«Досың ит болғанша, итің дос болғаны дұрыс». Бүгінде бұл мақал турасынан қолданылуда. Себебі төрт аяқтылардың маскасын киіп, одан қалды жануардың жүрісін, мысықтың пырылы мен иттің үргенін қайталайтындар көбейді. Тіпті мұны «квадробика» дейді- мыс. Ал трендке айналған жаңа үрдіс туралы не білеміз?
ҚАЗАҚҚА ТАҢСЫҚ СПОРТ
Квадробика жайлы білу үшін алдымен уикипедиялық деректерге сүйендік. Өйткені бұл мәдениет қазақ қоғамына таңсық һәм жат дүние. Іздей келе мұның атауы латынның quattuor (төрт) және ағылшынның aerobics (аэробика) деген сөзінен шыққанын білдік. Өзін квадробер санайтындар жануарларға еліктеп, төрт аяқтап іс-қимылдарын қайталайды. Мәліметтерде мұны антропоморфты жануарларға еліктейтін «фурри» субмәдениетімен байланыстырады.
Квадроберлердің де айтары бар. Себебі ол – аэробика элементтері араласқан бейресми спорт. Ең қызығы, 2008 жылы жапондық Кеничи Ито төрт аяғымен 100 метр қашықтықты 18,5 секундта жүгіріп өтіп, рекорд орнатқаны интернетте лезде таралған. Бұл оқиға әлемнің түкпір-түкпірінде қызығушылық тудырды. Ал кейін адамдар жануарлардың қимылына ұқсас акробатикалық іс-қимылдарды өздерінің күнделікті әдетіне айналдыра бастаған деседі. Сол секілді 2022 жылы америкалық Колин Маклюр қашықтықты одан да жылдам жүгіріп өтті. Міне, осылай жаңа «тренд» пайда болған.
Ата-ана неге алаңдаулы?
Хош. Спорт санатына жатқызғанымен, оның қазіргі мақсаты мүлде басқа. Аталған субмәдениеттің жасөспірімдер арасында белең алғаны қоғам арасында алаңдаушылық туғызып отыр. Бұл жөнінде Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев әлеуметтік желіде үндеу жасады.
– Құрметті ата-аналар, оқырман! Сіздерге айтатын маңызды ақпаратым бар. «Квадробер» деген терминді естіп жатқан шығарсыздар. Қарапайым тілмен айтқанда, адамдардың жануарға айналуы. Бұл көбіне жасөспірімдер арасында белең алып жатыр. Кәдімгі дерт, қоғам ауруы десе де болады. Қазірден бастап алдын алмасақ, ертеңгі күні ұрпақтың тамырына балта шауып алуымыз мүмкін. Қарапайым тілмен айтқанда, адамдар, жасөспірімдер жануарға еліктейді, төрт аяқтап жүреді, солар секілді өмір сүреді, секіреді, тіпті көшеде жүрсеңіз, сізді тырнап, тістеп алу қаупі де бар. Бұл Еуропада да, АҚШ-та да белең алып жатыр. Тіпті Ресейде де, Өзбекстанда да тіркелген жағдайлар бар. Сондықтан барынша сақ болайық! – деді депутат.
Расымен, еліктеуден туған мәселе «қас пен көздің арасында» тарап жатыр. Шектен шыққандар да кездеседі. Адам айтса сенгісіз, бірақ жануардың тамағын жейтіндер де бар көрінеді. Квадробиканың физикалық тұрғыда да қаупі бар екенін ұмытпаған жөн. Аулада, саябақта төрт тағандап жүрген жасөспірім аяқ асты жарақаттануы мүмкін. Ал психологиялық жағдайға әсері бұдан да жоғары. Баланың өз-өзін қабылдамауы, мінезінің құбылуы, өзін қоршаған ортаға қажет емес сезінуі, жалғыздық және еліктеушілік жаңа трендке қызығатындардың сандарын көбейтеді. Психологтың айтуынша, квадробика – зиян әрі қауіпті.
