Жуырда Албанияның Тирана қаласында жастар арасында әлем чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде 97 келі салмақта бақ сынаған Ризабек Айтмұхан жеңімпаз атанып, көк туымызды көкте жілбіретті.

Қазақстан ұлттық құрамасының 20 жастағы еркін стильдегі балуаны Ризабек ширек финалдан сүрінбей өтіп, жартылай финалда ресейлік Шамил Имам Гаджиалиевпен күш сынасқан еді. Нәтижесінде 7:4 есебімен қарсыласын қапы қалдырды. Ал финалдық бәсекеде ирандық Махди Морафамен белдесіп, тізе бүктірген болатын.

Финалдық шайқас тартысты өтті. Екі палуанда бар күш-жігерін салды. Алғашқы минуттардан-ақ қос спортшы бір-бірінен ұпай алып, белдесудің жартысын тең аяқтады. Шешуші кезеңде Ризабек белсенділік танытып, қарсыласынан айласын асыра білді. Осылайша толық белдесу 11:6 есебімен отандасымыздың пайдасына шешілді.

– Тарих жазуды тоқтатпаймыз. Бұл жеңіс менің ғана жеңісім емес, бүкіл қазақ елінің жеңісі! Халқым мен отбасымның қолдауының және де адал еңбектің арқасында бүгін де 3 дүркін әлем чемпионы атану бұйырды, Аллаға шүкір!

Алдағы уақытта бірнеше жарыстарда еліміздің туын асқақтатып, олимпиаданы бағындыруға күш салатын боламын. Сіздерді әрі қарай чемпиондарымызды жеңісте ғана емес, жеңілісте де қолдап, шын жанкүйер болуға шақырамын!, – деді Ризабек Айтмұхан белдесуден соң.

Айта кетейік, ол бұған дейін қыркүйек айындаөткен 20 жасқа дейінгі әлем чемпионатында да жеңімпаз атанды. Былтырғы жылы 92 келі салмақта ересектер арасында Қазақстаннан шыққан алғашқы әлем чемпионы болды. Яғни, 1,5 жыл ішінде отандасымыз үш түрлі жас санаты мен екі салмақ дәрежесінде әлемді мойындатып отыр.

Дегенмен Ризабек Парижде өткен Олипиада ойындарында қатыспады. 97 келі салмақтағы ішкі іріктеуде Әлішер Ерғалиға есе жіберген еді.

Бақыт НҰР

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!