Қазақстан тарихының кейінгі 10 жылына зер салсақ, күн санап өзгеретін IT саласын дамыту мәселесі жиі айтылған. Себебі өркениетті елдер ақпараттық технологияны ұтымды пайдаланып, халықтың тұрмыстық сапасын жақсарту жолында жаңашылдыққа бет бұрды.
Бұл ретте елдегі тың бастаманың бірі ретінде 2017 жылы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы іске қосылса, Мемлекет басшысы «Digital Forum 2022»-де Үкіметке 2025 жылға қарай 100 мыңға жуық IT кадр дайындауға тапсырма берді. Ал биыл қыркүйекте өткен Жолдауда Президент цифрландыру саласында қол жеткізген жетістіктерді еселей түсу керек екенін атап өтті. Ендеше өткен мен бүгіннің арасындағы уақытта не өзгерді? Қызылорданың IT сектордағы рөлі қандай?
АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ НЕ ҮШІН КЕРЕК?
IT сектор қарқынды дамып келе жатқан саланың бірі деп жиі айтамыз. Бұл бағыт қоғамның әрбір саласына еніп, халықтың өмір сүру деңгейін, күнделікті қарым-қатынас пен іскерлік процестерді түбегейлі өзгертеді. Себебі IT индустрияның дамуы инновациялық технологиялардың пайда болуына, жаңа экономикалық мүмкіндіктердің ашылуына және жаһандық деңгейде бәсекеге қабілеттіліктің артуына жол ашты.
IT сектордың басты бағыттарының бірі – бұлттық технологиялар. Олар ақпаратты сақтау, алмасу және өңдеу процестерін жеңілдетіп, кез келген бизнестің жұмысын икемдейді. Бұлттық жүйелерді қолдану компаниялардың іскерлік процестерін автоматтандырып, олардың жұмыс өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жасанды интеллект және мәліметтерді талдау да IT индустрияның маңызды бөлігіне айналды. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйектегі Жолдауында да айтылды. Үкімет биыл жасанды интеллектіні дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын қабылдады. Қазір 17 жоғары оқу орны жасанды интеллект бойынша 15 бағыт енгізген. Ал бұл мамандықтар бойынша 2196 студент оқиды. ЖИ технологиялар компанияларға тұтынушыларды терең түсінуге, олардың сұраныстарын талдауға, тиімді маркетингтік стратегияларды жасауға көмектеседі. Ал киберқауіпсіздік бұл ретте айрықша рөл атқарады. Себебі цифрландырудың артуымен ақпараттық қауіпсіздік мәселесі де күн тәртібіне шықты. Мұнан бөлек ақпараттық технологиялар халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға да үлес қосуда. Мәселен өткен жылы IT-Aiel бағдарламасы бойынша 2 мыңнан астам жұмыссыз әйел «No Code School», «Freelance School» курстарында тегін білім алып, компьютерлік дағдыларын арттырды.
Өткен жылдың еншісінде не бар?
Былтыр елде IT қызметтердің көлемі 1,4 триллион теңгеден асты. Көрсеткіш соңғы 3 жылда 216,7%-ға өскен деседі. Бұл қызметтердің 87,5%-ы Астана мен Алматыда тіркелсе, Қарағанды облысы 3%-ын өндіреді. Елорда қауіпсіздіктен бөлек еліміздегі компьютерлік ойын өндірісінің 80%-ын қамтамасыз етіп отыр. Деректерге сүйенсек, өткен жылы финтех, денсаулық сақтау, білім беру, электрондық коммерция және түрлі салада жұмыс істейтін 500- ден астам стартап тіркелген. Ал IT бағдарламалары бойынша былтыр 30 мыңнан астам студент оқуға түскен.
