы қолдануға болады, риелтор біліктілігі мен тәжірибесі туралы ақпаратты қамтитын тізім-реестріне енгізіледі. Яғни лицензиялау, заңдастыру жұмысы жүреді. Сондай-ақ «Yandex taxi» секілді платформалық еңбекпен қамтудың пилоттық жобасы іске қосылуы мүмкін.
Талап күшейген сайын сапа да, істің салмағы да арта бермек. Қазір бұл салаға жетіспей тұрғаны – бақылау. Биліктің «бастаймыз» дегені жерде қалмай, бұл мәселе де бір жақты шешімін тапса игі.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!