– Адам өзін тұлға ретінде сезінуі қажет. Ал жануар кейпіне ауысуды қалап, қимылын қайталау ақылға қонбайды. Сөздің ашығын айтқанда бұл қоғам үшін зиян әрі қауіпті құбылыс. Егер балаңыздан квадробердің белгілерін байқасаңыз, алдымен байыпты түрде сөйлесуді ұсынамын. Себебі ұрыс немесе дөрекі қарым-қатынас жағдайды керісінше ушықтыруы мүмкін. «Ол неге квадробикаға қызықты?» деген сауалға жауап іздеңіз. Баланың ішкі дүниесін түсініп, психикалық соққы болмайтындай әрекет жасау қажет, – деді психолог маман Сырым Елжас.
Әлеуметтік желідегі видеолар жаға ұстатарлық. Мәселен, TikTok-тағы әже мен квадробер немересі қызу талқыға түсті. Бейнежазбада жасөспірім мойын жіпке байланып, төрт аяқтап жүр. Ал желі қолданушылары мұндай көрініске «Саудың асын ішіп, аурудың әрекетін жасап жүр» деп баға берді. Сондай-ақ «квадроберлерді дұрыс түсінбейді. Біздің зиянымыз жоқ» дегендер де бар. Әлеуметтік желідегі сұхбатта екі жасөспірім қыз бұл әрекеттерін «уақытша дүние» деп түсіндірді.
– Бірнеше квадробер ерсі қылығымен көзге түскен соң, бізге де теріс пікір қалыптасты. Біздің ешқандай зиянымыз жоқ. Бұл жай ғана спорт, мәдениет. Қозғалыс менің өмірімнің бір бөлігі, бірақ уақытша екенін білемін, – деді видеода.
Ал көпбалалы ана Эльмира Тұрсынова мұның барлығы баланың бақылаусыз өскенінен болады дейді.
– Сұмдық! Қай уақытта адам жануар секілді өмір сүрген? Ақылға қонымсыз жағдай. Расымен интернетте де бейнежазбалары көбейіп жатыр. Бала тәрбиелеп отырған ана ретінде перзенттерім үшін алаңдаймын. Баланың мұндай топқа еліктеуі бос уақыттың көптігі мен аз бақылаудың салдарынан деп ойлаймын. Егер жасөспірім уақытын тиімді пайдаланып, түрлі іс-шаралар мен қосымшаларға қатысса жануарлар секілді жүрмек түгілі, оны ойлауға да шамасы болмайды. Сонымен қатар ата-ананың тарапынан мықты бақылау болу қажет, – деді ол.
Жасөспірім жөнінде мәселе қозғалса, сол саладағы маманның да пікірін ескерген жөн. «Білім Ыбырай» қоғамдық қорының координаторы, менторы Азамат Абимолдамен жаңа тренд жөнінде әңгімелестік.
– Өңделмеген егіс алқабы құнарсыз болады. Сол секілді толыққанды тəрбие мен мейірімге бөленбеген бала өсе келе кемелдікке жете алмай, адамзатқа пайдасы болмайды. Адам мен жануардың айырмасы тек сана еді. Алайда адам да санасынан айырылып тұрған кезеңдеміз. Ел үшін жорғалаған жастар мен құлқынның қамын ойлаған аға буын өкілдері болғанымен, жануардың хәлінде жүргендер де аз емес. Сол үшін өскелең ұрпақтың санасын тазарту жұмыстарын қолға алу қажет. Құндылықтары мен болмысын қалыптастыру керек. Себебі квадроберлермен күресу, оларға бірнәрсе түсіндіру ақымақтық. Ойлаңызшы, адам өзін жануар ретінде сезсе, оның санасы бар ма, кім білсін?! Айтарым, мәселемен күрескеннен пайда жоқ. Мұны әртүрлі мәдениет пен жаңадан шыққан таптардан аңғаруға болады. Кім жеңді? Керісінше көбейіп жатыр. Өйткені тегін пропаганда. Сондықтан ұрпаққа саналы білім мен тәрбие берейік. Нәтижесін уақыт көрсетеді, – деді ментор.