Әлемдік рейтингтегі Қазақстанның жағдайы
Киберқауіпсіздікке қайта ойыссақ. 11-13 қыркүйекте Алматыда «KazHack- Stan-2024» атты хакерлік конференция өтті. Іс-шараға 6000-нан астам адам жиналып, сала сарапшылары, IT мамандар, мемлекеттік орган мен БАҚ өкілдері қатысқан. Бұл алаңда ақпараттық және киберқауіпсіздік бағытындағы өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар жаһандық киберқауіпсіздік индексі таныстырылып, 194 елдің кибершабуылға дайындығы бағаланды. Биыл Қазақстан өз көрсеткішін жаңартып, екінші топқа тұрақтады. Ол дегеніміз tier 2 – ілгерілеу санатына жатады. Одан бөлек tier 1 – үлгі көрсету, tier 3 – қалыптасу, tier 4 – дамып келеді және tier 5 – қалыптасу сатылары бар. Tier 2-ге Қазақстаннан бөлек Қытай, Австрия, Канада және Әзірбайжан сияқты елдер кірген. Ал 2020-2021 жылы Қазақстан рейтинг тақтасының 31-ші сатысына жайғасқан екен. Елдерді бағалау бес бағыт бойынша жүреді. Нақтыласақ, заңнамалық, техникалық, ұйымдастырушылық шаралар, адам дамуы және ынтымақтастық.
Бұдан бөлек «UN E-Government Survey» есебіне сәйкес, электронды үкіметті дамыту бойынша әлемдік рейтингте 24-орынға көтерілдік. Ал телекоммуникациялық инфрақұрылым индексімен 41-орынға тұрақтадық.
Ақпараттық технологиялар секторындағы Қазақстанның бағалануы осылай. Алдағы жоспарда шалғай жатқан ауылдарды жоғары жылдамдықты интернетке қосу ісі бар. Ол 2025 жылдан бастап жүзеге асады. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиевтің сөзінше, бұл жоба әлі күнге дейін ғаламторға қосылмаған елді мекендерді тұрақты және кең жолақты интернетпен қамтамасыз етеді. Әрі осы мақсатта әлемдегі сенімді, түрлі салада қолданылатын спутниктік байланыс таңдалған. Станция Қазақстанды ғана емес, бүкіл Орталық Азия аумағын қамтиды.
Қызылорда: жаңа белестер
Былтыр аймақта ІТ саласын дамытуға ерекше екпін берілді. Бұл іс-шаралардың барлығы аймақтағы білім, ғылым, IT технологиялар, киберқауіпсіздік және компьютерлік ғылымдар саласына серпін береді деп күтілуде. Ал бүгінде жаңашылдық пен игі іске жол ашатын бастамалардың нәтижесі жаман емес.
Мәселен Республика күніне орай «Smart City Kyzylorda Hackathon 2024» IT жобалар хакатоны ұйымдастырылды. Биыл алтыншы рет өткен байқауға 330 қатысушы, 98 жоба тіркеліпті. «Байқаудың басты мақсаты – талантты мамандарды, стартап жобалар мен цифрлы шешімдер іздеу, «Smart city» эталондық стандарты аясында ақпараттық технологиялар, инновациялық жобалар саласына жастардың қызығушылығын арттыру және дамыту» дейді ұйымдастырушылар. Хакатон 3 бағыт бойынша, атап айтқанда «Әзірлеу», «Модельдеу», «Әлеуметтік және цифрлы медиа» бағыттарында жоба қабылдап, әр секциядан үздік 3 жоба анықталды.
«Әзірлеу» бағытына сайт, мобильді қосымша, бот және ойындар әзірлеу бағытындағы жобалар, «Модельдеуге» 3D модельдеу, робототехника, жасанды интеллект, ақылды заттар және BIM технологиялар, «Әлеуметтік және цифрлы медиа» бағытына LMS, онлайн оқыту, анимация мен кинематография саласындағы жобалар қабылданды. Нәтижесінде «Модельдеу» секциясы бойынша «OMNI EYE», «Talk Gloves», «AetherShift» жобалары, «Әзірлеуден» «AIDOS», «Speech app», «Qash», ал «LMS курс», «GovTech», «Анимациямен оқыту» жобалары «Әлеуметтік және цифрлы медиа» бағытында жеңімпаз атанды.
− Өткен жылғы нәтижемен салыстырғанда биыл қатысушылардың саны едәуір артқан. Бас-аяғы 98 жоба қорғалды. Ал былтыр осындай байқаудың жеңімпазы атанған жерлесіміз Астанадағы ІТ компанияға шақырту алды. Сондай-ақ тағы бір қатысушы инвесторлардың қолдауына ие болды, − деді «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ директоры Қанат Қараев.
Бұдан бөлек Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің гранты №264 мектеп оқушысы Елжан Сейдалыға, Qstem мектебінің оқушысы Аделя Дүйсенбай мен Әсем Берікке табысталды.
Сәйкесінше 1 500 000 теңгені құраған жүлде қоры әр жеңімпазға үлестірілді.
«Модельдеу» секциясында 1-орын иеленген С.Толыбеков атындағы №3 IT мектеп-лицейінің оқушысы Жантүгел Мұқағали «OMNI EYE» жобасы туралы айтып берді.
− Бұл жобада жасанды интеллект арқылы нақты уақытта объектілерді анықтау, бақылау және картада көрсету мүмкіндіктері біріктірілген. Тиімді тұстарының бірі − түрлі салада мониторинг жүргізуге болады. Мысалы мал жоғалған кезде оларды тауып, деректер базасына жібереді. Бұл жүйені төтенше жағдай кезінде қолдануға да болады. Сонымен қатар стандартты жабдықтарда жұмыс істей отырып, жоғары тиімділікті қамтамасыз етеді. Хакатон барысында біздің жобамыз техникалық шеберлігі мен практикалық қолданылуы арқасында жоғары бағаланды, − деді жеңімпаз.
Ал Жантүгел Мұқағалидің жетекшісі Анар Абдукаримова IT жобалар хакатонына оқушысы жауапкершілікпен дайындалғанын айтты.
− Расымен де, ақпараттық технологиялар саласына жастардың қызығушылығы артып келеді. «Үйренсем, жаңа дүние жасап, идеямды жүзеге асырғым келеді» деген жастардың қатары көбейді. Биыл хакатон жоғары деңгейде өтті. Жыл сайын бәсекелестік артып, жаңа бастамалардың көбейгені байқалады. Бұл, әрине облыстағы IT бастамалардың нәтижесі. «Модельдеу» бағыты бойынша оқушым Жантүгел Мұқағали ЖИ арқылы белгілі бір обьектіні тауып,мониторинг жасайтын система әзірледі. Мұнымен тоқтамаймыз. Жобаны дамытып, толық іске қосуды қолға аламыз,− деді С.Толыбеков атындағы №3 IT мектеп-лицейінің оқытушысы Анар Абдукаримова.
Байқау барысында «Модельдеу» секциясының модераторы Нұрлан Құлмырзаевпен әңгімелестік. Ол бағдарламалау, модельдеу және инновациялық шешімдерді әзірлеу бағытындағы дағдыларды көрсету үшін хакатон тиімді алаң екенін айтты.
− Байқауға түрлі оқу орындарынан дарынды студенттер мен мектеп оқушылары қатысты. «Модельдеу» секциясында 28 команда бақ сынап, 3D модельдеу, робототехника, жасанды интеллект, IoT және BIM технологиялары сияқты салаларда бірегей жобаларын ұсынды. Жұмыстар арасында LMS smartcity, ақылды автотұрақ жүйесі, зерттеу наноспутнигі, 3D тарих, жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша шешімдер, жасанды интеллект саласындағы жобалар мен инновациялық шешімдер болды. Әсіресе ғылым мен технологияларды танымал етуге бағытталған білім беру шешімдері ерекше қызығушылық тудырды.