Қоғам қаупіне заң қажет
«Батыр болар ма екенсің, алып тұлғалы». Ер жеткенше осындай жылы сөздерді естіп өскен бесіктегі сәбиден кейін елін сыйлайтын басшы да, жыр жазатын ақын да, жер қорғайтын батыр да шығары сөзсіз. Ал қазіргі бала неге жануарға еліктейді? Бұл ретте толассыз сауал емес, тұшымды жауаптың жоқтығы қорқытады һәм қынжылтады. Баланың азамат болып жетіліп, тұлға ретінде қалыптасу жолында ата-ананың маңызы мен жауапкершілігі туралы жиі айтылады. Ал нақ осы тұста әке мен ананың салғырттығы қатты байқалады. Себебі «ұрпақ жалғарым» деп көкіректі көкке көтергенде жол бермейтіндер балаларының қандай контент көретінінен бейхабар. Үйдегі әке-шеше шектей алмаса, заң не дейді? Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев квадроберлерге байланысты заң шығару керек екенін айтты.
– Президент үнемі айтатындай, тәртіп пен заң керек. Бізде квадроберлерге байланысты заң шығару керек те шығар. Себебі бұл аурудың, яғни дерттің алдын алмасақ, ертеңгі күні өзіміз опық жейміз. Дәл осы квадроберлердің әрекетін құзырлы органдар тексеріске алу керек. Ал ата-аналарға айтарым, балаларыңызбен міндетті түрде сөйлесіңіздер, дос болыңыздар, араласыңыздар, көңіл бөліңіздер. Себебі мұның артында үлкен бір күштер де тұруы мүмкін. Балаларыңыздың жануарға айналуы ақылға қонымсыз нәрсе, бірақ мұндай жағдай болып жатыр. Мен сіздерге ескерту ретінде айтып отырмын. Сондықтан да барлығымыз бірге әрекет етейік. Мұның артында үлкен индустрия тұр. Елдер сол жануарға еліктеп, киімін киіп, құйрық жалғайды, тіпті тамағын да жейді екен. Бұл қоғам дерті, – деді ол.
Өзге мемлекеттердегі ахуалға тоқталсақ. Ресей ардагерлері ұйымы Ресейдің Бас прокуроры Игорь Красновқа әуестіктің таралуын тоқтату туралы, квадробингке байланысты тауарларды ірі маркетплейстерде және бөлшек сауда желілерінде сатудың заңдылығын тексеру, балаларды квадробингке тартуды қолдайтын ата-аналарға қатысты жауапкершілік шараларын енгізу туралы өтініш жолдады.
– Мұндай жұмыстар отбасылық құндылықтарды сақтауға, нығайтуға және қоғамды қауіпті ағымдардан қорғауға оң әсер ететініне сенімдіміз, – делінген Бүкілресейлік қозғалыстың үндеуінде.
«Ведомости» ұсынған деректерге сүйенсек, биыл онлайн дүкендерде квадроберлерге арналған заттарға сұраныс артқан. «Wildberries»-де «квадроберлер» деп көрсетілген 1218 және «квадробиктер» деп көрсетілген 14905 өнім бар.
Көрші Өзбекстанда квадроберлер ұсақ бұзақылық бабы бойынша 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін. Соңғы мәліметтерге сәйкес, Ташкентте ішкі істер министрлігінің қызметкерлері екі квадробердің ата-аналарымен профилактикалық әңгіме жүргізген. Оларға бала тәрбиелеудегі міндеттерін орындамағаны үшін 1,875 миллион сумға дейін айыппұл салынды. Ал Александр Лукашенконың айтуынша, Белоруссияда квадроберлермен ешқандай қиындық жоқ.
Жастар арасында «Қиын уақыт мықты адамдарды, мықты адамдар жақсы уақыт әкеледі. Ал жақсы уақыт әлсіз адамдарды, әлсіз адамдар қиын уақыт әкеледі» деген пікір танымал. Бұл қағида бүгінгі мәселені айқындағандай. Расымен, қоғамда адамның қолайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Ғылым, білім, әдебиет дамып, бар жақсы дүние біздің қолымызда түрса да, Абайдың «жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын» деп келетін өлеңінің кебін киіп отырмыз. Бүгінгі деградацияның себебі осыдан ба, қалай ойлайсыз?
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!