Айта кету керек, «Модельдеу» секциясындағы жобалар біртіндеп мектеп роботтары «EV3»-ті пайдаланудан шығып, «Arduino» платформасын қолданатын күрделі шешімдерге көшуде. Сонымен қатар симуляциялық модельдердің саны артып келеді, − дейді ол.
«Тың идеяларымен ерекшеленетін жастар бар»
«Smart City Kyzylorda Hackathon 2024» байқауы облыстағы маңызды және ауқымды IT іс-шаралардың бірі. Жаңа оқу жылымен қатар Қызылордадағы ақпараттық технологиялар саласында күзде түрлі байқау мен жиындар өтеді. Мәселен қазан айының басында гибридтік форматта «NASA Space Apps Challenge » ұйымдастырылып, оған 270-ке жуық қатысушы тіркелді. Оның ішінде 40 жоба оффлайн, 32 жоба онлайн форматта талқыланған еді. Аймақ жастарының ғарыштық зерттеулерге қосатын үлесі мен шығармашылық әлеуетін көрсететін мүмкіндік алаңына айналған байқаудан кейін «Digital Kyzylorda Forum: Artificial intelligence in our lives» өтті. Сала мамандары білім берудегі AI, ойын жасау, стартаптарға арналған мүмкіндіктер, ақылды қалалар, дрондарды құру әрі басқару және жасанды интеллект маманы атану тақырыптарында баяндама қорғап, тәжірибелерімен бөлісті.
− Бұл форум Қызылордадағы оқушылар, студенттер мен ересектердің бір алаңға жиналып, еркін форматта кездесу өткізуі үшін оңтайлы мүмкіндік. Жиын барысында цифрландыруға бағытталған барлық тақырып қамтылып, өңірдегі жаңалықтар мен жұмыстар таныстырылды. Мұндай форматтағы форум республика көлемінде де, әр өңірде де ұйымдастырылады. Бұл өз кезегінде ақпараттық технологияға жақын, қызығушылығы бар жасөспірімдер мен жастарға үлкен мүмкіндік. Алдағы уақытта түрлі байқаулар өтеді. Айта кету керек, биыл «InnoFest» инновациялық жобалар байқауының 5 жылдық мерейтойы, − деді Қызылорда облысы әкімі аппаратының цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сәбит Ибадулла.
Форумға 200-ден астам жас қатысқан. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жиын пандемияға дейін де ұйымдастырылған. Ендігіде жыл сайын өткізуді қолға алмақшы.
− Қызылордалық жастардың ІТ сектордағы белсенділігі жақсы. Жыл сайын байқауға қатысушылардың саны артып, қызығушылар көбеюде. Салыстырмалы түрде облыста дипломдалған IT мамандар аз болуы мүмкін. Бірақ бәсекеге қабілетті, қызығушылығы жоғары, жоба мен стартап жасауда тың идеяларымен ерекшеленетін жастарымыз бар. IT бойынша көш басында тұрған Алматы, Астана, Қарағанды қалаларынан кейін Қызылорданың да орны ерекше. Бірақ біздегі басты мәселенің бірі мықты, білікті болашақ мамандардың Қызылордада тұрақтамауы. Өңірдегі IT орталықтардан білім алып, тәжірибе жинап, байқауларға қатысқан, көзінде «оты бар» жастар мегаполистерге кетеді. Ендігі мақсат біздің кадрларды Қызылордаға шоғырландыру, − дейді Kyzylorda Hub жетекшісі Жанарыс Тубекбаев.
Расымен, төмен жалақы немесе әлеуметтік жағдайдың әсерінен өңірде қалыптасқан IT кадрлар өзге қалада жұмыс жұмыстеуге мәжбүр. Ал Қызылорда тек кадр «өндіруші» рөлінен қашан арылады? Бұл да шешімін таппаған түйткілді мәселе. Бірақ аймақтағы бастамалар мен жалынды жастардың оң нәтижесі болашақтың жарқын болатынына күмән келтірмейді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!